Қазақстан құрамасы Тәжікстан футболшыларынан да төмендеп кетті

Бүгін FIFA-ның ресми сайтында ұлттық құрамалар арасындағы қараша айының рейтингісі жарияланды.

29 Қараша 2018 17:23 Автор: Маруан Түсіп
Қазақстан құрамасы Тәжікстан футболшыларынан да төмендеп кетті,  FIFA, үздік құрамалар, рейтинг
Фото: kff.kz

Халықаралық футбол федерациясы ай сайын жаңартып отыратын ұлттық құрамалар рейтингінде Қазақстан құрамасы үш саты төмен сырғып, 120-орынға табан тірепті. Көрші елдерден тек Түркіменстан құрамасынан ғана жоғары тұрмыз. Ал өзбектер мен қырғыздар қара үзіп кеткелі қашан...

Қазан айының рейтингі жарияланғаннан бергі уақытта біздің құрама екі ойын өткізген болатын. Станимир Стоилов жаттықтыратын ұлттық құрамамыз «Ұлттар лигасы» аясында Латвиямен өз алаңымызда тең түсіп (1:1), түзде Грузия футболшыларынан ұтылып қалған-ды (1:2).

Жыл басында ұлттық құраманың тізгіні Болгария маманы Станимир Стоиловқа табысталғанда, дәл осы FIFA рейтингінде 100-дікке ену мақсат тұтылғандай еді. Алайда, ұлттық құрамамыздың жоғары өрлейтін түрі жоқ. Желтоқсан айында не боларын көре жатармыз.  

FIFA рейтингі. 29 қараша. Алғашқы ондық:

1 (1). Бельгия – 1727 ұпай
2 (2). Франция – 1726
3 (3). Бразилия – 1676
4 (4). Хорватия – 1634
5 (5). Англия – 1631
6 (7). Португалия – 1614
7 (6). Уругвай – 1609
8 (8). Швейцария – 1599
9 (9). Испания – 1591
10 (10). Дания – 1589
Бізден жоғары орналасқан бұрынғы «көршілеріміз»:
28 (27). Украина – 1482
48 (41). Ресей – 1424
76 (78). Беларусь – 1317
89 (92). Грузия – 1269
91 (90). Қырғызстан – 1264
95 (94). Өзбекстан – 1251
96 (98). Эстония – 1242
101 (101). Армения – 1222
107 (107). Әзербайжан – 1206
118 (118). Тәжікстан – 1161
120 (117). Қазақстан – 1159


127 (128). Түркіменстан – 1120
132 (132). Латвия – 1112
133 (129). Литва – 1111
170 (171). Молдова – 979.

Маруан Түсіп