Қазақстанда "жасыл" қаржы нарығы пайда болуы мүмкін бе

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3000

Сарапшылар елімізде алғашқы "жасыл" облигацияларды шығаруға дайындықтың барысына баға берді.  

Қазақстанда "жасыл" қаржы нарығы пайда болуы мүмкін бе

Соңғы уақытта "жасыл энергия", "жасыл стандарт", "жасыл технология" деген ұғымдармен жиі жолығып, олардың мағынасына терең бойлай бастадық. Ал "жасыл облигацияның" өзге облигациялардан айырмашылығы неде?

"Жасыл облигациялар" атауын иемденген бағалы қағаздарды алғаш рет әлем бойынша 2007 жылы Еуропалық инвестициялық банк шығарған болатын. Бастапқы бес жылда бұл бағалы қағаздың бағы ашылмай, бұл нарықтың бағасы төмен саналды. Яғни, 2012 жылы оның жиынтық көлемі 3 миллиард долларды құраған болатын. Бірақ, осы 2012 жылдан кейін "жасыл" облигациялардың айы оңынан туып, күрт өсе бастады. 2017 жылы оның жалпыәлемдік шығарылымы 155 миллиард долларға дейінгі өсімді құрады. Бұл бағалы қағаздың өсуіне бір ғана себеп еді. Әйтеуір, әлем елдеріне "жасылдардың" экологияға қысым көрсетуді қысқарту керектігі туралы үндеулері жеткен еді. Сонымен, "жасыл" облигацияның өзге облигациялардан айырмашылығы не дейтін болсақ, бұл облигациялар сатылымынан түскен қаражаттар экологиялық сауықтыруға арналған жобаларға жұмсалады. Атап айтсақ, жаңартылған энергетика, энергиялық тиімділікті арттыру, экологиялық таза көлік немесе көміртекті экономиканы дамыту сияқты тағысын тағы жобалар.

"Жасыл" қаражатты тарту бойынша Қытай бүгінгі таңда алдыңғы орында. 2016 жылдың өзінде бұл елде 23 миллард долларға жуық "жасыл" облигация сатылған. Мұндай нәтижеге, көміртек газ шығындарын азайтуға қатысты қытай үкіметі  жүргізген саясаттың арқасында қол жеткізіліпті. Ал өзге елдерде мемлекеттің қызығушылығы корпоративтік трендермен қайшы келіп отыр. 2017 жылдың маусымында АҚШ Климат жөніндегі Париж келісімінен шығатыны туралы мәлімдеген болатын. Алайда, бұл Apple корпорациясына өткен жылы 1 млрд долларға "жасыл" облигацияны орналастыруға кедергі бола алмады. "Жасыл" облигацияларға исламдық қаржы нарығы да қызығушылық танытуда. 2018 жылдың ақпанында бірінші рет 3,75% кіріспен "жасыл" сукук, яғни исламдық облигация шығарылды. Эмитент ретінде танылған Индонезия, өз кезегінде 1,25 млрд доллар тарта алды.

"Мұндай экологиялық бастамалардың алға жылжуы көбінесе саяси ерікке байланысты", – деп тұжырымдайды Қазақстандық қоғамдық ұйымдар экофорумының төрағасы, халықаралық экологиялық құқық саласындағы сарапшы Вадим Ни. Ол Қазақстандағы "жасыл" облигациялардың келешегін муниципалды бондтармен байланыстырады, олай дейтін себебі, жергілікті деңгейде көптеген "жасыл" жобалар бар екен. Алайда, ол бірқатар тежегіш факторлардың бар екенін жасырмайды, соның бірі, жергілікті атқарушы билікке шетелден қарыз алуға қойылған шектеулер. "Жасыл" қаржыны бүгінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы – АХҚО (МФЦА) белсенді жылжытуда. Осыған орай, салық жеңілдіктері, арнайы реттеу тәртібі және тағы басқа мәселелер қарастырылған.

Өкінішке қарай бұл жергілікті жобалардың өзекті мәселелерін шешпейтінін, бірақ АХҚО мүшелері бола алатын жеке және ұлттық компаниялардың дәрежесінде жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтады экологиялық құқық саласындағы сарапшы. Десе де, тағы бір өзге проблема бар, ол "жасыл" жобаларға қатысты нақты критерийлердің жоқтығы екен.

