banner

Қазақстан машина жасау саласына 110 млрд теңге жұмсады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3549

Бюджеттен бөлінген қаржы қайтарымды негізде берілді.  

Қазақстан машина жасау саласына 110 млрд теңге жұмсады

Инвестициялар және даму министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2018 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгеден асып, өсім 13,8%-ды құраған. Саладағы өсімнің ең үлкен динамикасын автомобиль жасау секторына тиесілі болған. Соңғы 8 айда 117,7 млрд теңгеге 19 мыңнан астам автомобиль шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе артық.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың дерегінше, жыл соңына дейін 1 трлн теңгенің өнімі өндіріледі деген болжам бар. Бүгінде автомобиль құрастыру, электротехникалық машина жасау, аккумулятор өндірісі, ауыл шарауашылығы машинасын құрастыру салалары қарқынды дамып келеді.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Склярдың сөзінше, еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың бірқатары машина жасау саласына, жалпы қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде машина жасау саласын дамытуға барлық қаржы көздерінен 110 млрд теңге жұмсалған. Қаржы қайтарымды негізде берілген.

"Мысал ретінде жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасын алуға болады. Бүгінде аталған бағдарламаға 40 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Тұтынушыларға 61 млрд теңге  несие берілді. Біз аталған бағдарлама арқылы отандық машина жасау саласын қолдаймыз. Тиісінше бұл фактор саладағы өсімді жақсартады. Тағы бір атап өтерлігі, машина жасау саласында жұмыс істейтін түрлі кәсіпорындар  отандық үлесті 51%-ға дейін ұлғайтты", – деді Роман Скляр "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатында.

Бірінші вице-министрдің сөзінше, машина жасау еліміздің индустриялық-инновациялық дамуында басымдыққа ие сала. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында машина жасау қарқынды дамыған салалардың қатарына қосылды. Деректерге сүйенсек, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 2010 жылы 376 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 870 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Яғни өндіріс көлемі екі есе өскен. Осы орайда  өңдеу өнеркәсібіндегі отандық машина жасау саласының үлесі 9,7%-дан 14,8%-ға дейін артқан. Жалпы индустрияландыру аясында бұл салада 100-ден аса жоба жүзеге асырылды.

Мейрам Пішембаевтың айтуынша, отандық машина жасау саласын одан әрі дамыту мақсатында 2019-2030 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленген.

Еске сала кетейік, бүгін Астана қаласында VI Қазақстан машина жасаушыларының форумы басталды. Форум жұмысына АҚШ, Германия, Италия, Ресей, Түркия, ҚХР секілді әлемнің 20 елінен 1000-нан астам делегат қатысуда. Екі күндік шара Индустрия 4.0 тақырыбына арналып отыр. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу