Қазақстанда кеше барлық жұмыспен қамту орталықтары жойылды

9643

Жұмыссыз халық енді қайда жүгінеді?

Қазақстанда кеше барлық жұмыспен қамту орталықтары жойылды Фото: aigak.kz

Жасыратыны жоқ, халықты жұмыспен қамту орталықтары өз атауында аталған басты миссиясын толыққанды орындамай келді. Еңбекминіне қарасты Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) есебінде айтылғандай, зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда азаматтардың басым көпшілігі, 55%-ы жұмысты интернеттен, газеттерден іздеген. Тағы 50%-ына туыстары, достары, таныстары көмектескен. 33%-ы өз түйіндемелерін мамандандырылған кәсіби порталдарға және әлеуметтік желіге онлайн орналастырған.

Нәтижесінде, шағын бөлігі ғана өз елді мекеніндегі Жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Тіпті олардың қайда орналасқанын екі қолға бір күрек іздеген адамдар да біле бермейді.

ЕРДО мамандарының байламынша, жұмыспен қамту қызметтеріне неғұрлым көп адам жүгінсе, оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де артады. Себебі, ол орталықтардың қызметін шынымен құнды, керекті кадрлар, майталман мамандар пайдаланатынын білсе, жұмыс берушілер де сол орталықтарға назар аударып, бос орындары туралы ақпараттарын ұсынуға құлшынатын болады.

Бірақ олай болмады, салдарынан Жұмыспен қамту орталықтарының вакансиялар банкі "кедей", жартымсыз, ұсынысы тапшы болды. Бұл іске тіпті мемлекеттік бағдарлама аясында субсидияланатын жұмыс орындарын құру да көмектеспеді.

Шығысқазақстандық Олег Николаевич жұмысыз болып тіркелген соң, оған осы бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орны ұсынылыпты. Ол келіскен. Содан пәтер иелері кооперативіне сантехник қызметіне кіріседі. Біраз уақыт істеді. Бірақ еңбегі үшін тек Жұмыспен қамту орталығынан жалақысының мемлекет беретін бөлігін ғана алып келді. Ал ПИК басшысы әрнені сылтауратып, өз бөлігін төлеуге асықпаған. 

Жалпы, осылай субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқандар жұмыс берушісінің өз міндетін лайықты орындамайтынына шағымданудан қорқады. Себебі, егер жұмыс беруші міндеттемесіне салғырт қараса, Жұмыспен қамту орталығы (ЖҚО) онымен арада бекітілген келісімшартты біржақты түрде бұзады. Салдарынан, азамат шағын бюджеттік жалақысынан да айрылады.

Бұл ережені білмесе керек, Олег ақыры шыдамай, жоғарыға шағымданады. ПИК төрағасы оның еңбекақысы тұрғындардан эксплуатациялық төлемдердің түсуіне қарай бөлшектеліп төленетіні туралы орталыққа есеп берген. Бұл да заң талабына қайшы. Сондықтан ЖҚО ПИК-пен арадағы келісімшартты бұзған көрінеді.  

ЕРДО мамандарының айтуынша, жұмыс іздеген жұртшылықтың ЖҚО-ларға жүгінбеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, жұмыссыз ретінде тіркелу күрделі. Екіншіден, тіркелумен іс бітпейді, ары қарайғы бюрокартиялық рәсімдері жетерлік.

"Азаматтар арасында "стигматизм" факторы да сақталуда. Яғни, халықтың мемлекеттік инстанцияларға көзқарасы теріс, бюрократиядан қорқады. Оның үстіне жұмыспен қамту қызметтерінде тіркелу үшін белгілі бір талаптарды орындау қажет. Оған ерінсінетіндер де аз емес", – дейді сарапшылар.

Сондықтан 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, Қазақстанда халықты жұмыспен қамту орталықтары жойылып, олардың орнына Мансаптық орталықтар (МО, орысша нұсқасы Карьерные центры) құрылды

Мансап және Еңбек мобильділігі орталықтары деген не?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл трансформация кеше күшіне енген Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылып отырғанын хабарлады. 

Бұған қоса, кодекске сәйкес, 1 шілдеден бастап, барлық облыс орталықтары мен үш мегаполисте жалпы саны 20 Еңбек мобильділігі орталықтары құрылды.

"Еңбек мобильділігі орталығы дегеніміз – тек облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың деңгейінде еңбек нарығын үйлестіретін және басқа өңірлермен өзара іс-қимыл жасайтын ұйым. Ал аудандық деңгейде таратылған Жұмыспен қамту орталықтарының функцияларын енді Мансап орталықтары жүзеге асыратын болады", – деді Еңбек министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі сақталды және оларды көрсету сол бұрынғы ЖҚО мекенжайлары бойынша орналасқан Мансап орталықтарында жалғастырылады.

Ведомствоның түсіндіруінше, жұмыспен қамту жүйесін одан әрі дамыту мақсаттарының бірі – барлық қызметтер мен қолдау шараларын толық цифрландыру. 2021 жылдан, яғни пандемия кезінен бері электронды еңбек биржасы платформасында (www.enbek.kz) және мобильді қосымшада "Цифрлық жұмыспен қамту орталығы" іске асырылды.

"Цифрлық жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамға жұмыссыз ретінде тіркелуге, жұмысынан айырылу бойынша төлем алуға, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алуға, кәсіпкерліктің қажетті дағдылары мен негіздерін үйренуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, еліміздің барлық өңірлерінде Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары құрылды. Осы арқылы онлайн форматта және Мансап орталықтарында жұмыспен қамту қызметтерін көрсетуді масштабтау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды", – деді Асқар Ниязов.

Онлайн қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту органдары қызметкерлерімен тікелей байланысын азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде жұмыспен қамту саласында қызмет алуға өтініш білдірген азаматтардың шамамен 77%-ы электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн-форматты пайдаланады екен.

Дегенмен, бұл өзгерістердің не нәтиже беретінін HR-мамандар да білмей дал. Соған бастамашы болған министрліктің түсініктемесі – әлгіндей.

Астана қаласының әкімдігі жанындағы Еңбек мобильділігі орталығының түсіндіруінше, бұл орталық өз қызметін елордалық аудандардың: Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра, Сарыарқа аудандарының Мансап орталықтары арқылы жүзеге асырады.

"Мансап орталықтары қала аудандарында жұмыссыз адамға неғұрлым толық спекторын жүзеге асырады. Бұл тұтастай алғанда кешенді және тиімді тәсіл", – деп сендірді астаналық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар.

Оның айтуынша, Мансап орталықтары арқылы әрбір тұтынушыға келесі атаулы қызметтер көрсетіледі:

Азаматтарға арналған қызметтер:

  • Мемлекеттік гранттар (400 АЕК);
  • "Ұрпақтар келісімшарты", "Алғашқы жұмыс орны" жобалары;
  • Мүгедектігі бар жандарға арналған арнайы жұмыс орындары;
  • Қолайлы бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
  • Кәсіптік оқыту, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау;
  • Әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар;
  • Жастар практикасы;
  • Микрокредит беру бойынша консультациялар;
  • Атаулы әлеуметтік көмек.

Жұмыс берушілерге арналған қызметтер:

  • Жұмыс берушілер үшін кадрларды іріктеу;
  • Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту;
  • Жұмыс орындарын құруды субсидиялау.

Негізі, мұның бәрі Тамара Дүйсенова командасының ойлап тапқан идеясы. Президент таяуда Т.Дүйсенованың мәртебесін өсіріп, Қазақстан Премьер-Министрдің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі етіп тағайындады. Яғни, оның маневр өрісі кеңейді, қимылдаудағы тәуелсіздігі артты. Демек, бұдан да еш нәтиже шығара алмаса, бұл оның құны неге тұратынын көрсетпек.  

Себебі, сарапшылар алдағы жылдары Қазақстанда жұмыссыздық проблемасы өршиді деп ескертті. Демографиялық дүмпу арқасында еңбек нарығына жыл сайын жұмыс іздеген 400 мыңға дейін жас, жаңа жұмыс күші қосылып отырады. Оның бәрі болмағанымен, көпшілігі орнын таппаса, қаңтар оқиғалары қайталана беруі ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу