Қазақстанның ең табысты бес банкі

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4346

Соңғы 8 айда 322,6 млрд теңгеге байыды. 

Қазақстанның ең табысты бес банкі

Жыл басынан бергі 8 айда Қазақстандағы банк секторы 418,6 млрд теңге табыс тапты. Өткен жылды санамағанда соңғы бес жылда елдегі банк секторында табыс жақсы болды. Мәселен 2013 жылдың алғашқы сегіз айында 169,2 млрд теңге, 2014 жылы 62,2 млрд теңге, 2015 жылы 127,6 млрд теңге, 2016 жылы 273,7 млрд теңге табыс болса, өткен жылдың қаңтар-тамыз аралығында банк секторы 160,3 млрд теңге шығынға батқан еді. 

Жалпы, 2013 жылдан бері елдегі банк секторының таза табысы 2,5 есеге көбейгені байқалады.

Банктерге жекелей тоқталар болсақ, банк секторындағы таза 418,6 млрд теңге табыстың 43,9 пайызы, яғни тең жартысына жете қабылы Халық банкіне тиесілі. Қазкомды биыл өзіне қосып алған бұл банк жыл басынан бергі сегіз айда 183,7 млрд теңге таза пайда тапты. Естеріңізге сала кетейік, былтыр барлық банктер шығынға батып жатқанда бұл банк 99,5 млрд теңге табысқа кенелген еді.

Екінші орындағы Каспий банкінің сегіз айдағы табысы барлық банк секторындағы көрсеткіштің 16,1 пайызын құрап, 67,6 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 30,7 млрд теңге болған еді.

Үздік үштікті қорытындылаған Сбербанк қаңтар-тамыз аралығында 30,8 млрд теңге табыс тапты. Бұл көрсеткіш барлық банк секторындағы табыстың 7,4 пайызын құрайды. Былтыр банк 9,2 млрд теңге тапқан еді.

Төртінші және бесінші орындарда ТҚЖ банкі (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) мен Ситибанк. Олардың әрқайсысы сегіз айда банк секторындағы таза табыстың 4,8 пайызын иеленіп, 20,3 млрд теңге табысқа кенелді.

Осылайша, Қазақстандағы ұзын саны екінші деңгейлі 30 банктің ішінде үздік бестік саладағы табыстың 77,1 пайызын иеленіп отыр. Бұл бес банк жылдың алғашқы сегіз айында 322,6 млрд теңгеге байыған. Бір жыл бұрын үздік бестіктің табысы 173,4 млрд теңге болған еді.

Бұл бестіктен кейінгі үздік ондықта Цесна банкі, РБК банкі, Хоум Кредит банкі, Форте банкі мен Еуразиялық банк бар. Олардың 2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығындағы табысы 7,4-19,5 млрд теңгені құрады. Ал Қазақстандағы Пәкістан банкі мен Касса Нова банктері тиісінше 0,07 және 0,4 млрд теңгеден шығынға батса, күні кеше лицензиясынан айырылған Астана банкі жыл басынан бері 23,5 млрд теңге жоғалтқан.

Активтің капиталға қатынасындағы банк секторының тиімділігі тиісінше 1,7% және 14,7% болды. Өткен жылы бұл көрсеткіштер "минуста" еді.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу