Қазақстан шетелден қарыз алудың оңтайлы нұсқасын іздеуде

2648

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан экономикасының шынайы жағдайын инвесторлар бағалайды дейді. 

Қазақстан шетелден қарыз алудың оңтайлы нұсқасын іздеуде

– Бақыт Тұрлыханұлы, бүгін Қазақстан үлкен гонгты нән балғамен ұрып, дабылдатып, "Астана" халықаралық қаржы орталығын іске қосты. АХҚО-ны басқарушы Келімбетов мырза оны мақтап жатыр. Ал еліміздің бас экономисі ретінде бұл орталықтың қарапайым халыққа қандай пайдасы бар деп ойлайсыз?

– Халыққа пайдасы, сөзсіз, бар. Бізде "қаржыңды сал" десе, халық банктерде депозит ашуды біледі. Банктерге сенбейтіндер де жоқ емес. Демек, тек байлар ғана емес, әр азамат осы қорға қатысып, өзінің кішігірім жинақтары болса, оны жастықтың астына баспай, не шкафқа тықпай, осында инвестициялап, дұрыс қолдана алады. 

Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біз, әр қазақстандық жалақысы мен табысынан айлап жарна құйып жатырмыз. БЖЗҚ-дағы сол триллиондарды да инвестициялап, табыс табатын құралдар керек.

Осының бәріне қаржы орталықтары көмек жасайды. АХҚО-ның басты мақсаты бағалы қағаздар нарығын дамыту және отандық капитал нарығын халықаралық нарықтарға интеграциялауды қамтамасыз ету болып табылады. Дәл осы өзара әрекеттестік бізге ғаламшардағы кеңауқымды аймақтардың инвестициялық өтімділігіне қол жеткізуімізге мүмкіндік береді.

Астана халықаралық қаржы орталығы арқасында енді елордамызға ірі инвесторлар, белді компаниялар, халықаралық банктер, дәулетті қорлар келіп, жұмыс жасайды. Олар жергілікті өнімдер мен қызметтерді де тұтынады, қаржы жұмсайды. 

Қазір шағын бизнеспен айналысатын қазақстандықтар көп қой, олар да осы АХҚО-ға келіп, шағын кәсібін өркендетуге ақша тарта алады. Облигациялар арқылы, акцияларын сату арқылы. Осындай мүмкіндіктер ашылуда. Бұл бизнестің дамуына да жаңаша жол ашады, бұдан бөлек, қарапайым азаматтар да қорлар арқылы үлеске ие болып, пайда табу құралдарына қол жеткізеді.   

– Үкімет сіздің қаржы министрлігі шығаратын мемоблигациялар енді АХҚО-да да орналастырылатынын мәлімдеді. Одан қандай нәтижелер күтіп отырсыздар?

– Қазір осы бағытта біздің министрлік тарапынан да, Ұлттық банк тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Біз осы арқылы жаңа биржаға қолдау көрсетпекпіз. Сондай-ақ қайтарым да күтеміз. Осы мақсатта шетелдік инвесторлардың қазақстандық нарыққа молынан келуіне жағдай жасалады. Олар үшін Астана қаржы орталығы нарығына қатысу, жаңа биржамызда өз қаржыларын акцияларға ауыстыруы оңай, ыңғайлы болады.

Бұл ретте басты бір оң көрсеткіш – құнды қағаздардың ішкі нарығында шетелдік инвесторлардың қатысу үлесі болады.

Біз бұған дейін де нарыққа үлкен көлемде облигациялар шығарып қойғанбыз. Құнды қағаздардың жаңа шығарылымы да күтілуде. Оның бәрін ретке келтіріп жатырмыз. Олардың үлкен бөлігін шетелдік инвесторлар сатып алуына мән береміз.

Нәтижесінде, Қазақстанның мемлекеттік қарызының құны нарықтық жолмен қалыптастырыла бастайды, бұл тиісінше экономикадағы ақшаның құны да тікелей нарыққа тәуелді болуына әкеледі. Яғни, басқаша айтқанда, Қазақстандағы экономикалық жағдайға, оның дамуына төнген тәуекелдерге, сондай-ақ біздің ұлттық валютамызға халықаралық инвесторлар нақты, шынайы баға беретін болады. 

Бұл өте маңызды мезет! Өйткені осылайша, Қазақстан экономикасы, отандық қаржы секторы халықаралық экономикалық-қаржылық жүйеге кірігудің, интеграцияланудың жаңа белесіне көтеріліп отыр.  

– Кейбір мемлекеттер облигациялар шығару арқылы қарызға өмір сүре беретіні мәлім. Мысалы, әлем елдері бүгінде 21 триллион долларға АҚШ-тың мемоблигацияларын, яғни қарыздық құнды қағаздарын сатып алыпты. Дегенмен, Қазақстанның мемлекеттік борышының өсуіне халық та, сарапшылар да мазасыздана қарайды. Жаңа жағдайда бұл мәселе қалай шешілмек?

– Біз "Мемлекеттік борышты белсенді басқару бағдарламасын" әзірлеп шықтық.  

Айта кетсек, 2017 жылы Қаржы министрлігі жалпы сомасы 1,6 триллион теңгеге мемлекеттік орта мерзімді және ұзақ мерзімді құнды қағаздарды саудалады. Өткен жылы мемлекеттік борыш 2 триллион теңгеге ұлғайды және 2018 жылғы 1 қаңтарда 13,5 трлн теңгеге жетті, бұл 40,6 млрд долларға тең.

Бірақ мемлекеттің өзі төлеуге тиісті борышы әзірге қауіпсіз деңгейде тұр және оның жағдайы қауіп тудырмайды. Мәселен, табысқа шаққандағы борыш үлесі 8,8%-ды құрады, ал шектеу 15%-ға дейін жеткізе беруге рұқсат етеді. Оның үстіне мемборыш деңгейі бойынша Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі өз тұғырын жақсарта алды. Кейінгі жылда еліміз бірден 6 тұғырға биіктеп, 137 ел арасында 17-ші орыннан 11-ші орынға шықты.

Мемлекеттік облигациялар шығарусыз даму да күрделі, олар бюджетке құйылады.

– Сарапшылар АХҚО-дан бюджетке түсетін салықты мардымсыз деп жатыр, себебі, ол шетелдіктерге, өз қатысушыларына қаптатып салықтық жеңілдіктер мен преференциялар беруде. Бұл жай ғана қаржы жасыратын офшорға айналып кетпей ме?

– Рас, орталықтың салықтық жеңілдіктері бар. Ол жеңілдіктер осы қаржы орталығында жұмыс жасайтын ұйымдарға өзге биржалардан АХҚО-ға ауысу шығындарын азайтуы үшін керек.

Біз білетін офшорлар кіріс пен шығысты жабуға пайдаланылады. Біздің Астана халықаралық қаржы орталығы осы проблема бойынша барлық тексерістерден өтті. Бұл жағынан онда ешқандай проблема туындамайды деп қадап айтуға болады.

– АХҚО-ның халықаралық тұсаукесеріне қатысқан Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар "Қазақстан исламдық қаржыландыру көшбасшысы" деп жариялап та жіберді. Сіздер Сукук құралының көмегімен исламдық қаржыландыруға баса мән бересіздер ме?

– Біз қаржыландырудың кез келген түрінің мүмкіндіктерін қарастырамыз. Сукук та, Қытай нарығы да, еуро нарығы да, көрші Ресей де біздің назарымызда болады. Тіпті жапондық "самурай бондтарды" да көңілден тыс қалдырмаймыз. Бұл біздің мемлекеттік құнды қағаздарға ақшаларын салатын инвесторлар желісін кеңейту үшін қажет. Өз экономикамызға, мемлекетіміз жүргізіп жатқан саяси-экономикалық реформаларға келер тәуекелдерді объективті бағалау, шынайы салмақтау үшін де біз осы салада көпбағдарлы саясатты ұстануға тиіспіз.   

Сонымен қатар бұл отандық бизнеске де өздері үшін осы халықаралық алаңқайларды ашуға мүмкіндік береді. Олар осы арқылы өз жобалары үшін жеңіл, арзандау қаражат таба алады.

Қаржы министрлігі шетелдік капитал нарығынан қаржы тартудың барлық ықтимал нұсқаларын қарауда. Біз қазір шетелден қарыз алудың анағұрлым оңтайлы нұсқасын іздеудеміз.

Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі Астана қаржы орталығында өз дебютін өткізуді, бұл үшін теңгедегі еурооблигацияларды, рублдік облигацияларды, сукук және басқа да қаржылық құралдарды шығару шығару жайын пысықтауда.

Ел үкіметі 2018 жылы шамамен 300 млн доллар көлемінде тәуелсіз сукуктарды шығаруға дайындық жұмыстарын бастады.

Сондай-ақ, АХҚО биржасында орналастырылғалы отырған 1 миллиард долларға баламалы сомада еурооблигацияларды шығаруды жоспарлап отырмыз.

– Халық тағы да шетелдік валютаның қымбаттауына алаңдаулы. Доллар бағамының бір ай ішінде 333-тен 344 теңгеге дейін көтерілуі нарыққа соққы болып тиюде. Мәселен, жұртшылық ұялы телефондардың, тұрмыстық техникалардың, басқа да шетелдік ірі тауарлар мен өнімдердің бірден ондаған мың теңгеге шығандап кеткенін байқауда. Көрші Ресей сарапшылары футбол чемпионаты бітісімен, яғни 1 миллиард доллардан астамға рубль сатып алған шетелдік жанкүйерлер кетісімен, рубль күрт құнсызданады деп болжауда. Бас экономист ретінде бұл жағдайға қандай баға берер едіңіз?

– Валюта бағамының құбылуы Қазақстан ұстанатын қазіргі жаңа тәсілдерге байланысты. Біз теңгені еркін айналымға жібердік. Ендеше енді ұлттық валюта бағамына ішкі де, сыртқы да факторлар әсер етіп отырады.

Бұл тұтастай алғанда, экономикаға да өз ықпалын жасайды. Сондықтан экономикалық, монетарлық саясат та қажеттілігіне сай өзгеріп тұруға тиіс деп санаймын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу