Қазақстан құрамасын швед "қорғаны" да құтқармады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2638

Шайбалы хоккейден Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құрамамыз екінші рет ұтылып қалды.

Қазақстан құрамасын швед "қорғаны" да құтқармады Фото: icehockey.kz

Әлем чемпионатының Бірінші дивизионында ("А" тобы) бақ сынап жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы екінші рет ұтылды. Бұл жолы Словения хоккейшілеріне есе жіберіп алды. Өткен жолы Италия құрамасынан ұтылғанда, "мұз айдынға 16,5 сағаттан кейін қайта шығып, тынығып үлгермеді" деп едік. Бұл жолы айтарға сөз таппай отырмыз.

Ашығы, ел намысын қорғайтын хоккейші жігіттеріміз сенімді ақтай алмады. Жанкештілік жетіспеді. Бірінші бестікте ойнайтын "үздіктеріміз" мүлде көрінген жоқ. Соңғы екі ойында бірде-бір шайба сала алмады. Бүгін төрт рет артық құрамда ойнап, гол соға алмай, пұшайман болды.
Қайта, Әлихан Әсетов ойнайтын төртінші бестігіміз жарады. Олар екі гол соқты. Талантты жас шабуылшымыз, Әлиханды айтамыз, әуелі әріптесіне пас беріп, жағдай жасап, одан кейін өзі бір шайба салды (1+1). Енді бір голды екінші бестік соқты. Ең сорақысы, біздің құрама бұл ойында Словенияның қақпасына небәрі 23 соққы бағыттады.
Сенім артқан тасқамал қақпашымыз Хенрик Карлссонға не болғанын түсіну қиын. Қазақстан азаматтығын алған швед голкипері соңғы екі ойында сегіз гол жіберіп алды. Рас, алғашқы екі ойында қас шеберлік танытып, ұлттық құрамамызды жеңіске жетелеген. Өкінішке қарай, одан кейінгі екі матчта салы суға кетті. 
Әрине, біздің қақпаға кірген голдардың бәріне жалғыз Карлссон кінәлі емес. Қарсы команданың шабуылшыларынан көз жазып қалып, біздің қақпаны нысанаға алуға мүмкіндік беріп қойып жүрген қорғаушыларымыз қимыл-әрекеттері сын көтермейді. Бұл шептегі тәжірибелі ойыншыларымыздың өздері сенім үдесінен шыға алмай жүр.
Сонымен, Қазақстан құрамасы екінші рет ұтылды. Әйтсе де, келесі жылы Жоғарғы дивизионда ойнауға құқық беретін екі жолдамадан әлі де үмітін үзбейді. Бірақ үміт – көмескі, көңіл – күпті. Ол үшін бүгін түнде Польша құрамасын жеңу керек. Әрі мүмкіндігінше, ірі есеппен ұтса, жақсы болар еді. Ең бастысы, басты бәсекелестерінің де бір-бірінің жолын кесіп, ұпай жоғалтқандары қажет.
Әлем чемпионаты. 1-дивизион, "А" тобы. Төртінші күн

Венгрия – Польша – 3:2
Ұлыбритания – Италия – 4:3
Қазақстан – Словения – 3:5 (2:2, 1:2, 0:1)
Голдар: Верлич (Убрас, Голичич), 05:17 (0:1). Петухов (Әсетов), 06:37 (1:1). Гренц (Метальников, Евдокимов), 10:48 (2:1). Урбас (Верлич, Голичич), 15:47 (2:2). Верлич (Маговац, Саболич), 27:28 (2:3) – артық құрамда. Ковачевич (Ограеншек, Подлипник), 37:50 (2:4) – артық құрамда. Әсетов, (Петухов, Полохов), 38:04 (3:4). Верлич, 53:56 (3:5).

Қазақстан: Хенрик Карллсон; Кевин Даллмэн – Максим Семёнов, Роман Старченко – Иван Кучин – Евгений Рымарев; Артемий Лакиза – Леонид Метальников, Никита Михайлис – Дмитрий Гренц – Ярослав Евдокимов; Кирилл Полохов – Валерий Орехов, Антон Сагадеев – Владимир Маркелов – Павел Акользин; Әлихан Әсетов – Дмитрий Гурков – Егор Петухов.


 

Маруан Түсіп

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу