Қазақстандықтар сымды телефоннан белсенді түрде бас тартуда

3843

Сарапшылардың пікірінше, сымды телефон өз заманының соңғы кезеңіне аяқ басты.

Қазақстандықтар сымды телефоннан белсенді түрде бас тартуда

Өткен ғасырдағы патефон сияқты, телефон да тарих қойнауына кетіп барады. Мұны ресми мәлімет те растауда.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда тек бір жыл ішінде ғана телефон желілерінің ұзындығы бірден 10%-ға күрт кеміген. Ал желі арқылы көрсетілетін байланыс қызметтерінің көлемі еліміз бойынша жалпы алғанда 4%-ға құлдырады. 

Дегенмен, жүргізілген талдау қалалықтарға қарағанда, ауылдықтардың сымды телефон қызметтеріне деген тәуелділігі мен мұқтаждығы әлі күнге сақталып отырғанын паш етуде: ауылдық елді мекендерде бұл сектор қызметтерінің көлемі өткен жылдан бері қайта 2%-ға ұлғайған. Және ауылдықтардың осы сұранысы арқасында байланыс операторлары, соның ішінде "Қазақтелеком" жап-жақсы табыс тауып отыр. 2018 жыл басынан бері жергілікті телефон байланысы 23,3 миллиард теңге табыс әкелген. Рас, бұл табыс та азая түсуде: оның көлемі өткен жылы биылғыдан 3,6%-ға көп болып еді.

Ұлттық экономика министрлігі жалпы, "құлақты" телефон қызметтерінің көлемі бес жыл қатарынан төмендеп келе жатқанын хабарлайды. Бұл ретте оның бүкіл байланыс қызметтері көлеміндегі үлесі де жыл өткен сайын қысқаруда. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын сымды телефонның үлесі 7,7% болса, былтыр 6,1%-ға дейін құлдырады. Ал қазір небары 5,6%-ды құрайды.

Осы орайда бұл сектордың үлесі ауылда да біртіндеп кемуде. Жалпы байланыс қызметтеріндегі оның еншісі бүгінде ауылда тек 26,3%-ға тең. Ұялы байланыс операторларының Қазақстан территориясын неғұрлым толығырақ қамтуға деген ұмтылысы ауылдықтардың да телефон құлағын көтеруді азайтып, қалтафонға көбірек жүгіне бастауына әкелді.

Салыстыру үшін айтсақ, 2010 жылы сымды телефон ауылда байланыс қызметінің 39 пайызын бір өзі иемденіп, алпауыт монополист саналатын. Бұл басым жағдайын ол 2012 жылы (39,6 пайыз), 2013 жылы (38 пайыз), 2014 жылы (36,4 пайыз) және 2015 жылы (34 пайыз) сақтады. Одан кейін үштен бірге де жетпей қалатын күні туды.

Қызметін тұтыну көлемін шектегенімен, көптеген ауылдардың әзірге сымды телефоннан толық қол үзуге мүмкіндігі жоқ. Ал қалалықтар болса, белсенді түрде бас тартуда.

"Қазір біз де ұялы телефонға мықтап ден қойдық қой. Туыс-туған, жора-жолдаспен байланысты "соткамен" жүзеге асырамыз. Үйдегі телефон екі жылдан бері босқа тұрды. Ара-тұра ЕРЦ-ға судың есептеуішінің көрсеткішін хабарлап қоямыз. Бірақ оны ұялы телефонмен-ақ жасай салуға болады емес пе. Сондықтан босқа төлегенше деп, ағыттырып тастап отырмын. "Транстелекомдағы" қыз бас тарту себебін жазсаңыз деп сұрады. "Қажеттілігі қалмады" деп шындығын жаздым", – дейді елорда тұрғыны Дәрмен Қаратаев.

Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша бірқатар өңірлер ғана сымды телефон қызметіне сұранысты сақтап, бұл нарықты ұстап тұр. Бұл жерде бір қызығы, көшбасшы орын Алматы қаласына тиесілі: коммерциялық ұйымдар мен компаниялары көп бұл қала ұялы телефон нөмірі сыртында, сымды телефон ұстауды дәреже көреді. Алатау бөктеріндегі шаһарда бекітілген телефон желілерінің ең көп саны тіркеліп отыр және 493,4 мың бірлікті құрайды. Алайда былтырғыдан 27,6%-ға күрт кеміді: 2017 жылы көрсеткіші 682 болатын.

Екінші тұғырды Қарағанды облысы иеленеді: 347,9 мың бірлік бекітілген телефон желісі бар. Бұл өткен жылғыдан 5,8%-ға азайғандағысы.

"Үштікті" қорғалған телефон желісіне ие, ал смартфондарға тыйым салынған министрліктер мен ведомстволарға толы Астана тұйықтайды: онда 315,2 желі жұмыс жасайды. Бірақ қарапайым тұтынушылардың қарқынды бас тартуы арқасында желілер саны бір жыл ішінде бірден 5,8%-ға кеміпті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу