Қазақстанда балық фермасы мен туризмі сәнге айналды

1490

Алайда елімізде балық өсіруге жарамды ірі 14 өзен мен 1 көл ғана қалды.

Қазақстанда  балық фермасы мен туризмі сәнге айналды

Қандай өзен не көлде қармақты қомақты балық жақсы қабатынын балықшылардың әлеуметтік желідегі арнайы топтары мен интернет форумдарынан әзер табуға болатын.

Бүгінде оның бәрі өзекті болмай қалды. Қазақстандағы кез келген мегаполистің, облыс орталығының, тіпті шағын қалалардың жанында көлде, тоғанда балық өсіретін фермалар өркен жаюда.

Биылғы тамыздың соңында–қыркүйектің басында оларда балық аулаудың күзгі маусымы басталды.

Мұндай фермалар елорданың маңында, Ақмола облысында да өрістеуде. Туристік топтарға, яғни топ болып барғандарға жеңілдіктер беріледі. Балық базалары турфирмалармен ынтымақтасып, шетелдік туристерді де тартуда. Сондай-ақ отбасылық мерекелер мен той-томалақтарды, түрлі корпоративтерді, тимбилдингтерді өткізуге мамандануда. Яғни, елімізде тұтас бизнес қарқынды дамып келеді.

Астанадан жүз шақырымнан астам жерде орналасқан балық фермасының өкілі Фарида әлгі аталған іс-шараларды өткізуге өздерінде жағдай жасалғанын әңгімеледі.

"Біздің балық шаруашылығымыз туристерге де, сонымен қатар демалысын бірге жақсы өткізуді қалаған отбасыларға, ұжымдарға да қызмет көрсетеді. Көлімізде қолдан бақтақ-форель өсіріледі. Шетінен семіз, салмақты. Әрбір салған қармағыңыз бос шықпайды, бұйырған балығыңызды тайдай тулатып, судан суырып аласыз. Қармақпен де, қалтаңыз көтерсе және көңіліңіз қаласа тормен де аулауға болады. Жазда бір келісі 8 мың теңге болған, күзде 6 мың теңгеге дейін түсірдік. Бізде баспана арендаға беріледі: бір күнге 25 мың теңгеден Шатырлар, қазан-табақ, самауыр, мангал, дастарқан жаятын үстелдер және басқасы бізден. Халыққа қолжетімді болу үшін өз палаткаларымен келетін кісілерге кемпинг орны ұсынылады", – деп хабарлады Фарида.

Мұндай форель шаруашылықтары еліміз бойынша көптеп ашылуда. Олардың кейбірі күзгі маусымда үлкен жеңілдіктер мен акциялар ұсынады. Мысалы, бір адамға 15–25 мың теңгеден төлеп, таңнан кешке дейін қармақпен ұстаған барлық балықты алып кетуге рұқсат ететін "лимитсіз тариф" те бар. Біразында 14-16 жасқа дейінгі балалардан ақы алмайды.

Кәсіби балықшыларға төл қармағымен аулауға мүмкіндік береді. Ал құралы жоқтар оны жалға ала алады: жиынтығына қарай қармақ пен қалтқыны бір күнге алу 1 мыңнан 50 мың теңгеге (спиннинг) дейін барады. Қармаққа ілетін жемнің де түр-түрі соларда сатылады. Құрт 500 теңгеден, Akara силиконы 2500 теңгеден, форелдік паста 3000 теңгеден, ілмектер 300-800 теңгеден ұсынылады.

Балық шаруашылықтары өзен-көлдерде мұз қатқанша жұмыс істейді. Содан соң белгілі бір уақытқа үзіліс алып, жабылады. Ал мұз адамды көтерердей қалыңдаған соң олар қысқы маусымға қайта ашылады. Осылайша, балық шаруашылықтары жыл он екі ай табыс әкелетін тұрақты бизнеске айналуда.  

"Болжауымша, болашақта балық аулаудың дәстүрлі түрі жойылады. Балық аулағысы келетіндерге балық шаруашылықтарының қызметіне жүгінуге тура келеді. Қарап тұрсаңыз, қазір барлығы соған бара жатыр. Дамыған елдер соған көшті. Біріншіден, мемлекет балық аулауға рұқсат етілетін су қоймаларының санын күрт азайтты. Екіншіден, браконьерлікпен күрес аясында мемлекет балықты заңсыз аулайтындармен күресті күшейтті. Үшіншіден, Қазақстанды соңғы жылдары жайлаған қуаңшылық өзен-көлдердің тартылуына және олардағы балық ресурсының азаюына соқтырды. Осыны алдын ала түсіне білгендіктен, серіктестеріммен бірге Алматыдағы мейрамханаларымызды жауып, балық шаруашылығына түпкілікті ден қойдық. Бүгінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында бірнеше көліміз бар", – дейді бизнесмен Хамит Ерболат.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстанда балық өсетін су қоймаларының саны азайып кеткенін растады.

Ведомствоның дерегінше, республикада 1-сыныптағы, яғни суы ең жақсы сападағы 6 су объектісі ғана қалған. Оның 5-уі өзен, 1-еуі көл. Атап өтсек, бұлар: Қара Ертіс, Ертіс, Усолка, Үржар, Беттібұлақ, Ақсу өзендері, Өскемен су қоймасы. Осылардың ғана суы пайдаланудың барлық түрлеріне жарамды.

2-сыныптағы, яғни суы балық өсіруге, рекреацияға, суаруға, өнеркәсіпке жарамды 9 өзен бар. Бұларға Бұқтырма (марганецпен ласталған), Оба (марганец), Баянкөл (фосфор), Қаскелең (фосфор), Қаратал (фосфор), Үлкен Алматы (фосфор), Лепсі (фосфор), Түрген (фосфор) және Шілік өзені (нитрит-анион, фосфор, т.б.) жатады.

3-сыныптағы 18 су объектісі бар, олардың суы шомылуға, рекреацияға, суаруға, өнеркәсіпке, тұқы балық түрлерін өсіруге жарайды. Бірақ албырт-лосось үшін жағымсыз.

Бұл санатқа 15 өзен мен 3 су қоймасы кіреді: Қапшағай су қоймасы (магниймен ласталған), Үлбі өзені (кадмий), Іле өзені (магний), Талғар өзені (аммоний-ион), Қорғас өзені (аммоний-ион), Арыс өзені (магний), Брекса өзені (аммоний-ион), Красноярка өзені (магний, кадмий), Глубочанка өзені (магний), Текес өзені (аммоний-ион, магний), Ақсу өзені (аммоний-ион), Есентай өзені (аммоний-ион), Темірлік өзені (магний), Қарқара өзені (магний), Кіші Алматы өзені (магний), Бадам өзені (магний), Шортанды (магний) су қоймасы, Вячеславское су қоймасы (магний).

Басқа өзен-көлдер балық шаруашылығын дамытуға жарамсыз көрінеді. Олардың көбінде балық аулауға да тыйым салынған. Бірақ бұқара не ол туралы ақпараттандырылмаған, не ескертуге бей-жай қарайды: балығын аулап, өзі де тұтынады, базарда да сатады.

Кәсіпкер Х.Ерболат Bazis-А құрылыс алпауытының негізін қалаған Александр Беловичтің және басқа да ауқатты адамдардың балық шаруашылығына бет бұрғанына назар аудартты. Оның үстіне өз иелігінде көлді ұстап, онда бағалы балық түрлерін өсіру қазақстандық бай отбасылар, әулеттер арасында сәнге айналыпты. Бұл ретте біраз шаруашылық жылына мыңдаған тонна балық өсіріп, шетелге экспортқа шығаруда.

Бұл шаруашылыққа бай-бағыландардың өзі бет бұрып, инвестиция сала бастаған соң оны дамытуға билік те баса мән беруде. Осы орайда ел Президенті Үкіметке бірнеше тапсырма жүктеді. Біріншіден, мемлекет балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау арқылы балық өсірудің (акваөсірудің) өнімін, оны өңдеудің көлемін арттырады.

Екіншіден, балық ресурстарын және басқа су жануарларын сақтап, өсімін молайтады. Үшіншіден, Мемлекет басшысы осы саланы ғылыми және кадрлық қамтамасыз етуді тапсырды.

Осының арқасында балық өсіру көлемі жылына бүгіндегі 6,9 мыңнан 2030 жылы 270 мың тоннаға дейін ұлғайтылуға тиіс.

Сондай-ақ Қазақстан халқының балық өнімдерін тұтыну көлемін 2030 жылға дейін жылына қазіргі 67 мыңнан 134 мың тоннаға дейін арттыру жүктелді.

Республикада Балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында ағымдағы онжылдықта балық шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен кем дегенде – 231,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден – 169,2 млрд теңге шығындау жоспарланған. Дегенмен, қаржының басым бөлігі жеке инвесторлардан тартылмақ. Сонда салаға триллион теңгеге жуық инвестиция бағытталады.

Балық шаруашылығы одан әрі дамуда. 2018–2022 жылдары республикада балық өсіру шаруашылықтарында 55,7 мың тонна тауарлық балық өсірілді. Экономиканың осы сегментінің өрлеу қарқыны сүйсінтеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, егер 2018 жылы елімізде небары 5 653 тонна ғана балық қолдан өсіп-өндірілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 6 933 тоннаға, 2020 жылы – 9 002 тоннаға, 2021 жылы – 14 940 тоннаға дейін ұлғайды. Ал былтырғы жыл қорытындысында бизнес өсірген балықтардың көлемі 19 226 тоннаға дейін бір-ақ шарықтады. Осы онжылдық аяқталғанша бұл көлемді 270 мың тоннаға дейін жеткізу әлеуеті бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу