banner

Қазақстанның Ресеймен біріккен кәсіпорындарын не күтіп тұр

Елімізде 3 мың кәсіпорын Ресейден келген капиталмен жұмыс істейді.

Қазақстанның Ресеймен біріккен кәсіпорындарын не күтіп тұр

Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов "2019 жылы санкциялар салқыны қатты біліне бастайтынын, осыған байланысты қазірдің өзінде ірі инвесторлардың Ресей экономикасына инвестиция салудан бас тартып отырғанын" мәлім етті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта өзге елдерде шаруасын дөңгелетіп отырған Ресей кәсіпорындары да тығырыққа тірелетінін атап өтті. Себебі көрші елдегі экономикалық жайсыздыққа байланысты ол кәсіпорындардың да кіріс көзі азайып кеткен.

Халықаралық Standart&Pores агенттігі де Ресей экономикасына қатысты жағымсыз баға берді. Аталмыш агенттік көрші ел экономикасының қазіргі рейтингін ВВВ+ деңгейінен, ВВ-деңгейіне түсірді. ВВ-деңгейі "экономикасы қоқысқа малтықты" дегенді білдіреді.

Көрші елдегі жағдай осылай қалыптасып отыр. Ал мұның Қазақстанға әсері қандай болмақ?

Ресей экономикасына талдау жасап жүрген ғалым, халықаралық экономика саласының сарапшы маманы Марал Төртенованың айтуынша, бұл жағдайдың Қазақстанға салар өзіндік ауыртпалығы болады.

"Қазақстанда Ресеймен біріккен ірі компаниялардан бөлек, 3 мың кәсіпорын көрші елден келетін капиталмен жұмыс істейді. Соңғы бес жылда Ресейден Қазақстанға келетін инвестиция көлемі 4,5 млрд долларға өсті. Ал Қазақстаннан Ресейге 1,6 млрд доллар инвестиция барады. "Лукойл", "Газпром", "Внешэкономбанк", "Росатом", "Русал" тәрізді көрші елдің ірі компанияларынан бөлек, Өскеменде Ресеймен біріккен құны 500 млн долларды  құрайтын автокөлік құрастыратын кәсіпорын бар. Бұдан бөлек, титан-магний шығаратын компаниялар жұмыс істейді. Ақтөбеде мыс өндіретін біріккен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Байқоңырда да біріккен компаниялар жетерлік. Сондықтан алдағы уақытта Ресеймен біріккен кәсіпорындар мен компаниялардың бақылау пакетінің басым бөлігін өз жағымызға алған жөн. Түскен пайданы да 50/50 етіп тең бөлмей, Ресейге 30%-ын, өзімізге 70%-ын қалдыруды көздеу керек. Осылай етсек ұтылмаймыз", – дейді Марал Төртенова.

ТМД елдері бойынша экономикалық деректерді сүзгіден өткізіп отыратын экономика ғылымының РhD докторы Марғұлан Алдоңғаровтың айтуынша, 2019 жылы Ресеймен біріккен кәсіпорындар дағдарысты анық сезіне бастайды.

"Рубль 2017 жылдан бері 35%-ға дейін төмендеді. Ал бұл аралықта біздің төл теңгеміз де 20%-ға дейін құнын жоғалтты. Биылдың өзінде Ресейден 150 млрд доллар сыртқа жылыстаған. Қазір Ресей экономикасына инвесторлар ірі инвестиция салудан қашып жатыр. Себебі көрші елді санкция бір қысса, сыртқы қарызы тағы да жағадан алып отыр. Осыған орай бірқатар ел Ресейдің инвесторларына жеңілдікпен несие беруді тоқтатты. Ал инвесторлардың қаржысыз қалуы өзінен-өзі мәселені ушықтырады. 2019 жылы көрші елдің мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 14,4-14,7%-ын құрауы әбден мүмкін. Оның үстіне жыл соңында әр мемлекет белгілі мөлшерде сыртқы қарызын қайтарады. Салық төлейді. Осы жағдайдың барлығын алып қарағанда Қазақстандағы Ресеймен біріккен кәсіпорындарға оңай болмайды. Олар келер жылы нақты дағдарысты сезіне бастайды", – дейді экономист-ғалым Марғұлан Алдоңғаров.

Оның пайымдауынша, әсіресе Ресеймен бірігіп азық-түлік өнімдерін шығаратын, автокөлік құрастыратын, киім-кешек өндіретін кәсіпорындарға ауыр тиеді.

"Бұл арада трансұлттық компаниялар, мұнай-газ экспортымен айналысатын компаниялар әзірге қинала қоймас. Өйткені олардың экспорттайтын өнімдерінің көлемі ауқымды. Біздегі Ресеймен біріккен азық-түлік, киім-кешек шығаратын, автокөлік құрастыратын кәсіпорындар қиналып қалады. Себебі, қазір Ресейден Оңтүстік Корея 1,6 млрд доллар, Словакия 1,8 млрд доллар, Финлияндия 2,5 млрд доллар қарыздарын сұрап отыр. Санкциядан бөлек сыртқы қарызды қайтару да көрші елге оңай болып тұрған жоқ. Ендігі кезекте осы елдердің қарыздарын қайтармаса, олар  экспорттайтын тауарларына шектеу қояды. Ресейдің ішкі нарығы қазір бос қалып отыр. Біз соңғы алты айда 18,3 млрд теңгеге Ресейден азық-түлік алыппыз. Өзіміз көрші елге 25,6 млрд теңгенің азық-түлігін апарыппыз. Ресей қазір Қазақстаннан өнімді көптеп алып отыр. Сапалы өнімнің дені сол елге кетіп жатыр. Біздегі біріккен кәсіпорындар осындайда Ресейді қамтамасыз ету жағын ойластыратыны сөзсіз. Ал Қазақстанның отандық кәсіпорындары ішкі нарықты толық қамти алмағандықтан Германия, Қытай, Польша тәрізді көптеген елден импорт енгізіп отыр. Бұдан отандық өнім бәскелестікке шыдамай, өтімділігін де төмендетіп алатыны даусыз. Сондықтан келешекте отандық өнімді қолдау үшін біріккен кәсіпорындарға емес, жекеменшік кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетілуі тиіс", – дейді Марғұлан Алдоңғаров.

Оның сөзінше, отандық кәсіпорындарды қолдау үшін алдымен экспорт, импорт сауда-саттығында транзиттік жеңілдіктер қарастырылуы тиіс.  Бұдан бөлек тарифтік жеңілдіктер де бекітілгені жөн.

"Бізде субсидия өндіріс орындарын жаңартып, модернизациялауға, ауыл шаруашылығы саласына көптеп беріледі. Ал отандық азық-түлік өндіру, киім кешек тігу жағы субсидиядан қалыс қалып жатады. Болашақта қалыптасып отырған экономикалық жағдайға байланысты осы екі сала бойынша да субсидия беру мәселесі шешілгені жөн", – дейді Марғұлан Алдоңғаров.

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу