Қазақстанға "Лоббизм туралы" заң қажет емес

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4464

Бұл – ықпалды топтың мүддесі.  

Қазақстанға "Лоббизм туралы" заң қажет емес

Парламент пен үкіметтің арасын 20 жылдан бері елес болып кезіп жүрген "Лоббизм туралы" заңның қажеттігі жақында саясаттанушылар арасында тағы да сөз болды. Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев қолданыстағы заңдардың қатарына қосыла алмай жүрген "Лоббизм туралы" заң жобасының идеясы стратегиялық жағынан мемлекеттік бағдарламалардың барлығымен қабысып тұруы тиіс екенін айтты.

"Біздің елде лоббизм ресми емес байланыстарда кеңінен қолданылады. Байланыстың мұндай түрін көлеңкелі топтар өздеріне кедергі келтіретін  субьектілерді жою немесе ығыстыру үшін пайдаланады. Қазақстандағы  лоббизмнің тамыры терең, тек заң шығарушы органда ғана емес, атқарушы билікте де, Парламентте де күшті", – деді Досым Сәтпаев.

Оның айтуынша, Қазақстандағы лоббизм аса жоғары деңгейде екенін  астыртын шешімдердің қабылдануы мен түрлі қаржылық топтар қатысатын жабық тендерлердің өткізілуінен білуге болады.

"Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрес аясында лоббилауды реттейтін арнайы заң қажеттігін бірнеше рет айтты. Ал құзырлы мемлекеттік органдар осыған қатысты заңды қарауға асығар емес. Үкіметте, саяси элитада заң жобасының қабылданбауына мүдделі топтар бар. Оларға құқықтық жағынан шектелмей, көлеңкеде жұмыс істеген тиімді. Лоббизм туралы қандай да бір заңдық күші бар құжаттың қабылдануы азаматтық институттарға   заңнамалық процеске қатысуға жол ашады. Бұл заң заң қалталыларға емес, қоғамға керек", – деді Досым Сәтпаев.

Ол лоббизмди реттеу немесе шектеу туралы заң қабылдау бірнеше мәселенің шешімін табуға ықпал ететінін баяндады.

"Лоббизм туралы" заң арқылы жемқорлықтан құтыламыз деу асығыстық. Саяси  элиталар арасындағы күрес заң қабылдана салысымен тиылмайды", –деді Досым Сәтпаев.

Оның айтуынша, лоббизмді реттейтін заң жобаларының басым көпшілігі парламент комитеттерінде кезек күтіп жатыр.

"Лоббизим  туралы" заң жобасы  қоғамдық талқылау үшін тәуелсіз сарапшыларға ұсынылған жоқ", – деді Досым Сәтпаев. 

Сөз арасында ол кез келген шетелдік бизнестің тасасында үкіметтің шешімдеріне ықпал ете алатын адамдардың  қоса жүретінін, ондай топтарға  бизнес-элитадан айтқаннан шықпайтын агент  табу қиын емес екеніне тоқталды.

"Мұндай жағдайды біздің елдің ұлттық, мемлекеттік мүддесіне қауіп  төндіретін құбылыс деп қарау керек. Біздегі лоббизм мемлекеттік деңгейден асып, трансұлттық деңгейге жетіп қалды. Жағдай бұлай жалғаса берсе, мемлекетаралық лоббистік топтардың ықпалында кетеміз. Бізде   парламенттегі лобби туралы көбірек айтылады. Үкіметте қабылданатын шешімдердің де лоббиі бар. Заң жобасын талқылаған кезде тек парламент шешімдеріне ғана емес, үкіметте қабылданатын шешімдерге де әсер ете алатындай  етіп әзірлеу керек", – деп қорытты ойын Досым Сәтпаев.

Экономист Ерлан Ибрагим Қазақстандағы лоббизм Ресей, АҚШ, Қытай лоббиі болып бөліне бастағанын айтты.

"Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 25 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл РФ мен арадағы тауар айналымынан көп. Бірақ соған қарамастан ҚХР жайлы үкіметтің тұжырымдамасы айқын емес. Саясаттанушылар мен сарапшылардың қолында  үкіметтің ҚХР саясатына қатысты ұстанымының айқын еместігін дәлелдейтін көп дерек бар. Егер жағдай бұлай жалғаса берсе, олардың қатары қырғыз немесе өзбек лоббиімен толығып, қазақ лоббиі тасада қалуы мүмкін", – деді Ерлан Ибрагим.

Дамыған елдердің біразында лоббизмді бір заңмнен шектеу деген ұғым ХХ ғасырда қалған. Кейбір заң жобаларын біріктіріп, оның шикі, күмәнді тұстарын алып тастап,  мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын талап  ететін тұстарын жетілдірсе болды.

"Бізде заң жазу мен қабылдау сәнге айналып кетті. Тек соңғы жылдары бірнеше заң қабылданды немесе өзгертілді. Тіпті оқып, зерттеп үлгере алмайсың.  Айқындылық болмаған соң кейбір қолданыстағы заңдардың өзі лоббистердің қолындағы қуыршаққа айналып отыр. 1990 жылдардың басында біздің ел басқа жолдың жоқтығынан шикізаттық секторға басымдық берді.  Сол кезде саяси билік бұл бағыт қосымша қор жинау үшін керек екенін, уақыт өте келе шикізаттық емес секторға басымдық беретінімізді айтты. Тек табиғи ресурстар емес, барлық салада дайын өнімдерді сатып алу немесе шикізат экспорты лоббиі үстемдік құрды. Қазақстан алып базарға айналды. Шикізатат экспорты мен импорт лоббиі экономиканың алға жүруіне кедергі келтірді. Бізде қай саланың лоббиі мықты екенін білу үшін маман болудың қажеті жоқ", – деді Ерлан Ибрагим.

Оның сөзінше, отандық банктердің лоббиі мықты екені көрер көзге көрініп тұр. Қазір банктер арасындағы бәсеке мемлекеттің банктерді сауықтыру бағдарламасына қатысу үшін жүріп жатқанға көбірек ұқсайды.

"Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банктің құқығын күшейтіп, екінші деңгейлі банктердің  иелері  мен акционерлерінің жауапкершілігін арттыру керектігін айтқаны сол еді, банктер нарықтағы орнын сақтап қалу үшін  қозғала бастады. Үкімет бұл қадамға банктерге көмектесуден бас тартқысы келгендіктен емес, бұдан былай бұрынғыдай банктердің жұмысына араласа алмайтындығынан барып отыр. 2019-2020 жылдары елімізге шетелдік банктер келе бастайды. Банктер ДСҰ жағдайында жұмыс істейтін болады. Үкімет банктерді соған дайындап жатыр. Үкімет  үкілеп келген банктерінің әлеуетін ДСҰ көрсетеді", дейді Ерлан Ибрагим.

Экономистің пікірінше, "лоббизм туралы" заңның осы уақытқа дейін қабылданбауының бір-ақ себебі бар.

"Бізде  бұл заңның қабылдануына  ешкім мүдделі емес. Заңның жұмыс істеуін бақылайтын база жоқ.  Ол базаны қалыптастыру үшін қолданыстағы заңдардың күмәнді тұстары қайта қаралуы және заңдар бір-біріне  сәйкестендірілуі тиіс. Сондықтан "лоббизм туралы" заң бізге аңыз болып көрінеді. Оның  жауапкершілігін алуға билік те, қоғам да дайын емес", – деді Ерлан Ибрагим.

Әлеуметтік бағдарламаларды талдау орталығының басшысы Меруерт Махмутова да "лоббизм туралы" заңның дәл қазір қажет екенін айтады.

"2016 жылдың мамырынан бастап "Өзін-өзі реттеу туралы" заң күшіне енді. Тараптардың лоббиі туралы мәселені сол заң шеңберінде шешуге болады. Бізде нарықтағы ойыншылардың құқығын  ашық түрде қорғайтын "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы бар. Біз мемлекеттік институттардың құқықтық негізде әрекет етуі мен заң айқындылығы үшін жұмыс істеуіміз керек", – деді ол.

Гүлбаршын Сабаева

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу