Қазақстанда әрбір ішік пен тонға таңба соғылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6946

Қазақстанда құндыз ішік пен былғары тондардың әрқайсысының енді адам саусағындағыдай өзгеде қайталанбас таңбасы болады.

Қазақстанда әрбір ішік пен тонға таңба соғылады

Айналаны аппақ қарға орайтын қыс жақындаған сайын тондар мен ішіктерге қатысты жаңалықтар өзектілене түседі. Бүгін мысалы, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қазақ-қытай шекарасында әлдебіреулер тастап кеткен бес қап жүкті тауып алғандарын хабарлады. Табылған тең-тең жүктерді ашып көргенде, іші қалы тон, бұлғын, сеңсең тон, күзен ішік, жанат ішік секілді тері өнімдеріне толы болып шығыпты. Бұл "қазына" туралы шекарашылар Сарыөзек гарнизонының құқық қорғау органдарын хабардар еткен.

Әлдебіреулер полиэтилен жабынғысына оралған осы қымбат жүктерін "Қорғас" шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы жанындағы шекара маңына тастап кетіпті, негізі, контрабандистер жақындап келе жатқан шекарашы жауынгерлерден қорқып, қашып кетсе керек. 

"Жаркент шекаралық отрядының "Қорғас" шекара заставасының наряды шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығының келешекте ашылуы көзделіп отырған автокөлік жолында бес иесіз тең жүкті тауып алды, олардан полиэтилен пленкасымен қапталған тері бұйымдары анықталды", – деп мәлімдеді ҰҚК шекара қызметі.

Осындай бұйымдарға қатысты қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің де хабарламасы бар. Бұл орган ел қазынасының кірістермен толтырылуын қадағалау сыртында, контрабандаға қарсы күресетіні мәлім. Бұл меморган жақында Қазақстанда да тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылатынын жариялады.

Мұны елімізден еуразиялық экономикалық одақ талап етіп отыр. Осы орайда былтыр ел парламенті "Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар" тауарлық позициясы бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 – 2016 жылдары іске асыру туралы келісімді" ратификациялаған болатын. ЕАЭО-ға мүше бес елге міндетті бұл құжат Қазақстанда тек 2016 жылғы 29 ақпанда күшіне енді. Бірақ оны өмірде нақты жүзеге асыру бірнеше рет кейінге қалдырылды. Себебі, оны тәжірибеде лайықты орындау үшін меморгандардың заңдық актілері, нұсқаулары дайын болмады, әрі бұл отандық сауда саласындағы бизнесмендерді күйзелісті шақта қолдау үшін де қажет болыпты.

Міне, енді мемкірістер комитеті дайындығын білдіріп, алдағы желтоқсан айының 4-інен бастап, барлық тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жобаны іске қосуға кіріспек.

Қаржы министрлігінің осы құрылымының хабарлауынша, пилоттық жобаны іске қосу үшін тиісті ақпараттық жүйе дайындалған, қажетті нормативтік құқық актілер қабылданған.

Бұл ретте ел үкіметі бұл қадамнан барлық тарап ұтатынына сенімді. Мәселен, тұтынушы үшін пайдасы сол, олар осының арқасында сатып алатын тауар туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етіледі, контрафактілік өнімнен қорғалады.

Кәсіпкерлер – бизнес жүргізу үшін бәсекелестік жағдайдың теңестірілуіне қол жеткізеді, яғни, заңсыз "шуба тасушы" саудагерлер мұны заңды түрде жасап, салық төлейтін кәсіпкер мен экономикалық операторлар алдында артықшылыққа ие болмайды. Сондай-ақ "нарықты заңсыз өнімдерден қорғау және зияткерлік меншік құқықтарын сақтау" жүзеге асырылмақ.

Мемлекет үшін бұл таңбалаудың мақсаты "көлеңкелі" экономика көлемін қысқарту және бюджетке салықтардың түсімін арттыру болып табылады.

"Таңбалауға заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер өндірген немесе әкелген және "СЭҚ ТН 4303" тауарлық позициясы бойынша жіктелетін қара қүзен, саз құндыз, ақ түлкі немесе қызыл түлкі, үй қояны немесе қоян, жанат, қой, өзге (терінің басқа түрлерінен) жасалған киімдердің барлығы жатады", – деп түсіндіреді мемкірістер органы.

Осы орайда комитет жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін әкелінген тері бұйымдары бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбаланбайтынын ескертеді. Яғни, егер сіз шетелге шыққанда тон не ішік сатып алсаңыз, оған еуразиялық одақ аумағына кірер кезде, таңбалатуды кеденшілер талап етпейді. Сонымен қатар ЕАЭО талаптары бойынша бір адам шетелден өзі пайдалануы үшін тек екіден аспайтын көлемде ғана тон не ішік әкеле алатынын ескеру керек. Егер азамат жақын-жуықтарын тегіс киіндіру үшін чемодан толы бірнеше тері бұйымдарын әкеле жатса және олар таңбаланбаған болса, олар "контрабанда" ретінде тәркіленуі әбден ықтимал. 

Жалпы, одақ аясында әрбір тон мен ішікті таңбалау Ресей мен Беларуста жүзеге асырылады. Қазақстан осы екі елдің тәжірибесін зерделеп, оның оң нәтиже бергенін байқапты. Мәселен, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясында таңбалау жүйесі қолданыста болған бірінші жылда, яғни 2016 жылдың тамызынан бастап 2017 жылғы шілдеге дейінгі аралықта тері бұйымдарының заңды айналымы 2015-2016 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда, 7 есеге артыпты: тері-ішіктің заңды саудасы 1,1 миллионнан астам данаға дейін өскен.

Бұл ретте Беларусь пен Ресей Федерациясына қарастырылып отырған кезең ішінде тері бұйымдарының декларацияланған, яғни заңдастырылған импорты 1,5 есеге – 346 мың данаға дейін ұлғайып шыға келген.

Бір ескерер жайт, Қазақстаннан айырмашылығы, Ресейде де, Беларуста да ішіктер мен тондар шығаратын фабрикалар саны көп. Тиісінше, одаққа кіретін барлық елдерге сатылатын әрбір ішік пен тонды таңбалатуды таңу арқылы олар өздерінің отандық өндірушілерін қорғап отыр. Осылайша, Грекия, Түркия, Қытай және басқа елдерден контрабандамен келетін арзандау тері бұйымдарының тасқынына тосқауыл қойылуда.

Нәтижесінде, сарапшылар алда бұл бұйымдар бағасының қымбаттауы мүмкіндігін болжайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу