Қазақстанда лотерея өткізуге қашан тыйым салынатыны белгілі болды

1555

Билік өзі заңдастырған лотереяның құмар ойынға айналып кеткенін мойындады. 

Қазақстанда лотерея өткізуге қашан тыйым салынатыны белгілі болды Фото: pixabay.com

Тіпті "Жаңа Қазақстан" да өзгерте алмайтын немесе өзгертуді қаламайтын дүниелер бар. Соның бірі – лотереялық монополизм. Бұрынғы билік дәл осы мақсатта арнайы құрылған "Сәтті Жұлдыз" компаниясын 2017 жылы Қазақстандағы лотерея операторы етіп, 15 жылға бекітті. Яғни, республикада кем дегенде 2032 жылға дейін басқа бірде бір компания лотерея бизнесімен айналыса алмайды.

Мәдениет және спорт министрлігі мамандарының түсіндіруінше, қазіргі уақытта лотерея өткізу шарттарын уәкілетті органның қатысуынсыз, лотерея операторы өз бетінше, дербес бекітеді және қабылдайды.  

Мысалы, әлеуметтік желіде шағымданушы қазақстандықтар монополистің құмар ойындар ұйымдастыратынына назар аудартып жүр. Шенеуніктердің шабандығы ма, әлде санасына енді ғана жетті ме, Мәдениет және спорт министрлігі қазіргі кезде соған тосқауыл қою шараларын пысықтап жатыр. Мұның бәрін әрине, кезінде осы министрлікті басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты Райымқұлова немесе Дәурен Абаев жасауға тиіс еді.  

Фото: gov.kz

"Лотерея атын жамылып, құмар ойындарын өткізу фактілерін жою үшін уәкілетті органға тиісті өкілеттіктер берілуі керек. Яғни, "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ы лотерея өткізу шарттарын ведомствомен келісуге міндетті болады. Өз кезегінде уәкілетті орган ол шарттардың заңнамаға сәйкестігін және лотерея шарттарында құмар ойындарын ұйымдастыру белгілерінің бар-жоқтығын тексереді", – деп түсіндірді өзі ұсынып отырған жаңашылдығын мәдениет министрлігі.

Бұл ұсыныс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына енгізіліп отыр.

Бұрынғы министрлердің көзін қандай шел басқаны белгісіз, қалай болғанда, лотерея монополисінің биліктің көзін ала беріп, немен айналысып жүргенін қазіргі министрдің командасы ғана байқағанға ұқсайды. 

Олар ұлттық заңнаманы түртіп көрсетті. Ал онда, атап айтқанда, "Ойын бизнесі туралы" заңында құмар ойындарға (азартные игры) нақты анықтама берілген. Заңның 1-бабының 7-тармағына сәйкес, құмар ойындар дегеніміз – бұл қатысушылардың "оқиғаның нәтижесіне", яғни қалай аяқталатынына қатысты бекіткен, ұтысты қарастыратын, тәуекелге негізделген келісім болып табылады.

Құмар ойында, айталық, букмекерлік кеңселер ұсынатын ойында қатысушылар оқиғаның немен аяқталатынын болжайды. Онда оқиғаның, мәселен, футбол матчының қалай тәмамдалатынын алдын ала ешкім білмейді.

Ал лотереяда бәрі қарапайым: тұтынушының сатып алған билеті, квитанциясы немесе бингода белгілеген сандары не ұтады, не ұтпайды. Бұл ретте оқиғаның қалай аяқталатыны операторға алдын ала белгілі: ұтысты билеттерді соның өзі тіркейді.

Құмар ойындарының тағы бір нышаны – ол құрбанын ойынды тоқтаусыз жалғастыруға еліктіреді. Ақырында адамды лудоман, ар жағында, маскүнем, нашақор-наркоман, қылмыскер етіп тынуы мүмкін.

Сарапшылар лотерея операторының да елді ойынқұмар етуге үлес қосып жатқанын айтып жүр. Мұны енді министрлік те мойындайды.

"Лотерея шарттарына сәйкес, жекелеген лотерея ойындарын өткізу кезінде қатысушылардың оқиғаның ақырғы нәтижесіне әсер ететін белсенді әрекеттер жасауы көзделеді. Бұл ойындар механикасы мен жүлде қорының құрылымын сипаттайтын шарттарға қосымшаларда көрсетілген. Нақтыласақ, кейбір лотерея ойындары бонустар беру арқылы қатысушыларға ұтыс сомасын көбейтуді, екі еселеуді ұсынады. Іс жүзінде қатысушыға таңдау құқығы беріледі: бірден ұтыс сомасын алып кетеді немесе оны көбейте алады. Ол үшін келесі батырмалардың бірін басу арқылы белсенді қатысуын жалғастыруы шарт: "Тәуекел: иә/жоқ" ("Риск: да/нет"), "Екі еселеу" ("Удвоение"), "Бонус", "Супершанс" және басқасы. Егер ұтыстың ұлғаюына келіскен қатысушы сәтсіздікке ұшыраса, онда ол бастапқы ұтысынан да айырылып қалады. Ал бұл – құмар ойындардың белгісі болып табылады", – деген байламға келді Мәдениет және спорт министрлігі.

Ұсынылған заңды Үкімет пен Парламент өткізбей қоюы әбден мүмкін. Ал егер заң қабылданса, онда келесі алгоритмді енгізілмек:

  • Өз лотерея өткізу шарттарын бекіткенге дейін лотерея операторы "Сәтті Жұлдыз" АҚ оларды лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан тексеріп, келісуі үшін уәкілетті органға жіберуге міндеттеледі.
  • Уәкілетті орган, яғни министрлік лотереяны өткізу шарттарын келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарап, тексереді. Лотерея өткізу шарттары ел заңнамасына сәйкес болса, келіседі және лотерея операторына кері жібереді.
  • Егер лотерея өткізу шарттары немесе оның жекелеген ережелері заңнамаға қайшы келсе, уәкілетті орган келісуден бас тартып, оларды лотерея операторына тиісті ескертулермен қайтарады.

Мұндай жағдайда Қазақстанда лотерея өткізу доғарылады. Себебі, жаңа заң жобасына сәйкес, "Сәтті Жұлдыз" уәкілетті органның келісімін алған және сол бекіткен лотерея өткізу шарттарынсыз лотерея өткізуге құқығы болмайды.

Яғни, монополист шектен шығып кетсе, Қазақстанда лотерея доғарылған заман да болуы ғажап емес.

Мәдениет ведомствосының тұжырымдауынша, лотерея шарттарын мемлекетпен келісуден мемлекет те, халық та ұтады: лотереяға қатысушылардың мүдделері алаяқтықтан қорғалады, жүлделер ұтысының ашықтығы мен адалдығы қамтамасыз етіледі. Бұдан бизнеске де еш залал келмейді, өйткені онсыз да билік бизнестің бұл салаға кіруіне тыйым салды.

Ведомство "Сәтті Жұлдыз" АҚ заңнамаға осындай өзгеріс енгізілгелі жатқандығы туралы хабардар етілгенін мәлімдеді. Демек, егер заң қабылданбаса, онда лоббистері іске қосылды деген сөз.

Жалпы, бұл – Қазақстан ұмтылып отырған дамыған елдердің тәжірибесі. Әлемнің көптеген елінде мемлекет лотереяны өткізу ережелерін заңнамаға сәйкестігі және құмар ойындарды ұйымдастыру белгілерінің болуы тұрғысынан тексеріп, бекітеді. АҚШ-та лотерея федералды және штаттық деңгейде реттеледі. Әр штаттың лотерея ережелерін жергілікті реттеу органдарымен келісуді талап ететін заңдары мен ережелері бар.

Ұлыбританияда Ұлттық лотерея және басқа коммерциялық лотереялар Gambling комиссиясынан лицензия алуы керек. Лотереяларды ұйымдастырушылар өздерінің ережелері мен шарттарын реттеушімен келісуге міндетті.

Германияда лотереяны өткізуді мемлекеттік құмар ойындарды бақылаушы Glücksspielstaatsvertrag ұйымы реттейді. Лотерея операторлары заң талаптарын орындап, тиісті лицензия алуы керек.

Францияда лотерея әлдебір жеке компанияның емес, толығымен мемлекеттің қолында. Оны Француз Ұлттық лотерея операторының өзі өткізеді.

Құзырлы органдардың мәліметінше, бүгінде алаяқтар жалған ойын терминалдарын орналастыру үшін "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ның "Lotomatic" лотерея терминалдарының атын жамылатынды шығарды. Ер адам Целиноград ауданындағы дүкендерде "Сәтті Жұлдыздың" ойын терминалдары деп алдап, өзінің заңсыз ойын автоматтарын орнатып шығыпты. Осы арқылы 17 миллион теңге заңсыз табыс тапқан.  

Қарағандыда заңсыз ойын бизнесінің 3 нүктесінің қызметі тоқтатылды.

Бұл іспен тіпті ұйымдасқан қылмыстық топтар айналысады екен. Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз және Қызылорда қалаларында заңсыз ойын қызметін ұйымдастырды деп күдікпен Германия азаматы Саупе басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Жұмабаев ҰҚТ-сының 2 заңсыз казино ашқаны және 60 түрлі сауда нысандарында 230 "сары-жасыл" ойын аппараттарын орнатқаны белгілі болды.

"Ары таза емес алаяқтар заңсыз құмар ойындарын Lotomatic лотерея терминалдары ретінде шебер жасыруды үйренді. Заңсыз терминалдар толығымен автономды жұмыс істейді, жас шектеулері сақталмайды және салық төленбейді. Сараптамалық мәліметтер бойынша негізгі заңсыз табыс жылына шамамен 54 миллиард теңгені құрады. Ал бұл мемлекет бюджетіне толық алынбаған қаражат", – делінген мәдениет министрлігінің талдауында.

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар лотереялық ойын терминалдарын да толық жауап тастауды талап етуде. Сонда ол терминалдарды қалқан ететін қылмысқа да тосқауыл қойылар еді. Мұны еститін құлақ билікте жоқ көрінеді. Содан шенеуніктер монополистің шарттына келісім беру деген сияқты пәрменсіз тетіктерді ойлап тауып, ермек етуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу