Қазақстандық "тероборонаның" қашан құрылатыны белгілі болды

2268

Қазақстандағы әрбір стратегиялық нысанды армия қорғауы керек, алайда Қорғаныс министрлігі өздерін сол нысандардың иелері есігінен сығалатпай қоятынына шағымданды. 

Қазақстандық "тероборонаның" қашан құрылатыны белгілі болды

Былтырғы көктемде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі аумақтық қорғаныс құрылымдары (тероборона) біздің елімізде де құрылатынын жариялады. Ол туралы сонда Inbusiness.kz сараптап жазды. Біздің қорғаныс ведомствосы Украиналық "тероборонаның" (Сили територіальної оборони Збройних сил України) озық үлгісін өнеге еткен. Алайда содан кейін үнсіз қалды.

Енді қазақстандық аумақтық қорғаныс күштерін құру мерзімдері кейінге ысырылғаны белгілі болып отыр.

Бірақ бір жақсысы, бұл бастама толық қаңтарып тасталмапты. Ілгерілеушілік бар. Мысалы, басты заң сыртында, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заңның жобасы да дайын. Олар алда Мәжіліске енгізілмек.

Бұл жоба Қорғаныс министрлігі белгілеген санда аумақтық әскерлердің жауынгерлік және мобилизациялық әзірлігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, ұлттық заңнамада аумақтық қорғаныс бұрыннан қарастырылды. Алайда бұл саланы қалпымен көзбояушылық жайлаған. Себебі, оның жауапкершілігі жергілікті әкімдіктерге жүктелді.

Мысалы, аумақтық әскерлердің аумақтық органдарын жергілікті атқарушы органдар қызметтік баспанамен, кеңсемен, барлық керек-жарақпен қамтамасыз етуге тиіс. Егер дайыны болмаса, ғимараттар мен құрылыстар, ең құрығанда тез жиналатын модульді конструкциялар салуы шарт. Іс жүзінде бұл талап орындалып отырған жоқ. Ал басында пәтері, астында көлігі, қолында тиісті қаржыландыруы болмаса, ол салаға басшы да, басқа кадр да қызықпайды.

Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер аумақтық әскерлерді соғыс уақытына сай штаттық санмен жабдықтауы керек. Аумақтық әскерлердің арнайы өрістетілуді өткізуін қамтамасыз етуге тиіс. Әскери міндетті ер-азаматтар мен әйелдерді шақырып, аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің әскери жиындарын өткізуді жүзеге асырады.

Бұл талаптар жаппай аяқасты болып отырған көрінеді.

Салдарынан, бетін аулақ қылсын, егер ел шетіне жау тисе, әрбір қала мен ауыл өз бетінше қорғана алмайды. Аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға жауапты, соның жөні мен жосығын білетін тұлғаны да табу мұң болады.

Осы олқылықты Қорғаныс министрлігі түзетуге тырысуда. Атап айтқанда, жаңа заң жобасы Қорғаныс министрлігінің құзыретін күшейтіп, оған орталық және жергілікті атқарушы органдардың аумақтық қорғанысты даярлау және қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі қызметін жіті, жақсырақ бақылауына жол ашпақ.

Ведомство "аумақтық қорғанысты дайындауды және жүргізуді бақылау" құпия, жоспардан тыс жүргізілетінін ескертті. Мәселен, егер барлау органдары "ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер төнгенін" анықтаса, "тероборонаның" дайындығы тексерілетін көрінеді.

Жаңа заң жобасында дұшпан баса-көктей кірсе, ұлттық қауіпсіздік қызметінің және ішкі істер органдарының қызметкерлері, полицейлер де "жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғаныстың жекелеген міндеттерін орындауға қатысатынын" бекітеді.

Әзірге аумақтық қорғаныс саласындағы ахуал сын көтермейді. Қордаланған мәселелер көп. Қорғаныс министрлігі жауырды жаба тоқымай, проблемалардың барын растап, оларды шешуге күш салып жатыр. Олардың шешімін тауып, еңсере алса, онда соғыстардың өрті шарпыған қауіпті аймақта – посткеңестік кеңістікте орналасқан Қазақ елінің ұлттық қауіпсіздігін нығайтып, тұрақтылығын тұғырлы, болашағын сенімді ете түсер еді. Әзірге жағдай одан алыс.

Аты айтып тұрғандай, жергілікті "терқорғаныс" бүкіл елді емес, тек әрбір территориялық аймақтағы өз елді мекенін, соның ішіндегі стратегиялық нысандарды қорғауға жауапты болады. 

Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының Аумақтық қорғаныс департаментінің құқықтық жұмыс жөніндегі офицері Павел Чирваның түсіндіруінше, аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау тек қана мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, сонымен қатар объектілері қорғалуға жататын ұйымдарға ғана таралады.

Бұл жерде ол ұйымдарға мемлекеттік қана емес, жекеменшік ұйымдар да кіреді. Өйткені тәуелсіздік жылдарында көптеген стратегиялық нысан, мысалы, әуежайлар, теміржолдар, электр станциялары, су қоймалары мен плотиналар, басқасы жекешелендіріліп кетті.

Заңнама бойынша стратегиялық объектілерге: магистральдық темір жол желілері; магистральдық мұнай құбырлары; магистральдық газ құбырлары; ұлттық электр тораптары; байланыс желілері; пошта; халықаралық әуежайлар; теңіз порттары; әуе қозғалысын басқару жүйесінің аэронавигациялық құрылғылары; атом энергиясын пайдаланатын объектілер; ғарыш саласының объектілері; су шаруашылығы құрылыстары; автожолдар және басқасы жатады.

Сарапшының түсіндіруінше, меншік формасына қарамастан, аумақтық қорғаныс жауынгерлері қорғауға тиіс объектілердің тізбесін ашық жария етуге болмайды, ол "таралуы шектеулі ақпарат" саналады. Оған сәйкес, "аумақтық қорғаныс зоналары" белгіленеді.

Жауапты мамандар қолданыстағы заңнаманың олқылығына назар аудартады. Салдарынан, аумақтық қорғанысқа жауапты тұлғаларды жекеменшік нысандардың иелері есігінен кіргізбей қояды екен. Бұл Қазақстанда әскери қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласының тоқырауына соқтырған.  

Қорғаныс министрлігі мұның негізгі себебін "меморгандардың, меншік нысанына қарамастан, түрлі ұйымдардың және азаматтардың міндеттерді лайықты орындамауынан" көріп отыр.

"Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз және толыққанды мемлекеттік бақылау жүргізу қажет. Әйтпесе, оқу-жаттығулар мен жаттығуларды өткізу барысында, сондай-ақ құжаттар жиынтығын дайындау кезінде аумақтық әскерлердің аумақтық органдарының лауазымды адамдарын күзетуге және қорғауға жататын объектілерге кіргізбей қою фактілері кездесті. Салдарынан, ол объектіні қорғаудың жоспарын ұйымдастыру мүмкін болмайды. Мұндай жағдай соғыс уақытында міндеттерді орындаудың бұзылуына соқтырады. Қолдағы күштеріміз бен құралдарымыздың ағымдағы жай-күйін дұрыс бағалай алмай қаламыз", – деп түсіндірді Павел Чирва.

Қазіргі уақытта Қазақстанда аумақтық қорғаныс саласында мемлекеттік бақылау тетігі жоқ.

Егер заң жобасы қабылданса, онда соғыс уақытында "тероборона" қорғауға алатын мемлекеттік және жекеменшік маңызды, стратегиялық нысандарға Қорғаныс министрлігі мерзімді немесе жоспардан тыс тексеру жүргізе алады. 

Мерзімді тексеру аумақтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган бекіткен кестеге сәйкес 3 жылда бір реттен жиі емес жүргізіледі.

Ал қажеттілігіне қарай жоспардан тыс тексеру – аумақтық қорғаныстың уәкілетті органы жүргізетін тексеру болып табылады. Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жоюға меншік иесі міндетті болады.

Қорғаныс министрлігі аумақтық қорғанысқа қатысты жаңа заң жобасын ағымдағы қыркүйек айында Әділет министрлігінің қарауына енгізеді.

Парламент оны келесі 2024 жылғы 2–3-ші тоқсанда қабылдап, заң күшіне енеді деп жоспарланған.

"Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" және оған ілеспе заңдар алғашқы ресми жарияланған күнінен 60 күн өткен соң іске қосылады. Яғни, өтпелі кезең қарастырылмақ.

2024 жылғы 3–4-ші тоқсанда Қорғаныс министрлігі заңның орындалуын қамтамасыз ететін заңға тәуелді актілерді, НҚА-ларды қабылдамақ.

Алғашқы көрсеткіш, индикаторларға қаншалықты қол жеткізілгені 2025 жылғы 1 тоқсанда бағаланатын болады.

Оған дейін де, содан кейін де Қазақстанда бейбіт заман сақталады және жергілікті жұртшылық қару алып, ата-бабаларымыз сияқты аумақтық қорғанысқа жаппай көтерілуге мәжбүр болмайды деп үміттену ғана қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу