Қазақстанда 2025 жылы 104 млн тонна мұнай өндіріледі

5469

Қашаған кен орны тәулігіне 350 мың баррель мұнай игеріп отыр.

Қазақстанда 2025 жылы 104 млн тонна мұнай өндіріледі

"Қазақстанда игерілмеген мұнайдың көлемі 70 пайыз". Бұл техника ғылымдарының кандидаты Мәнсия Бабашеваның пікірі.  Өткен жылы елімізде 86 млн тоннадан астам  мұнай өндірілген. Онда Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған кен орындарының үлесі мол. Негізінен жылына  өндірілетін қара алтынның 30 пайызға жуығы "Теңіз" кенішінің еншісінде. Осыған дейін ірі  өндіріс орталығында  заманауи технологиялармен жабдықталған, мұнайды кешенді өңдеуге арналған 2 зауыт салынды. Мұнда жылына 28 млн тоннадан астам мұнай өндірілді. Енді бұл кеніште тағы бір ірі жоба жүзеге асуда.

"Бұл әлемдегі ірі ең үлкен жоба – "Келешек кеңею жобасы" деп аталады. Мұның бюджеті 36,8 млрд АҚШ долларын құрайды. 30 мыңға жуық жергілікті тұрғын осы жобада жұмыс істеп жатыр", – дейді мұнай компаниясының өкілі Ризабек Артығалиев.

Демек келешекте  теңізде мұнай өндіру жылына 39 млн тоннаға дейін өседі. Қарашығанақ кен орны осы деңгейін сақтауды көздейді. Десе де алдағы уақытта мұнда тағы бір компрессор мен құбырды жаңғырту көзделіп отыр. Ал Қашағанда 2024 жылға қарай жылына 13 млн тоннадан 16 млн тоннаға дейін қара алтын өндіріледі деген  жоспар бар.

Қашаған кен орны 2000 жылдың маусымында "Восток-1" ұңғымасы негізінде пайда болды. Теңіздегі ең алып мұнай кен орны. Қашағанның батыс бөлігі 2001 жылы, Оңтүстік-батыс Қашаған 2003 жылы ашылған. Қаламқас-теңіз, Оңтүстік-батыс Қашаған, Ақтоты және Қайрат кен орындарының 11 блогынан құралған өндіріс орыны Атыраудан 80 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде Қашағанның геологиялық қоры 4,8 млрд тонна мұнай деп бағаланып отыр. Жалпы мұнай қоры 38 млрд баррельді құрайды, оның ішінде өндірілетін қорлар - 10 млрд баррель. Ал табиғи газдың қоры - 1 трлн шаршы шақырым. Бұған дейін де зерттеулерде кен орнында өте үлкен шикізат жатқандағы анықталды. Қашаған кен орнынан мұнай өндіру технологиялық жағынан әлемдегі ең қиыны деп есептейді мамандар.  Өйткені қыста аймақтағы температура -40 градусқа дейін азайып, жазда +35 градусқа дейін көбейеді. Мұзды құрсаулар құрылғыларды бұзып, құбырлар таттанып, істен шығады. Аймақтағы суық ауа райына байланысты CNN Money құрған тізімде Қашаған әлемдегі ең қымбат энергетикалық жоба деп танылды. Америкалық БАҚ өндіріс орнының құнын 116 млрд долларға тең деп бағалады.  Алып кен орнында НКОК компаниясы алғаш 2016 жылы 26 қыркүйекте Теңіз кешенінен мұнай игере бастады.

2017 жылдың соңына дейін Қашаған кен орнының мұнай өндіру деңгейі  тәулігіне 210 мың баррельге жетті. Ал бүгінде компания тәулігіне 350 мың  баррель мұнай игеріп отыр.

"Аталған жобаға өзгеріс енгізуіміздің себебі, газды айдау көлемі бағдарлама бойынша болжағанымыздан  аз болды. Төрт айдау ұңғымасын пайдалану арқылы біз жоспарлаған - 379 мыңға жете алмай отырмыз. Жуық арада да жете алмаймыз", – дейді денсаулық, еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі директор Ермек Марабаев

НКОК компаниясы тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру бағдарламасы бойынша барлық жоспарды толық орындап отыр. Дегенмен тәулігіне игерілетін мұнай өндірілмей отырғанын айтады. Осыған орай №2 толықтыру бойынша  Қашаған кен орнына тағы 2 ұңғыма салынады. Сол арқылы күніне 380 мың баррель мұнай өндіріледі деп күтілуде.

"НИПИнефтегаз" АҚ департаментінің директоры Ольга Асташкованың сөзінше, енгізілген №2 толықтыру өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мұнай өндіруде жобаланған және бекітілген 47 мың тоннаға жету үшін  газды айдау көлемін одан әрі арттыруға, ұлғайтуға негізделген.

Мұның барлығы жаңа өнеркәсіптік өндіріс процесінен алынған, резервуарды зерттеу, сондай-ақ белгілі бір технологиялық параметрлерді нақтылау негізінде алынған жаңа деректер негізінде жүзеге асырылады. Сарапшылардың айтуынша, тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру бағдарламасының ұсынылып отырған №2 толықтырмасында   игерудің үш нұсқасы қарастырылған. Нұсқалар ТӨИ кезеңінде алынған нақты мұнай өндіру және газ айдау деректерін, сонымен қатар көмірсутегі өндірісін және газды кері айдау көлемін ұлғайту бағытында ұсынылған шараларды есепке ала отырып әзірленген.

"Тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру бағдарламасының №2 толықтыруы тек Теңіз кешеніндегі мәселелерді шешуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, өндіріс және газ айдайтын ұңғымалардың саны  қарастырылады. Сонымен қатар өндірілетін мұнайдың көлемі, қалыптасқан судың мөлшері мен  резервуар және айдау ұңғымалары қаралады. Толықтыруда жаңа объектілер салу мен технологияларды жаңғырту қарастырылмаған", – дейді "SED" ЖШС-ның жоба менеджері Елена Петухова.

Бүгінде елімізде 230-дан астам кеніш бар. Ал соңғы 20 жылда мұнай-газ саласында ірі жаңа өндіріс орыны ашылмаған. Айта кеткен жөн, мұнай өндірісінің  қарашаңырағы Ембінің алдағы жылдары екінші тынысы ашылмақ.

"Ембі жаңа бағытқа көшіп жатыр. Аса терең  шөгінді жыныстардан құралған жер қабаттарының қойнауын терең бұрғылауды мақсат етіп отыр. Бұл Ембінің екінші тынысы ашылды деген сөз. Геологтардың орталық комиссия назарына ұсынған жобасында  Қаратон, Молдабек кен орындарында бұрғылау жұмыстары жүргізілетіні айтылды", – дейді техника ғылымдарының кандидаты  Мәнсия Бабашева.

Бүгінде  45 кен орнында жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Меже 2025 жылға дейін мұнай өндіру көлемін 104 млн тоннаға жеткізу.

Ясмин Алматқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу