banner

Қазақстанда 3D принтер жасалатын күн алыс емес

6672

220 млн теңгенің грантын жеңіп алған жас ғалым 3D принтерге қажетті бетонға қосатын полимер түтікше ойлап тапты.

Қазақстанда 3D принтер жасалатын күн алыс емес

Таяу болашақта Қазақстанда 3D принтердің көмегімен үй салына бастауы мүмкін. Оған жану мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымы Шыңғыс Дауылбаевтың ғылыми ізденісі негіз болуы ықтимал. 

Жас ғалым үй салатын 3D принтер құрастыру үшін білім және ғылым министрлігінен 220 млн теңге грант ұтып алыпты. Қазір ол күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Мақсаты алдағы бір-екі жылдың көлемінде отандық 3D принтерді қолданысқа енгізу.

"Бүгінгі таңда 3D принтер технологиясы қарқынды даму үстінде. Іргеміздегі Қытайда үй салатын 3D принтерінің пайда болғанын естіген шығарсыздар. Оны өз көзіммен көру үшін Шанхайға барып, жұмысымен таныстым", – деді өнертапқыш Шыңғыс Дауылбаев.

Оның сөзінше, бір-екі жылдың көлемінде елімізде үй салатын отандық 3D принтер пайда болады.

"Үй құрылысына қажетті 3D принтерге ерекше бетон пайдаланылады. Оған қарапайым бетон жарамайды. 3D принтермен үй салу үшін 10-15 минуттың ішінде қатып қалатын бетон керек. Қытайлықтар бетонның құрамы жайлы жақ ашпады. Олар құпияны ашудан бас тартты. Біз елге келе салысымен  бетонды зерттеп, оны жетілдіру жолын қарастырдық. Нәтижесінде полимер түтікше ойлап тауып, оны бетонға қосып, 3D принтерге қолдануға болатын өнім өндірдік, – деді Шыңғыс Дауылбаев.

Айта кетейік, еліміздің жас технократтары бұған дейін қарапайым мүсін басып шығаратын  3D принтер жасаған болатын. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік АҚ бұған дейін "3DInnovations" ЖШС-на 4,3 млн теңге көлемінде грант бөліп, олардың 3D принтер шығару жобасына қолдау көрсетті. Өз кезегінде жоба авторлары ресейлік "Кипарис" стартабын зерттеп, "Сколково" инновациялық орталығында тәжірибеден өтті.  

"3D принтер шығаруға ниеттенген өнертапқыш кез келген бәсекеге төтеп беруі тиіс. Өйткені шетелдіктер шығаратын өнімнің бағасы арзан және  құрастыру мерзімі бізден әлдеқайда жылдам болуы мүмкін", – дейді Шыңғыс Дауылбаев.

3D принтердің көлемі 6х6 метр болатынын айтқан өнертапқыш бізге оның шағын үлгісін көрсетті. Қажетті бағдарламалар орнатылған кішкентай 3D принтермен қазірдің өзінде түрлі мүсін басып шығаруға болады екен. Әдетте үй салғанда құрылысшылар темір арматураны пайдаланады. Сол арқылы үйдің іргетасының беріктігін қамтамасыз етеді.

Шыңғыс Дауылбаев бұрынғы технологияны бетонға қосатын полимер түтікшеге алмастыруды ұсынып отыр.

"Адам шашынан 20 есе жіңішке полимер түтікше бетонға араласып, құрылыс кезінде айқыш-ұйқыш бағытта орналасады. Сәйкесінше құрылыстың беріктігін арттырады. Бұған қоса полимер түтікше 3D принтермен үй салуға мүмкіндік береді. 2013 жылы ұстазым Ерхан Әлиев Лондонда өткен ғылыми конфренцияда жобамызды шетелдік ғалымдарға таныстырды. Олар полимер түтікшені "ғажайып ноу-хау", маңызды инновоциялық жоба" деп жоғары бағалапты", – деді Шыңғыс Дауылбаев.

Оның айтуынша, полимер түтікшені отандық өнім деп айтуға толық негіз бар.

"Біздікіне ұқсас полимер түтікшелерді өзге елдердің ғалымдары да ойлап тапқан. Бірақ олардың бағасы өте қымбат. Біз осыған дейін күніне 10 грамм полимер түтікше өндіретінбіз. Қазір құрылғымызды жетілдіріп, күніне 1 келі полимер түтікше алуға ұмытылып жатырмыз. Бір тонна бетонға 1 келі полимер түтікше қоссаңыз, бетоның беріктігі бірнеше есеге артады. Отандық полимер түтікшелер қай қырынан алып қарасаңызда  бәсекеге қабілетті.

Алдағы уақытта елімізде өндіріліп жатқан полимер түтікше жайлы Малайзияға барып, баяндама жасаймын. Болашақта елімізде 3D принтер пайда болған кезде үй құрылысы едәуір арзандайтынына және біздің өнім үлкен сұранысқа ие болатынына сенемін!", – деп қорытты ойын Шыңғыс Дауылбаев.

Нұрлан Жұмахан 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу