Қазақстан туризміндегі үш кемшілік

Туризм саласы қазіргі таңда экономиканың өзге секторлары секілді инновациялық технологияны пайдалануға мұқтаж.

10 Ақпан 2017 18:43 Автор: Бауыржан Мұқан
Қазақстан туризміндегі үш кемшілік, Қазақстан туризмі,туризм,ЭКСПО-2017

Дүниежүзілік туризм және сапар кеңесінің (World Travel & Tourism Council, әрі қарай WTTC) мәліметінде туризм индустриясы бағасын белгілейтін статистиканың негізгі параметрлерінің бірі екі түрлі шығынмен есептелетіні айтылады. Олар туристік тұтынудың ішкі шығыны мен халықаралық туристік шығын болып бөлінеді.

WTTC ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде 2015 жылы ішкі туристік тұтыну шығыны 4,4 АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде Қазақстанның ішкі туристік көрсеткіші де бар. Әсіресе Қазақстанның ішкі туристік тұтыну көрсеткішін қамтамасыз етуші фактор – іскерлік туризм мен демалыс туризмі. Ал халықаралық туристік тұтыну шығынына жататын шетелдіктердің туристік шығыны Қазақстан үшін негізінен іскерлік туризммен және жеке бас мақсаттарымен қамтамасыз етіледі.

Жалпы осы екі көрсеткіш бойынша Қазақстанның туристік нарығы 2015 жылы 1,6 млрд долларға тең болды. Соның ішінде 5 млрд доллар таза демалыс мақсатында келген туристер есебінен кірсе, қалған 10 млрд доллар іскерлік туризмге тиесілі.

Сонымен қатар ел экономикасына туризм секторының қаншалықты кіріс әкелетінін есептеудің бір жолы – ЖІӨ бойынша бұл сектордың үлесін анықтау. WTTC ұйымы бұл тұрғыда жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін анықтаудың екі жолын ұсынады. Біріншісі – ЖІӨ-ге туризмнің тікелей пайдасы. Онда туризм саласына тікелей байланысты туристік операторлар, қонақ үй қызметтері, көлік-тасымал саласы, дәмхана, ұйымдастыру мекемелері секілді секторлардың қаржы айналымы ескеріледі. Осы көрсеткіш бойынша 2015 жылғы Қазақстанның тікелей туризм секторларының пайдасы 3 млрд АҚШ долларына тең болған.

Екінші категория ЖІӨ-дегі туризмнің жалпы үлесі. Мұнда туризм ел экономикасына жанама секторлар арқылы пайда әкеледі. Мәселен, салаға тартылған инвестиция, нарықтық емес қызметтерге (туризм саласына мемлекеттік қолдау, салаға жарнама тарту, туристік ақпараттық орталық қызметтері) мемлекеттік «ұжымдық» шығындар туризм саласының жанама табысы саналады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алдыңғы жылы ЖІӨ-ге 9,9 млрд доллар салған.

Бизнес туризмге келер болсақ, осы уақытта бұл сектордың шамасы 916,1 млн АҚШ долларына теңескен. Оның ішінде ҚР азаматтарымен қатар шетелдік іскер адамдардың да сапары ескерілген.

«Соңғы жылдары Қазақстанның туристік әлеуетінің артып келе жатқаны байқалады. Оған бірнеше факторлар әсер етті. Шетелдермен виза режимін жеңілдету шаралары осы орайда оң нәтиже береді деп айта алар едім. Оған қоса Қазақстанда ұйымдастырылып жатқан немесе жоспардағы бірнеше спорттық және мәдени ісшара дәл қазір нақты нәтиже бермегенімен, алдағы уақытта салаға үлкен көмек болмақ. Әрине бұл тұрғыда ЭКСПО-2017 көрмесінен күтеріміз мол. Алайда ЭКСПО халықаралық шара болғанымен, оған келетін қонақтардың 85 пайызы, ұйымдастырушы компанияның мәліметіне сәйкес, Қазақстанның өз азаматтары екенін ескерсек, халықаралық көрме елдің сыртқы туризмінен гөрі ішкі туризміне серпін бермек», – дейді «Sabre Travel Network Central» компаниясының директоры Павел Спицын.

Сарапшы туризм саласы қазір экономиканың өзге секторлары секілді инновациялық технологияны пайдалануға мұқтаж екенін айтады.

«Туризм саласы өзге секторлар сияқты сандық технологияның игерілуін қажет етеді. Әсіресе, әуе билеттерін брондау, қонақ үй жалдау, мейрамханаға жазылуда бүгінгі туристер тым талғампаз келеді. Сондықтан Қазақстандағы ең ірі деген туристік компаниялар мен салаға көмекші секторлар жаңа технологияларға инвестиция салғаны абзал. Ең болмағанда, осы салада әлемде көшбасшы компаниялардың тәжірибесін пайдаланып, қызметін тұтынуы керек. Мәселен Uber такси қызметінің Қазақстанға кіре бастауы шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасап отыр», – дейді маман.

Және бір айта кетерлігі, дәстүрлі туризм төртінші өнеркәсіптік төңкерісте сұраныстан шығып қалуы мүмкін екені туралы сарапшылардың болжамы бар. Осы орайда Павел Спицын виртуалды реалдың әлеуетін жоғары бағалайды. Қазіргі таңда көптеген дамыған мемлекет виртуалды реалды тіпті бөлек бір сала ретінде дамытып келеді. Елдің ең көрнекті орындарының виртуалды нұсқасын шығарып, ақылы-ақысыз қызметтер арқылы сырттан көрсетіп пайда табады.

«Жалпы экономиканың кез келген саласы секілді туризмнің де болашағын технологиясыз елестете алмаймыз», – дейді сарапшы.

Сөз соңында Павел Спицын Қазақстандағы туризмнің кенже қалып тұрған тұсы ретінде ең алдымен инфрақұрылымның жоқтығын айтты. Оған қоса сала мамандары біліктілігінің төмендігі де шетелдіктердің елімізге қыдырып келуіне кедергісін келтіріп жатқан көрінеді. Ал үшінші кемшілік – тіл мәселесі. Нақтырақ айтсақ, әлемдік брендтерді санамағанда, әдеттегі туристік нысандар мен қонақ үй, мейрамхана қызметкерлерінің шет тілге шорқақтығы саланың және бір кемшілігі.