Қазақстан мен Мысыр Бейбарыс мұрасына қатысты келісімге келді

4347

​Мысырдың астанасы Каирде Бейбарыс Сұлтан мешітін қалпына келтіру жұмыстары қайта басталды.

Қазақстан мен Мысыр Бейбарыс мұрасына қатысты келісімге келді

Бұл туралы бүгін еліміздің сыртқы істер министрлігі хабарлады. Ведомство сонымен бірге ұзақ жылға созылған дау-жанжал да тәмам болғанын мәлім етті.

Мысырдың Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Ананидың айтуынша, Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың мешіті Мысыр астанасы әл-Қаир қаласындағы екінші ең ірі мешіт болып саналады. Сондықтан бабамыздың мұрасы бұл ел үшін тарихи маңызды нысан, ал саяси тұрғыдан Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық қатынастардың рәмізі болып табылады.

"Бейбарыстың кіндік тамған жері саналатын Қазақстан халқы мен басшылығы жобаның аяқталуына үлкен мән беріп отыр. Бұл Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сисидің 2016 жылғы ақпанда Астанаға жасаған сапары барысында екі мемлекеттің басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың бірі", – деп мәлімдеген мысырлық министр оны орындау өздерінің басты назарында болатынын нықтады.

Оның дерегінше, бұған дейін жобаның археологиялық және архитектуралық зерттеулері, сондай-ақ нысанның іргетасын қалау және жерасты жұмыстары аяқталған.

"Енді ары қарайғы жұмыс барысында мешіттің күмбезді бөлмелерін, дәліздерін, күмбезін, мұнараларын, орталық алаңын және сыртқы қабырғаларын жөндеу жұмыстары іске асырылады. Жобаны техникалық қадағалауды мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді. Бұл комиссия мешіттің ішкі бағаналарына бұған дейін пайдаланылған қызыл кірпіштерді жарамсыз деп тауып, өзінің түпнұсқасына көбірек ұқсас жоғары сапалы граниттік қыштар пайдаланылатын болды", – дейді Мысырдың Көне ескерткіштер министрі.

Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың символына айналған Ұлы дала ұланы Сұлтан Бейбарыстың мешітіндегі реставрациялық жұмыстардың қайта басталғанын қуана қарсы алғандарын айтады. Ол осыған орай еліміз атынан Мысырдың президенті мен үкімет басшылығына алғыс айтыпты.

"Ортақ мұрамызды сақтауға деген Мысыр басшылығының қамқорлығын біз жоғары бағалаймыз. Бұл – Мысырды мұсылман әлемінің орталығына айналдырған, ал Каирді Аббасид халифатының астанасына дейін көтерген кемеңгер тұлғамыз Бейбарыс Сұлтанның дәуірінен мирасқа қалған тарихи ескерткіш. Ол жақын арада қайта қалпына келтіріледі және Мысырдың мұсылман әлеміндегі ерекше рөлінің, Таяу Шығыстағы беделі мен абыройының тағы да бір рәмізіне айналарына сенімдіміз", – дейді қазақстандық дипломат.

Қазақстан шетелде мәдени объектілер салуға ХХІ ғасырдың басында кіріскен болатын. 2007 жылы еліміз Сирия астанасы Дамаскідегі Бейбарыс Сұлтан кесенесін қайта қалпына келтіруді, осы ежелгі Шам шаһарында даңқты бабамыз әл-Фарабидың тарихи-мәдени орталығы мен кесенесін салуды, мысырлық Каирде Бейбарыс Сұлтан мешітін қалпына келтіруді қолға алып, қаржы бөлді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы шет мемлекеттің аумағында тұрғызылған тұңғыш ірі мәдени объектілеріміз болып есептеледі. Бұл ескерткіштердің барлығы тек Қазақстан, Сирия және Мысыр үшін ғана емес, сондай-ақ бірқатар Шығыс және Еуропа елдері үшін де зор тарихи-мәдени маңызға ие.

Мысырлық тарихшылардың айтуынша, Бейбарыс билік құрған 1260–1277 жылдар аралығында жергілікті жұртшылық кейбір көнеқазақ-көнеқыпшақ салт-дәстүрлерін сақтаған, қазақтың тағамдарын тұтынған. Сұлтан Бейбарыс сол дәуірдің озық сәулет үлгісіндегі көптеген үлкен нысандар, көрнекті мешіт пен қорғандар тұрғызды. Соның бірі 1267 жылы Бейбарыстың әмірімен бой көтерген аумағы 10 шаршы метр болатын зәулім мешіт. Сегіз ғасыр ішінде оның биік бағаналары сол күйі сақталған екен. Ал басқасы күрделі жөндеуге зәру болған.

Сондықтан Қазақстанның ілгерілетуімен 2007 жылдан кейін құрылыс жұмыстары басталған. Алайда Мысырда туындаған саяси-экономикалық ахуалға, революциядан кейінгі күйзелістерге байланысты бұл іс тоқтатылған. Оның үстіне бас мердігер көп ақша сұратып, жөндеуді доғартып қойған.

Кезінде осы мешітте реконструкциялау жұмыстарына қазақстандық тараптың атсалысуына ықпал еткен Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс атындағы қоғамдық қор президенті Сапар Ысқақов кейін Каирге қайта оралып, жұмыстардың барысына қанығуға ұйғарғанын айтады.

"Ішінде не болып жатқанын өз көзіммен көрдім: кейбір құрылыс материалдары ғана жатыр, қалғаны быт-шыт күйде. Жергілікті тұрғындармен тілдестім, олар да құрылысты жүргізген құрылысшылардың тірлігінен түңіліп, оларға "ұяты жоқтығын, он жыл бойы түк бітірмегендерін" айтып, ренжіп жатты", – дейді Сапар Ысқақов.

Бұл ретте Қазақстан бөлген миллиондар жерасты суынан қорғайтын жүйе салып, іргетасты қайта құюға, мешіт қабырғаларын қалпына келтіруге жұмсалып қойылған. Бірақ бұл істі аяғына дейін жеткізіп, әлем жұртшылығына ұялмай ұсынылатын сәулет туындысы деңгейіне дейін жеткізуге әлі көп жұмыс бар көрінеді.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, мешітті реставрациялау жобасының қазіргі жалпы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 4,5 миллионын Қазақстан үкіметі кезінде бөлді. Мысыр болса, қоса қаржыландыру мақсатында 100 миллион египеттік фунт (шамамен 5,6 миллион доллар) аударған.

Қазақстан елшісі Арман Исағалиевтың айтуынша, бас мердігер мен Мысырдың Көне ескерткіштер министрлігі арасында жобаның құнына қатысты бұған дейін болған даулар Мысыр премьер-министрінің жеке араласуы арқасында шешімін тапты. Жаңа қаржыландырудың бірінші траншын осы елдің Уақыптар министрлігі, ал қалған бөлігін Көне ескерткіштер министрлігі аударады.

Мешітті қайта қалпына келтіру 18 ай ішінде бітеді деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу