Қазақстанда банкрот алдындағы кәсіпорындар көбейген

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5379

4 мыңдай кәсіпкер банкрот деп тану рәсімінен өтіп жатса, 400-ге жуық кәсіпорын дағдарыстан шығудың жолдарын іздеуде.

Қазақстанда банкрот алдындағы кәсіпорындар көбейген

Үкімет "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын құптады. Алда бұл жоба парламентке енгізіледі деп жоспарлануда. 

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, бүгінде елімізде 4 мыңға жуық бизнес субъектілері банкроттық рәсімін бастан өткеруде. Тағы 400-ге жуық кәсіпорынға қатысты оларды дәрменсіз күйге дейін жеткізген қожайындарын ауыстыру және оңалту рәсімдері қолданылуда.
Бір шошынтатыны сол, еліміздің бас қаржыгері Қазақстанда банкрот алдында тұрған кәсіпорындар саны өте көптігін ашық мәлімдейді.

"Негізі, ауыр қаржылық жағдайдағы бизнес субъектілері одан да көп. Бірақ қолданыстағы заң кәсіпкерге тез арада сәтсіз бизнесін жабуға жол бермейді. Сондай-ақ, әлі шамалары барларға оңалтылу процесіне жүгіну де қиынға түседі. Әр төртінші жағдайда сот борышкерді банкрот деп танудан бас тартады", – дейді Әлихан Смайылов.

Осылайша, бір жағынан алғанда, көрсеткіш қолдан көркейтуге келетін секілді. Бірақ қаржы министрінің түсіндіруінше, судьялар ешқашан еңсе тіктей алмас халге жеткен компанияны дәрменсіз деп танып, барлық қаржылық міндеттемелерінен босатудан қорқақтайды. Өйткені кезінде дәуірлеген кәсіпорынды әлдебір алаяқ әдейі осындай күйге түсіруі, сөйтіп, мысалға, миллиондаған, тіпті миллиардтаған кредитті төлемеудің қамын жасауы ғажап емес. 

"Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Тіпті айтуға тұрмайтын болмашы активтері болса болды, бұл сот үшін қарыздарды өтеуге мүмкіндік деп есептелінеді. Мұндай жағдай оңалтуды қолдануда да байқалады. Әр үшінші арыз бойынша "борышкер өзінің төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру үшін қаржы қорының бар екенін дәлелдемеді" деген сылтауымен сот оңалту рәсімін қолданудан бас тартады. Заң жобасы осы мәселелерді шешуді мақсат етеді", – дейді министр.

Атап айтқанда, құжат үш ірі жаңалыққа жолдама бермек, бұлар – "оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін шарттарды жеңілдету", "рәсімдерді жүрізу мерзімін қысқарту" және "жұмыс істемейтін борышкерлерді жеңіл түрде тарату" болып табылады.

Заң жобасына сәйкес, "кәсіпкерсымақтар" қолданатын тәсілдің жолы кесілгелі отыр. Мәселен, қолданыстағы заңнама гүлденген кәсіпорын не фирманы "қасақана" және "жалған" банкроттыққа жеткізгені үшін адамдарды жазаға тартуды көздейді. Алайда жазалау үшін соны дәлелдеу қиын көрінеді.

Мәселен, басқарушылар әлдебір компания не банктің ақшасы мен мүлкін жалған фирмалар меншігіне жазу арқылы сыртқа әкетіп жатады. Ізінше, бизнес субъектісі банкроттық жағдайға жетеді. Енді жаңа заң бойынша осы ақша не дүние-мүлікті сыртқа шығарып әкетудің өзі "әдейі банкрот қылу" ретінде танылмақ. 

"Лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тарту үшін бүгінде активтерді сыртқа шығару бойынша борышкердің әрекеттері мен кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындамағаны арасындағы байланысты анықтау талап етіледі. Сонымен қатар, мүлікті шығарған тұлғаның мұны тікелей кредиторларға залал келтіру үшін жасағанын дәлелдеу қажет. Қолданыстағы заңнама осылайша, әдейі және жалған банкроттық үшін жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту процесін қиындатады. Сондықтан заң жобасында банкроттықты "лауазымды тұлғалардың әрекеттерін, кредиторлардың заңды құқықтары мен мүдделеріне мүліктік залал келтіру" ретінде анықтау ұсынылады. Яғни, бұдан былай лауазымды тұлғаның банкроттыққа дейін мүлікті шығару әрекеттерін жасағаны фактісін дәлелдеудің өзі жазалау үшін жеткілікті болады", – деді қаржы министрі. 
Әлихан Смайылов тағы бір мәселені көтерді.

"Бүгінде банкрот компанияның қарыздары бойынша оның лауазымды тұлғаларын субсидиарлық жауапкершілікке тарту беймүмкін нәрсе. Себебі, банкрот болар алдында не басында тіркелген мүлкі, не тіпті тұрғылықты мекен жайы жоқ тұлғаларды басшы етіп тағайындайды. Соның кесірінен, ондай адамдар банкроттың қарыздары бойынша субсидиарлық тәртіпте жауап бере алмайды. Осыған орай заң жобасы банкроттықтың нақты бенефициарларының, атап айтқанда олардың әрекеті нәтижесінде кәсіпорын банкрот болған тұлғалардың субсидиарлық жауапкершілігін белгілейтін жаңа талапты енгізбек", – деді министр. 

Осы тұста біраз уақыт бұрын отандық бизнес ортаны шулатқан жайтты тілге тиек ете кетуге болады. Оралдық қос "кәсіпкерсымақ" Александр Макеев пен Павел Борисов осы тәжірибеге жүгінуге ұйғарады. Олар ең алдымен белгілі тұрағы жоқ "бомждар" жиналатын жерлерді іздеп табады. Тергеу анықтағанындай, мұны жасау қиынға түспепті: аяз қарып тұрған қыс мезгілі болғандықтан, ондай жандар топ-топ болып, жылу трассаларын жағалайтыны мәлім. Әлеуметтанушылар тілімен айтқанда, деградацияға ұшыраған қаптаған адамдар арасынан әлгі іскерлер бас қосып, серікке айналған ер мен әйелді таңдайды да, оларға барлық құжаттарын қалпына келтіріп, жақсы жұмыс тауып беруге уәде етеді. 

Осыдан кейін қаңғыбас жандарды арнайы жалдаған баспанаға әкеліп қамап тастаған. Рас, аштан қатырмай, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Ара-тұра жеке құжаттарын қалпына келтіру үшін ХҚКО-ларға сүйреген. Құжаттары қалпына келтірілген соң, қалада ресми тіркеу-пропискаға отырғызған. Әйтсе де, бұл қадамдардың астарында ешқандай да қайырымдылық жатпаған. Алаяқтар бұл жандарды қара бастарының қамы үшін пайдаланып, олардың аттарына компаниялар ашқан. Барлығының мұқият ұйымдастырылғаны сонша, тіпті салық комитетінің қызметкерлері де бұлардың "бомж" екенін аңғармаған. Ақыр соңында қаланың қақ ортасында сауда орынжайларының бірінде еңселі кеңсесі бар "Батыс Орал" атты компания пайда болады. Әлгі байғұстар өздерінің осынша байлыққа қожайын екендерін де білмеген.

Фирма бірнеше ірі сауда компанияларымен "консигнациялық жеткізілім" бойынша мәмілелер бекітеді. Олардың тіпті базарларда да өз орындары болған.

Макеев пен Борисов сол мәмілелер бойынша тауар өндірушілерден өнімдерін алып, ақысын оларды өткізгеннен кейін беруге уәде еткен. Бірақ төлем төлеу уақыты келгенде, базарлардағы және сауда орындарындағы орындар босап қалғаны, ал тауардың ізім-ғайым жоғалғаны анықталған. Жер сипап қалған бизнесмендер құқық қорғау органдарына жүгінеді. Орал қалалық сотының шешімімен қос "бизнесмен" бес жылға шартты түрде бостандықтарынан айырылды. 

Әрине, бұлар тек "шабақтар" ғана. Заң жобасы ең алдымен, тұрақты мекенжайы жоқ тұлғалар артына жасырынып, мемлекеттің миллиардтарын жоқ қылатын шортандардың табанына тас қою үшін қабылданғалы отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу