Қазақстанның тұлпарын 1 миллион долларға сат деп өтінген

963

Жарыстарға қатысқан сайын Кабирханның рейтингі өсіп жатыр.

Қазақстанның тұлпарын 1 миллион долларға сат деп өтінген Фото: Игорь Ясинский

Бұған дейін Дубайдағы әлемдік додада Қазақстанның сәйгүліктері жүлделі орындарға ілінген емес. Алайда тумысынан тұлпар болған Кабирхан деген ат отандастарымыздың мерейін үстем етіп, мейманасын тасытты. Аттың иесінің айтуынша, сәйгүлікті сат деп қолқа салғандар көп болған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев Ұлттық спорт қауымдастығының ютуб арнасына берген эксклюзивті сұхбаты барысында біршама тың дерекпен бөлісті. Айтуынша, Кабирханның тұрқын көрген ат сыншылары оны 100 жылда бір туатын тұлпар деп бағалаған. 9 рет бәйгеге шауып, соның сегізінде бірінші, тек біреуінен екінші келген Кабирханға ат ұстаушылардың назары бірден ауған.

"Кабирханды сат дегендер көп болды. Ресейден де сұрады. Бірақ, келісе алмадық. Қанша ұсынғандары құпия болып қалсын. Ең көбі 1 миллион доллар берді, сатпадым",-дейді аттың иесі.

Сондай-ақ, ол жарыстарға қатысқан сайын Кабирханның рейтингі өсіп жатқанын жеткізді.

"Біраз жүлде ұтты. Өз-өзін ақтап қойған. Ресейде 5,5 миллион рубль ұтты, теңгеге шақсақ 27 миллион теңге. Ал Дубайда 126 мың дирхем жеңді. Енді оны курспен есептесек 35 мың АҚШ доллары",-деді Тілек Мұханбетқалиев.

Айта кетейік, бүгіннен бастап Ұлттық спорт Youtube арнасын іске қосылды. Арнада эксклюзивті сұхбаттар, Ұлттық спорт қауымдастығына кіретін федерациялардың жаңалықтары, спортшыларды даярлау барысы сияқты және т.б. көптеген қызықты контент жарияланбақ. Оның алғашқы шығарылымы  БАӘ, Дубайда өткен жарыста бірінші орынға ие болған, көптеген жарыста алдына қара салмаған Кабирхан атты жылқының иесі Тілек Мұханбетқалиевпен эксклюзивті сұхбатқа арналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу