Қазақстан жұмыртқа өндірісінде әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылды

Біздің ел жан басына шаққандағы жұмыртқа өндірісі бойынша әлемде төртінші орынға шықты.

15 Қыркүйек 2018 11:17 Автор: Жанат Ардақ
Қазақстан жұмыртқа өндірісінде әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылды, жұмыртқа, тауық, құс шаруашылығы, өндірушілер

Ауыл шаруашылығы министрлігінен көп қайыр болмағанына қарамастан, отандық өндірушілер рекорд орнатып, елді жаһандық биіктерге сүйреуде. 2015 жылы Қарағанды облысындағы Карл Маркс атындағы құс фабрикасы азығы болмағандықтан, 150 мың тауықты тегін таратып, аштықтан әбден азған тауықтар жолай қырылғанда, сондай-ақ Қарағанды, Батыс Қазақстан және басқа да өңірлерде несие батпағына белшеден батқан бірнеше фабрика «ауыр қаржылық жағдайы» туралы жариялағанда, бұл сала жұртшылықтың көз алдында жайрап бара жатқандай көрінген.

Бірақ сала қайтадан еңсесін тіктеп, төрт аяққа тең тұрғанға ұқсайды. Нәтижесінде, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Мәселен, жан басына шаққандағы өндіріс бойынша дүниежүзінде бірінші орында Қытай (1 тұрғынға шаққандағы өндіріс 385 жұмыртқаны құрайды), екінші орында АҚШ (303), үшінші орында Ресей (294) тұрса, «бестікке» жан басына шаққандағы 280 жұмыртқа өндіру көрсеткішімен Қазақстан кірді. Бұған әрине, өндірістің өсуімен бірге, әлгі алпауыттарға қарағанда еліміздегі халық санының аздығы да ықпал еткені сөзсіз. 

Мұны басқа деректер растайды: көлемі тұрғысынан келсек, көрсеткіш шағындау. Қазіргі кезде елімізде жыл сайын 5 миллиард дана жұмыртқа шығарылады. Салыстыру үшін айта кетелік, 2017 жыл қорытындысында ҚХР 530 миллиард, Америка Құрама Штаттары 101,95 миллиард, Үндістан 82,93 миллиард, Мексика 54,4 миллиард, Бразилия 45,79 миллиард, ал Ресей 43,09 миллиард жұмыртқа өндірді.

Әйткенмен, мемлекетіміздің бұл саладағы түғыры алда тек биіктей береді деген үміт бар. Бұл үміт ақталуы үшін ел Үкіметі Қазақстанда құс шаруашылығын дамытудың 2027 жылға дейінгі ұлттық бағдарламасын құптады. Аталған онжылдық бағдарлама құс еті бойынша ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, саланың экспорттық әлеуетін арттыруға, құс шаруашылығын кешенді, орнықты дамытуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Үкімет осы құжатқа сәйкес, он жыл ішінде құс етінің өндірісі көлемін 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін, ал азық-түлікке пайдаланылатын жұмыртқаны қазіргі 5 миллиард данадан 7,5 миллиардқа дейін ұлғайтуға міндеттеме алуда.

Бұл жетістіктер өзінен-өзі келмесі анық, ол жолда жұмыстар атқарылуы керек. Сондықтан бағдарлама бойынша біріншіден, «әралуан үй құстары түрлерінің өнімділігі жоғары әрі технологиялық кросстары (тек-тұқымдары) мен гибридтерін шығару», екіншіден, «әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи асыл тұқымды құс шаруашылықтарын құру» көзделуде. Бұған қоса, «жаңа кәсіпорындар тұрғызу, қолданыстағыларының өндірістік базасын жаңарту, реконструкциялар жүргізу және жаңғырту» жоспарланған. Мұның сыртында отандық үй құстарының ет және жұмыртқа беру өнімділігін арттыруға, оларды тек шикізат түрінде өткізе бермей, терең өңдеп, сан-салалы өнімдер алуға, сөйтіп, саланың өнімдер ассортиментін кеңейтуге мән беріледі.       

Бағдарлама негізінде «ішкі нарықты қорғау» және «биоқауіпсіздік тәуекелдерін төмендету» шаралары қолға алынады. Бұлар біздің өндірушілер үшін маңызды мәселелер саналады, себебі, жаһандық біраз нарықтан айырылған көрші Ресей арзан әрі сапасыз құс етімен және жұмыртқамен қазақстандық нарыққа шабуылын үдетуде.

Еліміздің құс шаруашылығы нақтылы мемлекеттік қолдауға да зәру. Қазақстан құс өсірушілері одағының мәліметінше, ауыл шаруашылығы министрлігі салаға бөлінген субсидиялардың қайда, нақты кімдерге кетіп жатқанын айта алмаған. Бұл ретте жаңа онжылдық бағдарламада «тікелей субсидиялауды кезең-кезеңмен төмендету» белгіленуде.

Оның орнына мемлекеттік қолдау басқа бағыттарға бағдарланбақ. Мәселен, құс өсірушілердің өндіріске, соның ішінде терең өңдеуге салған инвестициялық шығындарының бір бөлігін өтеуге қосымша 121 миллиард теңге бөлінетін болды. Бұдан бөлек, жанама субсидиялауға, яғни сыртқы инфрақұрылыммен сүйемелдеуге, отандық өндіріс шикізатының негізгі түрлерін тасу үшін темір жол тарифтерін төмендетуге 48 миллиард теңге арна тарпақ.

Сонымен бірге, енді ел Үкіметі алда құс өсірушілердің ветеринарлық тәуекелдерін де сақтандыруды субсидиялай бастайды.

Бұл шаралар келесідей экономикалық және әлеуметтік тиімділіктер әкеледі деп жоспарлануда. Біріншіден, құс етінің өндірісі қазіргіден бірден 560 мың тоннаға немесе төрт есеге, соның ішінде құс етінің экспорты 150 мың тоннаға, ал жұмыртқа өндірісі тағы 2,5 миллиард данаға немесе 1,5 есеге, соның ішінде жұмыртқа экспорты 1,5 миллиард данаға артуға тиіс. 

Екіншіден, құс шаруашылығы саласының жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 370 миллиард теңгеге немесе қазіргіден 1,8 есеге ұлғаймақ. Үшіншіден, құстар еті мен жұмыртқасын жаһандық нарықтарға өткізуден түсетін экспорттық табысты 750 миллиард теңгеге дейін жеткізіп, 9 есеге көтеру жоспарлануда. Нәтижесінде, ел қазынасына құйылатын салықтық түсімдер көлемі 2,5 есе өсіп, 200 миллиард теңгені құрайды деп белгіленуде. Сондай-ақ саладағы жұмыс орындарының саны 2 есеге көбейіп, жаңадан 12 мыңдай жұмыс орны ашылуға тиісті. 

Айта кету керек, қазақстандықтардың құс өнімдерін тұтыну көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жыл қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы құс етін тұтыну 19 келіні құрады. Салыстыра кетсек, 2008-2009 жылдары әр қазақстандық жыл сайын орташа есеппен, 12 келі ғана тауық, қаз, үйрек не күркетауық етін жейтін. Бұл өсімге еттің басқа түрлерінің әлдеқайда көп қымбаттауы және күйзелген бұқара халық үшін қолжетімді болмауы әсер етсе керек.

Өз кезегінде сала мамандары құс өнімдерінің өзіндік құнын есептеп, ондағы шығындардың үлесін анықтап шықты. Мәселен, азық-жем шығындары бірінші орында тұр және құс етінің әр келісінде 270 теңге үлеске ие. Одан кейінгі үлкен шығын басқарушылар мен жұмысшылар жалақысына жұмсалады және ол әр келіге шаққанда 34 теңгеге тең. Құс етінің әр келісінде әкімшілік шығыстар мен сату-нарыққа өткізу бойынша шығындарға 24 теңге, жұмыртқалайтын тауықтар үйірінің амортизациясына (биоактив) 21 теңге, энергиялық ресурстарға 20 теңге, биоқауіпсіздікке 18 теңге, қаптаушы, құтылаушы заттарға 17 теңге, негізгі құралдардың амортизациясына 16 теңге, банктік несиелер бойынша төлеуге 15 теңге, материалдарға 7 теңге, өзге де шығындарға 9 теңге тиесілі. Сонда құс етінің әр келісінің өзіндік құны 451 теңге тұратын көрінеді.

Азық-түліктік жұмыртқада да азық-жем еншісі аса үлкен: ол 1 жұмыртқаға бірден 10,8 теңге қосады. Қалғандары «жабылып жүріп», оның деңгейіне де жете алмайды: мәселен, еңбекақы төлеу шығыстары әр жұмыртқада 1,8 теңгеге, әкімшілік және сауда шығыстары 0,5 теңгеге, ата-аналық үйірдің, яғни басты биоактивтің амортизациясы 1,6 теңгеге, энергиялық шығындар 0,7 теңгеге, биоқауіпсіздік шаралары 0,3 теңгеге, қаптамалар 0,7 теңгеге, негізгі құралдар амортизациясы 1,1 теңгеге, банктік пайыздар 0,7 теңгеге, материалдар 0,2 теңгеге жетеді. Сонда әр жұмыртқаның өзіндік құны орташа есеппен елімізде 18,5 теңгеге жетеді.

Мемлекеттің қолдауынсыз, бюджеттен субсидиялармен демеусіз, мұндай қымбат өзіндік құнмен нарықта бәсекеге қабілетті болу күрделі дейді сарапшылар.

Жанат Ардақ