Қазақстандық компаниялар Жаңа жылды қалай қарсы алды

Еvent-индустрияда дағдарыс әлі де жалғасуда.

04 Қаңтар 2018 16:04 Автор: Элина Гринштейн
Қазақстандық компаниялар Жаңа жылды қалай қарсы алды,  мәдениет, event-агенттігі, жаңа жыл, корпоратив

Биыл көптеген қазақстандық компания үшін Жаңа жылдық корпоративті өткізу проблема болды. Қазақстандық event-индустрия өкілдерінің айтуынша, жағдай біршама өзгергенмен де, бұл салада айтарлықтай дағдарыс бары сезіледі.

DA Chesnok  event-агенттік директоры Вячеслав Неруш abctv.kz-пен болған әңгіме барысында атап өткендей,  корпоративтік мерекелер нарығы 2016 жылдан бастап тұралай бастаған. Вячеслав Неруштың айтуынша, тап қазіргі уақытта осы тенденция әлі сақталуда, яғни көптеген компания қызметкерлеріне арналған мерекені өткізуге ақша үнемдеп, корпоративке бөлінетін қаржыны қысқартып немесе оны өткізуден мүлдем бас тартқан.

«Өмір бойы той тойлап жүретін он шақты компания бар, қазір олардың өзі де ақша шашудан «тартынатын» болған», – деп атап кетті Вячеслав Неруш.

Спикердің айтуынша, жарнама саласында да осындай жағдай байқалуда. Бұл экономикада қиындықтар бар екенін меңзейді.

«Еvent және жарнама – бұл қандай да бір баға беретін сала іспетті. Оларға қарап, дағдарысты нақты анықтауға болады. Егер компания жарнама мен корпоративке арналған қаражатты қысқартатын болса, онда бір нәрсе болды деген сөз», – дейді ол.

2017 жылдан бастап мемлекеттік емес ірі компаниялардың корпоратив ақшасын кейін төлеуге көшкені отандық патимейкерлер үшін қиындық тудырып отыр.

«Бұл біз үшін өте қиын. Өзіңіз ойлап көріңіз, мысалы, компанияның корпоративке бөлетін қаржысы бес миллион делік. Ал шағын, өзі «шықпа жаным, шықпаның» күйін кешіп отырған event-агенттік осы бес миллионды қалай да тауып, шараны өткізуі керек, содан екі айдан кейін ғана оларға ақша төленеді. Сондықтан қазір өз клиенттеріне несие бере алатын тек бай event-агенттіктер қалмақ. Егер бұған дейін компаниялар уақытында төлеп келген болса, қазір барлығы дерлік осындай төлеу жүйесіне көшіп алған. Ал 2016 жылы мұндай болған емес», – деді Вячеслав Неруш.

Еvent-агенттік директорының сөзінше, саладағы тұралау жұмыскерлерге қатты сезіледі. 

«Жүргізушілер қызметінің бағасы бірнеше есе түсіп кеткен. Соңғы он жылда той-томалақтарды өткізіп жүрген адамдар ешқайда кетіп қалған жоқ, олар қазір істерлерін білмей дағдарып отыр. Өйткені оларға қалай да мамандықтарын өзгерту керек немесе қызмет көрсету бағасын төмендету керек. Қазір үлкен бәсекелестік орын алды, сонымен қатар баға да  түсуде», – деді ол.

Іс шараларды ұйымдастырушы және жүргізуші Александр Шмыгалев болса мүлдем басқаша ойлайды. Оның айтуынша, 2016 жылмен салыстырғанда қазір біршама ілгерілеу бар. Ойын-сауық индустриясының дағдарыстан шыққаны байқалады.

«Компаниялардың айырмашылығы үлкен. Корпоратив үшін қомақты ақша төлей алатындар да бар, сондай-ақ арзан дүниені іздейтіндер де бар. Егер барлығы осылайша өрби беретін болса, онда бірте-бірте дағдарыстан шығып, корпоративтік мерекені өткізу нарығы қалыпқа келері анық», – деді ол.

Александр Шмыгалевтің айтуынша, бөлінудің бар екені  жүргізушілер арасында көрінеді. Кейбіреуі корпоративті аз ақшаға өткізіп беруге дайын, ал кейбірі тек қомақты ақшаға жұмыс істейді.

«Зажигалка» event-агенттік директоры Романа Альманскийдің ойынша, 2016 жылмен салыстырғанда event-қызмет көрсету нарығындағы жағдай бірашама жақсарған.