"Еуропалық инвестициялық банктің "жасыл" жобаларға қатысты шарттары бар, бірақ олардың сұлбасы тікелей жұмыс істемейді. ЕУБ "жасыл" қарызды Қазақстанның Даму Банкіне немесе АГРО ассоциациясына береді, сөйтіп, "жасыл" жобалардың шарттарын ұстануға тиіс қазақстандық компаниялар ақшаны екінші деңгейдегі банктерден алады. Халықаралық нарықта "жасыл" жобаларға қатысты қарыздардың тартымдылығын төмендететін негізгі кедергі, ол валюталар тербелісінің тәуекелі болмақ" дейді сарапшы.

"Private Asset Management" АҚ сараптау департаментінің директоры  Дамир Сейсебаев болса, Қазақстандағы "жасыл" облигациялардың болашағы туралы айтуға әлі ерте екенін айтады, олай дейтіні, мұндай облигациялар бізде атымен жоқ екен.

"Инвесторлар тарапынан сұраныс әр түрлі факторларға байланысты. Бірінші кезекте ол, аталған облигациялардың эмитенті кім болады, олар муниципалды не корпоративті болады ма, қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, купон бағамы бекітілген немесе тербелмелі болады ма, қандай валютада шығарылады, қандай алаңда, облигациядан түскен кірістер салық төлеуден босатыла ма және тағы да басқа мәселерге байланысты" дейді Дамир Сейсебаев.

Қазіргі таңда Қазақстан "жасыл" қаржының дамуына кірісіп отыр. Астана Халықаралық Қаржы орталығының "жасыл" қаржы бойынша департаментінің директоры Әсел Нұрахметованың айтуынша, 2017 жылы Еуропалық қайта жаңарту және даму банкімен бірге Қазақстанның "жасыл" қаржы жүйесін дамыту бойынша тұжырымдама қабылданыпты. Сонымен қатар 2025 жылға дейін "жасыл қаржылар" саласында аймақтық көшбасшылық стратегиясы бекітілген.

"АХҚО нарығында "жасыл" облигациялар шығарылымы және айналымы ережелері әзірленіп, бекітілді. Яғни біз, Қазақстанда және аймақта бірінші болып "жасыл" облигацияларды шығаруға толық дайынбыз" дейді орталық өкілі.

Өз кезегінде Нұрахметова ханым, "жасыл" бондтар есебінен жүзеге асқан жобалардың жарқын үлгісі ретінде, Гетерборг (Швеция) муниципалитетінің тәжірибесін келтірді.

"Жергілікті мэрия 2013 жылдың қазан айынан бастап аз көміртекті және климаттық нейтралды тұтынуға өту үшін үш рет 3,36 млрд шведтық кронға (386 млн АҚШ доллар) "жасыл" облигацияларды шығарған. Жобалардың бірі – автономды үйлер еді. 2015 жылы төрт жаңа құрылыс жобасы аяқталды. Орта есеппен үйлер шведтік заңнама талаптарымен салыстырғанда үш есе төмен энергия тұтынады", деген Әсел Нұрахметова осыған ұқсас жобалар, қаланы тұрақты дамыту шеңберінде Астана әкімдігі үшін де дайындалып жатқанын атап өтті.  

Ол сондай-ақ, көміртек газын ауаға бөлу үшін квота сатуға қатысты алдағы күн жоспарларымен де бөлісті.

"Бұл жаңа құрал емес, ол 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта іске қосылды. Оның мәні мынада, табиғат ресурстары компаниялары, парниктік газ шығарушы "эмитенттер" белгілі бір залал көлеміне қатысты квота алады. Олар энергиялық тиімді технологияларды енгізу арқылы залал көлемін бірте-бірте азайтуға тиіс. Мұнымен қоса, олар өндірісті көгалдандыра отырып, квоталарды босатады және оны өз квотоларынан асып отырғандарға сата алады. Қазір мұндай сауда ел ішінде жүргізілуде, біз халықаралық квота алмасу әлеуетін ашқымыз келеді", – деп түйіндеді өз ойын қаржылық орталық өкілі Әсел Нұрахметова.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу