Қазақстанды газдандыруға әлі 13 жыл қажет

4628

Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын көгілдір отынмен қамту үшін қазынадан 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Қазақстанды газдандыруға әлі 13 жыл қажет

"Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылысына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 85 млрд теңге аударылады. Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия 27 тамызда осындай шешім қабылдады.

Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың мәлімдеуінше, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында салынатын магистральды газ құбырының алғашқы кезеңіне 267,3 млрд теңге жұмсалады.

"АстанаГаз-ҚМГ" АҚ жобалық компаниясының жарғылық капиталына  "Самұрық-Қазына" ұлттық-әл-ауқат қоры мен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі 40,15 млрд теңгеден 80,3 млрд теңге қосады. Еуразиялық даму банкі АҚ мен "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ 51 млрд теңгеден 102 млрд теңге береді. БЖЗҚ "АстанаГаз-ҚМГ" АҚ облигациясына 85 млрд теңгеге пара-пар актив аударады", – деді вице-министр.

Жоспар бойынша, құрылыс-монтаж жұмысы 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында басталып, 2019 жылдың соңына дейін аяқталады. Жобаға жұмсалатын қаржының 53%-ы - құбырға, 22%-ы - құрылыс-монтаж жұмысына, қалған 25%-ы басқа қызмет түрлеріне шығындалады.

"Сарыарқа" магистральды газ құбырын халықты газбен қамтамасыз етіп тұрған "Бейнеу-Бозой-Шымкент" құбырына қосу жоспарланып отыр. Осы құбыр арқылы Астана қаласы мен оның айналасындағы елдімекендер көгілдір отын жеткізіледі", – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Оның сөзінше, таяу болашақта Көкшетау, Петропавл қалаларын газдандыру мәселесі де күн тәртібіне қойылады.

"Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысына шамамен 800 адам жұмылдырылады. Жоба аясында еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің 2,7 млн тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді. Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен қамту үшін қазынадан 1 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалады.

Көгілдір отын келер деп...
Күткенімізге 55 жыл болыпты. Қазіргі Астана, бұрынғы Целиноградқа 1963 жылдан беру газ құбыры сөз жүзінде тартылып келеді екен. 1990 жылы 17 тамызда Қазақ ССР министрлер кеңесі Целиноград қаласына сұйытылған газ жеткізу энергия тапшылығын шешпейтінін алға тартып, қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз етуді газгольдер арқылы жалғастыра беру қажет деген тоқтамға келген.

Жоғалған жобалар
Бүгінгі дейін Қазақстанды газдандыруға қатысты түрлі жобалар болды. Өкініштісі, олар жүзеге аспай, ізім-ғайым жоғалып кетті. Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана бағыты бойынша салынуға тиіс болған "Батыс-Орталық-Солтүстік" магистральды газ құбыры жобасы жайлы екі мыңыншы жылдары айтыла бастады. Аталмыш жобаға "Бұқара-Орал" магистралды газ құбыры арқылы еліміздің орталық, солтүстік аймақтарын көгілдір отынмен қамту міндеті жүктелді. Жобаның құнына, құбыр арқылы тасымалданатын газ көлеміне, құбырлардың диаметріне бірнеше рет түзету енгізілді. Нәтижесінде "АстанаГаз-ҚМГ" АҚ жобалық компаниясы құрылып, 700 миллиметрлік құбыр арқылы Тобыл мен Астана арасындағы 830 шақырым қашықтыққа газ жеткізу үшін 213 млрд теңге қажет екені нақтыланды. Үкімет "Бұқара-Орал" магистральды газ құбыры ресейлік "Газпром" компаниясына тиесілі екенін, егер Қазақстан аталмыш магистральды газ құбырына қосылса, көрші елдің газына тәуелді болатынын алға тартты. Ақырында, 2014 жылы 5 қыркүйекте жобадан біржолата бас тарту туралы шешім қабылданды.

Қазақстан үшін "Алтай" атты жоба да баянсыз болды. 2014 жылы Ресей Қытайға бұрынғыдан көп газ жөнелтпекші болды. Осылайша екі ел "Алтай" магистралды газ құбыры арқылы көгілдір отын тасымалдауға көшті. Өз кезегінде біздің ел Қытайға "Алтай" магистралды газ құбыры арқылы тасымалданатын көгілдір отынды Қорғас немесе Алашанькоу арқылы өткізуді ұсынды. Бұл бастама Ресей Федерациясының оң жамбасына келмеді.

Қытай да Қазақстанның бастамасын құп көрмеді. Себебі екі ел Қазақстанның транзиттік елге айналғанын қаламады. Себебі Ресей Қазақстанға газ транзиті үшін ақша төлегісі келмеді.

2012 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев: "Астананы қоса алғанда, елдің орталық өңірін газдандыруды қамтамасыз ететін құбыр жүйесін жоспарлап, жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Бұл – көп қаржыны қажет ететін маңызды жұмыс. Газға тәуелділіктен арылу үшін біз оны жасауымыз керек. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін ел. Біз елімізді газдандыруға міндеттіміз", – деп үкіметке тапсырма берді. 2013 жылдың 23 қаңтарында мемлекет бас­­шысы жоғарыдағы мәселеге қайта оралды. Содан бері 5 жыл өтті. Алайда Астанаға газ жеткен жоқ.

"Сарыарқа" магистралды газ құбыры
Қазір осы жобаға үмітпен қарап отырмыз. "ҚазТранс Газ" АҚ-ның мәліметінше, аталмыш жоба 4 кезеңнен тұрады. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, 1 кезең 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Көрсетілген уақытта Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша 1 081 шақырым қашықтыққа 820 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады. Бұған 267,3 млрд теңге жұмсалады.

2022-2023 жылдарға жоспарланған жобаның екінші кезеңінде Астана- Көкшетау бағыты бойынша 276 шақырым қашықтыққа 630 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады. Жобаға 48,2 млрд теңге бөлінеді.

2024-2025 жылдары магистралды газ құбырының Көкшетау-Петропавл бағытындағы үшінші кезеңі басталып, 177 шақырым қашықтыққа 426 миллиметрлік құбыр салынады. Солтүстік Қазақстан облысын тұтас қамтитын жобаға 18,9 млрд теңге қарастырылған.

2028-2031 жылдарға жоспарланған төртінші кезеңде Жезқазған, Теміртау қалаларында газ өткізу мүмкіндігін арттыратын компрессорлық станция салынады. Оның құрылысына 35,5 млрд теңге жұмсалады. Айта кетейік, "Сарыарқа" магистралды газ құбырының жалпы шығыны 369,9 млрд теңгені құрап отыр.

Көгілдір отынның құны көмірден қымбат болады. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев: "Біздегі газ Еуропамен салыстырғанда өте арзан. Ақтөбе облысымен салыстырғанда қымбат. Газдың болжанып отырған бағасы шамамен бір текше метріне 61 теңге болады", – деді.
"Сарыарқа" магистралды газ құбырының шығыны тұтынушылардың есебінен өтелетін тәрізді. Өздеріңіз білетіндей, елімізде бірыңғай газ тарифі жоқ. Мысалы Атырау облысының тұрғындары газдың бір текше метріне 8,1, ал Алматы облысының тұрғындары 36,6 теңге төлейді. Жасыратыны жоқ, 1 трлн теңгені өтеп алу оңай болмайды. Шығынды қайтарудың бір-ақ жолы бар ол – газды қымбатқа сатып, шығынды тұтынушылардың есебінен өндіріп алу.

Астана қалай газдандырылады?
Биыл елорда да "Тельман" екінші қайта газдандыру станциясы іске қосылуға тиіс. Ол бас шаһардың "Пригородный", "Тельман" тұрғын үй алаптарына, жеке секторларға және "Нұрсұлтан Назарбаев" атындағы халықаралық әуежайды газбен қамтамасыз етеді.

Бұған дейін Тұран даңғылының бойына регазификациялаушы станция салынды. Сол арқылы қазір Назарбаев университетіне, ғарыш орталығына, қорғаныс министрлігінің академиясына газ жеткізіліп отыр. Жыл соңына дейін "Барыс Арена", "Алау" спорт кешендері газбен жылытылатын болады.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта ЖЭО- 1,2,3 су жылытатын қазандықтары газбен жылытылатын болады. Бұл үшін автоматтандырылған станция орнатылады. Жоспарды жүзеге асыру үшін 2019 жылы әкімдік 12 млрд теңге бөледі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу