Қазақстанда қант тапшылығы туындағалы тұр

Қант өндірушілер өнімнің қалған қоры тек бір аптаға ғана жетеді деп мәлімдеді.

14 Қыркүйек 2018 15:33 Автор: Асқар Момынов
Қазақстанда қант тапшылығы туындағалы тұр, қант, өндіріс, тапшылық, еуразиялық одақ, Кедендік одақ, ЕАЭО , «Рахат» АҚ, Raimbek

Еліміздегі қант өндірушілер дабыл қағуда. Алматыда өткен баспасөз конференциясында сала өкілдері бір аптадан кейін елде қант тапшылығы пайда болуы мүмкін екенін және оның қолдан жасалып отырғанын айтты.

Кәсіпкерлер қант тапшылығы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа ережелерге байланысты екеніне сенімді. Ресей мен Беларусь шикізаттың тұтынылуы тек одақ аясында ғана болуына мүдделі. Ал 2018 жылдың 27 шілдесінде қол қойылған келісім тамыз айында күшіне енді. Осыған сәйкес Кеден одағынан тысқары үшінші елден қант тасымалдауға болмайды.

Қантты тек ЕАЭО елдерінен ғана сатып алуға болады, алайда бұл елдерде Қазақстанға қажет көлемдегі қант жоқ. Әзірге ретейлдер бұған дейін сатып алынған қорды саудалап жатыр, бірақ ол бітуге жақын, сондықтан кәсіпкерлер алдағы уақытта тапшылық болатынына сенімді.

Дағдарысты жағдай қалыптасуда
Raimbek компаниясының азық-түлік жеткізу желісін басқармасының басшысы Сурен Абибулаев соңғы екі айда елде қант өндірілмегенін айтты. Оның айтуынша, барлық сұраныс Ресейден келетін импорт есебінен жабылады, алайда қазір көрші ел тек өзін ғана қамтамасыз ете алатындықтан, қант жеткізуге қатысты қиындық туындап отыр.

«Қантқа қатысты жағдайдың қиын екенін көріп отырмыз, қолда бар өнім тек бес-жеті күнге ғана жетеді, ал екі аптадан кейін супермаркеттер мен ритейлердегі өнім таусылады. Елімізде қант өндірілмей жатқанына екі ай болды, ал биыл Ресейдегі астық үштен бірге төмен болып отыр. Бізге жылына 500-550 мың тонна қант керек, ал Ресейде бізге беретін ондай көлем жоқ», – деді Сурен Абибулаев.

Қант тапшылығына бірнеше себеп бар, дегенмен соның негізгілерінің бірі Орталық Азиялық қант корпорациясының қант өндіруді тоқтатуымен байланысты. Ал бұл Қазақстандағы қант нарығының 60%-ын құрайды. Raimbek компаниясының өкілі қазір зауыттар қаңтарылып тұрғанын айтып сендіруде.

Raimbek компаниясы өкілінің айтуынша, 2018 жылдың 1 тамызынан бастап ақ қантты әкелуге арналған нөлдік жеңілдік алынып тасталып, оның орнына бөгеуші баж енгізілген. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстанға ақ қант әкелінетін болса, онда оның бір тоннасына 340 доллар шамасында баж салығы салынады.

Осының нәтижесінде қанттың бағасы теңгемен есептегенде 70-80%-ға өскен, сондай-ақ қантқа салынатын кедендік салық та доллармен есептеледі. Сондықтан түпкілікті тұтынушы үшін өнімнің бағасы бұрын болмаған қарқынмен өсуде.

Ұстанымды қорғай алмады
Қазір кедендік баж бір тонна үшін 340 доллар, ал тауарлық биржаға арналған баға қанттың бір тоннасы үшін 330 доллар екенін ескерген жөн. Ақыр-соңында қарама-қайшы жағдай туындап, салық өнімнің өзінен қымбат болып отыр. Осының салдарынан елдегі қанттың бағасы бір тонна үшін 700-800 долларға жетуі мүмкін. Ал қазақстандық тұтынушылар үшін қант бағасы 80%-ға дейін, дайын өнім бағасы 40%-ға дейін өсуі мүмкін.

Дайын өнімнің өзіндік құнының 40%-ға өсуі тұтынушылық сұраныстың және өндірістік көлемнің төмендеуіне әкеледі. Салдарынан Қазақстандағы қант өндірісі бәсекеге қабілетсіз, ал таяу шетелдерге экспорттау тиімсіз болады, деп отыр Сурен Абибулаев.

«Өз нарығымызды қолдан беріп отырмыз. Мүмкін жағдайдың қолдан жасалып отырғаны біреу үшін тиімді шығар, ал біз болсақ, ЕАЭО елдеріне нарықты ашу үшін өз өндірісімізді тоқтатып отырмыз. Бұдан біреу пайда тапқысы келіп отырған шығар, кім біледі?», – деп болжам жасады ол.

Алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы басшысы Әлия Мамытбекова бұл жағдай аралас салаларға, әсіресе, оның ішінде шырын мен алкогольсіз өнімдер өндірісіне әсер етуі мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы 20 жылда Қазақстан осы саладағы өз ұстанымын танытқан, ал қазіргі жағдай енді реттелген кезде, қант тапшылығы оны жойып жіберуі мүмкін.

«Ресей мен Беларусь ЕАЭО-да қант өнімін өндірушілер ретінде өздерінің мүддесін қорғап алғанын көріп отырмыз. Ал қазақстандық келіссөз жүргізушілер болса әлсіз болды. Егер жағдайды қолға алмай, іс насырға шабатын болса, онда өзіміздің шырын мен кондитерлік өнім бойынша өз орнымыздан айырылуымыз мүмкін. Үкімет Қазақстанның ЕАЭО-дағы азық-түлік саласын қорғау тетігін ойластыру керек. Біз өз өнімімізді өндірудің үлесін арттыру, импорталмастыру жайлы үнемі айтамыз. Ал қазіргі жағдай еш қарсылықсыз өз орындарыздан ығысып, ішкі нарықты қорғай алмай отырғанымыздың нақты дәлелі», – деді ол.

Ресейліктер нарықты басып алуда
Нарыққа қатысушылар ресейлік және беларусьтық қант өндірушілердің Қазақстанның қант тұтынушы-кәсіпорындары үшін жеңілдікті жоюдағы мақсаты Қазақстанға ақ қантты Ресей мен Беларусь компанияларының бағасы бойынша тұрақты экспорттау үшін тағы бір нарыққа қол жеткізу ниеттерінен туындағанын айтады. Шынымен де барлығы тап солардың ойлағандарындай болар еді, бірақ биыл Ресейде өнім аз жиналып, экспортқа шығаратындай көлем жоқ болып отыр. Осылайша Қазақстан көршілердің шартымен келісіп, өзін ресейлік және беларусьтық өнімге толықтай тәуелді етіп қойды.

Әлия Мамытбекова болса Ресей мен Беларусь елі өздерінің артық өндірудегі уақытша қиындықтарын қазақстандық алкогольсіз сусын мен кондитерлік өнім саласының иығына арта салу үшін ЕАЭО аясындағы келісімдермен реттелетін міндеттемелерді пайдаланып отыр деп есептейді.

Сапалы өнім қажет
«Рахат» АҚ бас директоры Константин Федорец орын алып отырған жағдай елдегі барлық кондитерлік саланың «өміріне» қауіпті екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол қазақстандық тараптың ЕАЭО-да өзінің позицияларын , оның ішінде кондитерлік саладағы кедендік регламентке қатысты позицияларын қорғай алмағанына қарны ашуда. Ол тек Ресей үшін тиімді регламенттердің қолға алынып отырғанына сенімді, ал жергілікті қант технологиялық тұрғыдан жетілмеген, ал қазақстандық кондитерлер үшін сапалы өнім керек.

«ТМД елдерінде сапалы қант шығаратындар бар. Мәселен, Әзербайжанның өнімі өте жақсы. Ал бұл кондитерлік өнімнің сапасынан да көрінеді. Қазақстанда бұл мәселеге қатысты ешқандай ұстаным болған жоқ. Билік барлық мәселені бизнестің мойнына артып қоймай, мәселені шешеді деп ойлаймыз. Мемлекет мұны түсініп, барлық процесті ресейлік өндірушінің емес, тұтынушының пайдасы үшін шешу керек деп ойлаймын», – деді ол.

Премьер-министрден нарықты қорғауды өтінді
Осы арада, 2017 жылдың қазанында Қазақстан кондитерлер қауымдастығы мен алкогольсіз сусын қауымдастығы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа «осы мәселеге қатысты қазақстандық өндірушілердің мүддесін қорғап, аталған шешімді қабылдауды кейінге қалдыруды» сұрап өтініш жолдағанын еске салып кеткен жөн.

«Біз, ең бірінші, бағаның тепе-теңдігі сұраныс пен ұсыныстың есебінен қалыптасатын Лондон үлгісі бойынша қантқа арналған объективті нарықтық бағаны анықтау үшін институттар құруды ұсынамыз. Біздің салада мұндай шараны қабылдау екі сценарийдің біреуі бойынша бағаның өсуіне әкеледі. Егер біз қантты КО-дан емес басқа жақтан әкелуді жалғастыратын болсақ, онда оның бағасына 30 пайыздан 40 пайызға дейінгі мөлшерде кедендік салық қосылады. Ал бұл дайын өнімнің де бағасын өсіреді деген сөз. Егер қантты тек КО-дан ғана алатын болсақ, онда ресейлік-беларусьтық қант олигаполиясының баға белгілеуіне тәуелді болып, өзімізді тұрақсыз жұмыс істеу жағдайына тап қыламыз», – делінген хабарламада.

Сала өкілдерінің болжамы тура келгенін уақыт көрсетіп отыр. Сонымен қатар ЕАЭО-дағы қазақстандық келіссөз жүргізушілер жағдайды реттеп, жергілікті бизнестің мүддесін қорғай алады ма, ол жағы әзірге түсініксіз болып отыр.

Асқар Момынов