«Былтырғы жылға қарағанда биыл барлығы жаңа жылдық корпоративтің қажет екенін түсінген сияқты. Сонымен қатар олар директор, бухгалтер, менеджерлер арасында ғана кәсіби мамандар керек еместігін, сондай-ақ шараны жүргізетін жүргізуші мен биші, әншілердің де кәсіби маман болуы керектігіне көздері жетті. Былтыр компаниялар барлық міндетті өз мойындарына алып, бәріне өздері өткізуге тырысқан еді. Алайда биыл әншілерді шақырып, солардың қызметіне жүгінуді дұрыс деп шешкені көрініп тұр. Оларға деген сұраныс тұрақталды», – деді ол.

Сонымен бірге Романа Альманский шараны өткізу event-индустрия мен компанияның бірігіп жұмыс істеуін қажет ететінін айтып кетті.

«Әрбір мереке – бұл тапсырыс беруші  мен атқарушының бірлескен өнімі. Олардың әрқайсысы өз бетімен жұмыс істей алмайды. Мысалы, сіз мейрамханаға келіп, тамаққа тапсырыс жасайсыз. Сіз оны өзіңіз дайындамайтыныңыз анық қой. Бұл сіздің қалауыңыз,бірақ оны аспаз дайындайды. Бұл жерде де солай», – дейді ол.

Осы орайда Вячеслав Неруш бір қызық тенденцияның бар екенін, яғни тапсырыс-беруші компанияның жұмыскерлерінің кейбірі корпоративті ұйымдастыруға ынта білдіретінін айтты.

«Бәрінің көңілінен шығатын керемет корпоратив өткізу үшін бұған компанияның қызметкерлері де атсалысу керек. Осы арада қиындықтар туындап жатады. Біріншіден, қызметкерлердің бәрі бірдей ән салып, би билегісі келмейді. Екіншіден, олардың дайындалуға қолдары да тие бермейді. Компания қызметкерлерімен қарапайым би дайындау үшін жоқ дегенде бір-екі рет дайындалуға тиіс. Бұған бастарын ауыртқылары келмейді де, бірнеше жауапты адамды бөле салады. Осы адамдар қалғандарының көңілін көтеру керек. Бұл қалыптасқан тренд, бұл ешқандай дағдарыспен байланысты емес. Бұл адамдардың психологиясымен байланысты нәрсе», –дейді event-агенттік басшысы.

Сондай-ақ компанияның кейбір қызметкері жаңа жылдық кешке келгілері де келмейді. Олар дағдарысқа байланысты жаңа жыл тойлайтын көңіл-күйдің жоқтығын алға тартады.  

Бірақ та дағдарыстқа қарамастан, Жаңа жылдық кештің қызықты өтуіне бар күшін салатын компаниялар да бар. Олардың көбісі қазір мерекені қызықты өткізуге тырысып бағады. Сол үшін ерсі қылықтарға да барады.

«Негізі тапсырыс беретін компания тақырыпты да таңдайды. Мысалы, «Стиляги» немесе қандай да бір танымал кино болуы мүмкін. Мұның барлығы компанияның бюджетіне байланысты. Бөлінген қаражат қанша болса, өткізу де сондай болады. Биыл Астана қаласындағы бір компания Жаңа жылды HardRock стилінде өткізді», – дейді жүргізуші әрі Eventgram.kz  event-агенттігінің директоры Михаил Сагановский

Роман Альманский әріптесінің корпоративтің қызықты өтуі компанияның бөлген қаржысына байланысты айтқанын қолдады.   

«Біреулерге 3000 доллар үлкен ақша болуы мүмкін, ал біреулерге миллион ақша емес. Жаңа жылдың жақсы өтуі қанша тұратынын дөп басып айту қиын. Оның бәрі компанияның қалауына қарай белгілі болады. Осы маусымда өткізген корпоративтердің ішінде ең ұнағаны – бұл бір авиакомпанияның корпоративі. Олардың корпоративі басқаларға мүлдем ұқсамайды. Олар үстелдерге атау қойып, әр үстелдің капитаны мен борт серігін тағайындаған. Тіпті тамақтың өзін иллюминаторда берді», –деп атап кетті ол.

Компаниялардың корпоративі тек қиялмен ғана емес, сондай-ақ қаржылық мүмкіндігімен шектелетінін ескерген жөн.

Гүлназ Ермағанбетова, Элина Гринштейн