Қазақстандағы Ресей банктерінен қандай қауіп бар

Көрші ел мемлекеттік банктерін экономикалық қару ретінде пайдалануы мүмкін.

Қазақстандағы Ресей банктерінен қандай қауіп бар

Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов Ресей Орталық банкінен елдегі қаржы институттарын қолдауды, оларға қандайда бір жеңілдік қарастырып, жағдайы мүшкіл банктерді қанатының астына алуды сұрап отыр.

Қазір Ресейде салалық банктердің Орталық банк алдындағы қарызы 3 трлн долларға жеткен. Бірқатар банктер Орталық банктен алған қарыздарын жаба алмай отыр. Олардың қатарында "Сбербанк", "ВТБ", "Газпромбанк", "Росселхозбанк", "Внэшэкономбанк" бар.

Қазақстан нарығында да Ресей банктері жұмыс істеп жатқандықтан, бізді бұл мәселе бей-жай қалдырмады. Мәселенің мән-жайын білу үшін сарапшылармен тілдестік. Экономист-сарапшы Марал Төртенованың пайымдауынша, Ресейде құлдырау үш жылдан бері анық байқалып келеді.

"Ресей үкіметі мен Орталық банкі құлдырау санкцияның салдарынан болып жатқанын мойындағылары келмейді. Олар соңғы үш жылда Ресей экономикасында өсім болмағанын жақсы білді. Соған қарамастан мемлекеттік компанияларға, банктер арқылы несие берді. Ал қазір мемлекеттік компаниялар елде қалыптасып отырған экономикалық қиындыққа байланысты салалық банктерден алған қарыздарын қайтара алмай отыр. Мұның арты Ресейде 200-ге тарта банктің жұмысын тоқыратты. Енді олар банкрот болуы  мүмкін", – дейді Марал Төртенова.

Экономист-сарапшының сөзінше,  Ресейде өсім жоқ, керісінше рецессия байқалады. "Газпромбанк" Ресей үкіметінен 100 млрд рубль қолдау қаржы сұрап отырса, "Росселхозбанк" Ресей әл-ауқат қорына 40 млрд рубльге айрықша акцияларын сатып алуды ұсынған.

Ресей банктері соңғы үш айда капиталын 2,4 %-дан 1,4 %-ға дейін төмендеткен. Біз бұған қатысты деректерді арнайы сызбамен көрсеттік.

Қазір Ресей банктерінің капиталы 63 959 млрд рубльді құрап отыр. Экономист-ғалым Ардақ Төлеутаевтың айтуынша, бұл қаржы Ресей банктерінің еңсесін тіктеуге жетпейді.

"Бұл тоқырауда тұрған Ресейдің 200 банкі үшін өте аз ақша. Сондықтан олар өз үкіметінен демеуқаржы сұрап отыр . Тіпті қазір Ресейдің бірқатар банктері акцияларын арзанға сатып біріккен қаржы институттарына айналып жатыр. Банктерді біріктіру үрдісі Қазақстанда да орын алып жатқаны белгілі. Банктерді біріктіру арқылы капиталын көбейту дағдарыс кезінде орындалатын амал. Сондықтан бізге Ресейден келер қауіп жоқ деуге болмайды.  Біздің ішкі нарығымызда жұмыс істеп жатқан Ресей банктері бар екенін ескерсек, бірқатар проблемаларды қазірден бастап  шешіп алуға тура келеді", – деді Ардақ Төлеутаев.

Қазақстанда Ресейдің ең ірі банктері "ВТБ" мен "Сбербанк" және басқа да бірқатар банктер жұмыс істейді. Экономист-ғалым Ардақ Төлеутаевтың айтуынша, біз осы екі банкпен ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру барысында аса сақ болғанымыз жөн.

"Құны 25 млрд долларды құрайтын Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асыратын жобалар бар. Бұдан бөлек біздің елде Ресей мен Қазақстанның 1000-нан астам кәсіпорыны бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Міне, осылардың қаржысы еркін айналыста болуы үшін банктер үздіксіз қызмет көрсетуі қажет. Банктердің дағдаруы экономикалық байланысты тежейді. Мемлекетаралық ірі жобаларды қаржыландыру кезінде банктерге екі мемлекет бірігіп қаржы салады.  Ірі жобаларды қаржыландыру барысында екінші деңгейлі банктер тәуекелге бара бермейді. Мұндай ірі жобаларды Қазақстанның даму банкі мен Ресейдің "ВТБ" банкі іске асырады. Сондықтан ірі жобаларды жүзеге асыратын кезде Ресей банктері активтерінің ауқымына қарап барып қаржы аудару керек. Егер ол банктерге санкция салынған және халықаралық банктерден алынған қарыздары көп болса, онда тәуекелге баруға болмайды.  Біз үшін болашақта Ресейдегі қаржы институттарының жұмысын барынша қадағалау, бақылау, зерттеу маңызды", – деді Ардақ Төлеутаев.

Төменде Қазақстан мен Ресей бірлесіп қандай жобаларды атқарып жатқанына қатысты сызба беріліп отыр. Онда Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысы қаншалықты тығыз екенін көруге болады.

Мамандар алға тартып отырғандай, Ресей банктерін сөз еткенде мәселенің екінші жағын айтпай кетуге болмайды.

"Қазір тұс-тұстан салынған санкциялардың салдарынан Ресейден қаржы капиталы қаша бастады. Дүниежүзілік банктің есебінше, биыл Ресейден 150 млрд доллар сыртқа әкетіледі. Көптеген инвесторлардың Ресей экономикасына сенімі азайып, капиталдарын Ресей банктерінде сақтаудан бас тарта бастады. Ал біз осы арада банктердің бәсекелестігі күшеюуі үшін елге Ресей банктерін әкелдік. Біз қанша жерден одақтас болғанымызбен, Ресей банктері арқылы мемлекеттік қаржы операцияларын жасауда тиянақтылық танытқанымыз жөн. Ресей өзінің көзқарасымен келіскісі келмейтіндерді тұқыртып алу үшін табиға газды қару ретінде пайдаланып, біраз елдерге көгілдір отын бермей мазасын алды. Сол тәрізді күні ертең Ресей мемлекеттік банктерін де экономикалық қару ретінде пайдаланып, қаржы операцияларын шектеп тастауы да әбден мүмкін. Нәзік жіп тәрізді көрінетін осы мәселені назардан тыс қалдырмау керек", – дейді "Барометр" маркетингтік орталығының сарапшысы Бауыржан Ақаев. 

Оның пікірінше, Қазақстандағы Ресей банктерінен қарапайым тұтынушыларға келер кедергі жоқ. Себебі 2017 жылдан бері біздің елдегі Ресей банктерінің қарапайым тұтынушыларға ұсынар капиталы өсіп, активтері  жоғарылаған.

"2010 жылы елдегі Ресей банктері актив көлемі жағынан 18-20 орындарда тұрса, қазір активтерінің көлемі артып  9  орынға көтерілген. Қарапайым тұтынушыларға көрсетер қызмет түрлері артып, тұтынушыға несие беру көлемі артқан. Ресей банктері қарапайым халыққа қиындық туғызбайды. Тек мемлекеттік деңгейде ірі жобаларды қаржыландыру барысында сауатты болған абзал. Ол үшін білікті экономист-мамандардың  ұсыныстары ескерілуі тиіс", – деп түйді ойын Бауыржан Ақаев.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу