Қазақстандықтар жарты жылда 50 келі алтын сатып алды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3782

Ұлттық банк шығаратын алтын құймаларды енді валюта айырбастау бекеттері де сата және сатып ала бастайды.  

Қазақстандықтар жарты жылда 50 келі алтын сатып алды Фото: informburo.kz

Бұл жаңалық парламентке жолданған "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" жаңа заң жобасында заңдастырылғалы отыр. Айырбастау пункттерінің жаңа құзырға ие болуына үкімет өз келісімін берді.

Ұлттық банк 2017 жылдың ортасында халық үшін тазартылған алтын құймаларын сату мен сатып алу бойынша бағдарламаны іске қосқан болатын. Бірақ оған банк секторы сонша үлкен қызығушылық білдіре қоймады. Тек "Қазақстан халық банкі", "Еуразиялық банк" және "Цеснабанк" қана ынта-ықылас танытты. Таяуда, 20 желтоқсанда бұл қатарға "Қазкоммерцбанк" қосылған. Бірақ бұл банктің болашағы бұлыңғыр. Оны "жұтып" қойған "Халық банк" бұл брендтің қалатын-қалмайтынын шешуде.

Банктер елбасының өзі қолдаған бағдарламаны қызу құптап, ілгері әкете қоймағандықтан, ұлттық банк ол алтындарды көшедегі қарапайым айырбас бекеттері арқылы кеңінен сатуға рұқсат сұрап, жоғары жаққа жүгінген. Бұған келісім де алынып, шұғыл түрде тиісті заң жобасы түрінде рәсімделді.

Ұлттық банктің мәліметінше, тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларын сату мен сатып алу бағдарламасы іске асырылған алты ай ішінде, яғни 2017 жылғы 31 мамыр мен 1 желтоқсан аралығында халыққа жалпы салмағы 51 мың 640 грамм болатын 1 мың 485 алтын құйма сатылды.

Алтын құймаларды Қазақстанның теңге сарайы дайындайды, олар әрқайсысының салмағы 10, 20, 50 және 100 грамм болатындай төрт түрде ұсынылған. Соның ішінде, 10 грамдық құймалар күрең қызыл түсті, 20 грамдық құймалар жасыл түсті, 50 грамдықтар көгілдір түсті және 100 грамдық құймалар алтын түсті орамада сатылады және онысы "сапа сертификаты" болып табылады. Тиісінше, егер осы орамасы бұзылмаса, сатып алған не сыйға алған адам оны аталған төрт банктің бірінде кері өткізе алады. Бұл ретте алтынның сол күнгі әлемдік нарықтағы бағасы ескеріледі. Мәселен, бүгін, 2018 жылдың 4 қаңтарында 1 грамм алтынның ұлттық валютадағы құны 14 мың 86,63 теңгені құрайды.

"Құймалардың құны Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылардың қауымдастығы (LBMA) бір трой унция үшін белгілеген, АҚШ долларындағы алтынның таңертеңгілік фиксингіне және теңгенің АҚШ долларына қатысты ресми бағамына байланысты. Құймалардың бағасы күн сайын өзгеруі мүмкін. Бұл ретте бағдарламаға қатысушы банктер құймалардың ақырғы бағасын өздері дербес белгілейді. Ұлттық банк алтынның 1 грамының теңгедегі бағалау құны туралы мәліметтерді күн сайын жариялайды. Осылайша, қазақстандықтар алтындағы барлық жинақтардың бағалау құнының өзгеруін көріп, олардың қаншалықты кірістілігін айқындай алады. Мәселен, 2017 жылғы 31 мамырда бағдарлама іске қосылған күні 1 грамм алтынның бағалау құны 12 790 теңге, 1 желтоқсанда бағалау құны 1 грамм алтын үшін 13 805 теңге болды, яғни құны 7%-ға жуық көтерілді", – деп хабарлайды ұлттық банк.

Қаржылық реттеушінің жедел деректері бойынша қазақстандықтар арасында ең үлкен сұраныс 10 грамдық құймаларға тиесілі болып отыр: отандастарымыз оның 684 данасын сатып алды. Бұл мемлекеттің халыққа өткізген құймаларының жалпы санының жартысы, 46%-ы. Одан кейінгі оындарда 20 грамдық құймалар – 320 дана (22%-ы), 100 грамдық құймалар – 287 дана (19%-ы), 50 грамдық құймалар – 194 дана (13%) орналасқан.

Алтын құймаларын сатып алу жөнінен өңірлер бойынша Алматы қаласы көшбасшы болып отыр – құймалардың жалпы санынан 56%-ы соның еншісінде. Астана қаласына сатудың 20%-ы, Өскеменге – 7%-ы, Қарағандыға – 5%-ы, Павлодар мен Атырау облыстарына – 3%-ы тиесілі. Қалған 6%-ы өзге өңірлерде сатылды.

Қалай болғанда, алтынға инвестиция жасау-жасамау жайын әрбір азамат өзі қабылдауға тиіс. Себебі құймалар құны алтынның әлемдік нарықтағы құнына және ұлттық валюта бағамының өзгеруіне қарай ұлғаюы, сол сияқты төмендеуі де мүмкін.

"Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" жаңа заңының жобасы жалғыз алтын құймасы мәселесімен шектелмейді. Оның басқа да жаңалықтары бар. Мәселен, оған сәйкес, шетелдік компаниялардың Қазақстандағы филиалдарынан бұдан былай өздері істес болатын қазақстандық бизнесмендермен, заңды тұлғалармен тек теңгеде ғана есеп айырысу талап етілетін болады. Әйтпесе, ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша шетелдік ұйымдардың еліміздегі бөлімшелеріне қазақстандық контрагенттермен шетелдік валютада есеп айырысуға ұлықсат етілген. Себебі, ол филиалдар "бейрезидент" болып саналады.

"Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы шетелдік компаниялардың еліміздегі филиалдары Қазақстан резиденттерімен арада 2,5 миллиард долларға шетелдік валютада есеп айырысты. Еліміз дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кіргелі, шетелдік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің саны да арта түседі деп күтілуде. Тиісінше, ол мемлекетіміз ішінде шетелдік валютада жасалатын төлемдер көлемінің де күрт ұлғаюына соқтырады. Ал бұл ұлттық мүдделерге жауап бермейді", – дейді Данияр Ақышев.

Сондықтан алдағы жылдан бастап, шетелдік ұйымдардың филиалдары да "резиденттер" деп танылады.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл өзгеріс өмірге жолдама алған соң, ұлттық валютамыз тағы бір тірекке ие болады. Өйткені содан кейін шетелдік компаниялардың біздегі еншілес ұйымдары қазақстандық бизнеспен есеп айырысу үшін жыл сайын кем дегенде 2,5 миллиард долларға тең көлемде теңгені қосымша сатып алады. Осы арқылы мемлекет шетел валютасын Қазақстан аумағындағы есеп айырысуларда пайдалануды қысқарту шараларына кіріседі.

Жаңа құжат Қазақстаннан ақшаны сыртқа әкетуді де күрделендіргелі отыр.

"Ондағы нормаларды іске асыру елден ақшаның әкетілуіне қарсы іс-қимылды арттыруға мүмкіндік береді. Бұл үшін капиталды әкетуге бағытталған операциялар бойынша валюталық бақылау күшейтіледі. Мәселен, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заң жобасында елден ақшаны әкету белгілері бар валюталық операциялардың тізбесі бекітілді" , – дейді ұлттық банк төрағасы.

Біріншіден, бұған қазақстандық заңды және жеке тұлғаларға "кейін Қазақстандағы есепшотқа ақша аудару жолымен өтеуді қарастырмайтын" қарыз берулер жатады. Екіншіден, бейрезиденттерге (шетелдіктерге) Қазақстандағы есепшотқа аударуды қарастырмайтын қарыз ұсынулар кіреді. Үшіншіден, резиденттердің бейрезидентке 720 күннен артық мерзімге пайызсыз қарыз берулері де енгізіледі. Төртіншіден, қайтару мерзімі 720 күннен асатын экспорт немесе импорт төлемі бойынша операциялар да осы тізім арқылы енді ерекше бақыланады.

Өйткені дәл осылар елден ақшаны жылыстатудың "заңды" схемалары саналады.  

Мұндай операцияларға толық тыйым салынбайды, бірақ оларды жүзеге асыру үшін банктер ең алдымен ондай қарызды алғалы тұрған отандық не шетелдік компания туралы толық ақпаратты, досьені қаржылық бақылау органына тапсырады. Және егжей-тегжейлі деректерін құзырлы құрылымға жіберетіні жайында банк компанияға хабарлап, одан соған келісімін алуға міндеттенеді. Демек, мұны естіп, компания сонша қарыз алудан айнып қалуы да мүмкін. Ал егер райынан қайтпаса, ол қаржының ары қарайғы қозғалысы органдардың бақылауында ұсталады.

Жаңа заң 2019 жылдың шілдесінен бастап күшіне енеді деп күтілуде.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу