Қазақтың көне тәрбие тәсілін дұрыс түсінеміз бе?

3818

Балаларға зорлық жасаған азғындарға жазаны қатаңдату керек, тіпті өлім жазасына кессе де артық болмайды.

Қазақтың көне тәрбие тәсілін дұрыс түсінеміз бе?

22 қараша күні Астанадағы Орталық коммунациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Балалар құқын қорғайтын өкілі Зағипа Бәлиева осындай үзілді-кесілді пікірін білдіріп, одан еш бас тартпайтынын мәлімдеді.

Ақтаудағы жантүршігерлік зорлау әрекетінен көз жұмған кішкентай қыз бала жайлы журналист сұрағына жауап берген балалар құқығы бойынша омбудсмен, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева дәрігерлер қанша арпалысса да беті бері қарамай, кеше ғана қыршын кеткен өрімдей Виканың қазасына қатты қайғыратынын айтты.

"Бүлдіршіннің туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Аталған мәселеге бірінші күннен айрықша назар аудардым. Өкінішке қарай, жағдай оңалмады. Дегенмен бұл қасірет бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, балалар құқын қорғау тақырыбына қатысты қалыптасқан көзқарасты тағы бір сараптауға мәжбүр етті.

Жеткіншектердің қауіпсіздігін қалай қорғаймыз? Сот үкімі шыққан қылмыскер ертең бостандыққа шыққанда қайтеміз? Балалар құқын қорғайтын өкіл ретінде мен жазаны қатаңдатуды толық құптаймын. Лаңкестік сынды балаларға зорлық-зомбылық көрсету сияқты аса ауыр қылмыстарға өлім жазасының қолданылуын ашық жақтаймын. Бұл мақсатта көптеген заңға өзгерістер енгізген жөн. Бірақ, шапшаң қимылдауымыз қажет. Ол үшін бірқатар ұсынысымыз әзір", – деді өкіл.

Еске сала кетсек, Ақтауда зорланған 6 жасар Виканың есін жимастан қыршын кеткенін қыздың әжесі хабарлады. Ол отандық ақпарат агенттігінің тілшісіне "Ия, біздің кішкентай балапанымыз бүгін, 21 қарашада 17:20-да көз жұмды", – деді. Виканың қайтыс болғаны туралы ақпаратты, Ана мен баланың ғылыми-зерттеу орталығы да растады. Вика үш ай бойы осы орталықтың бақылауында болғаны белгілі.

Айтпақшы, Зағипа Бәлиева қызды-қыздымен "май құйрықтан шапалақпен жұмсақ салып жіберуге де" тыйым салу керектігін де бірнеше рет қайталады.

"Ешкім қылмыскер болып тумайды. Бәрі тәрбиеге байланысты. Баланы шапалақпен ұруды, айғайлауды да шектеген абзал. Мұндай болмашы заттардың айыбы да заңнамалық деңгейде қарастырылып, ұсақ-түйекке дейін жол бермеуге бекініп отырмыз", – деп шегелеп айтты Зағипа Бәлиева.

Омбудсмен, дегенмен, балалар құқын аяқасты етпеу ісінде елді дүрліктірген оқиғалардың егжей-тегжейлі тергеліп-тексерілген соң ғана қорытынды жасалатынына сендіріп, халықаралық тәжірибенің жағымсыз тұстары алынбайды деп уәде берді.

Белгілі теолог ғалым, дінтанушы Қабылбек Әліпбайұлы abctv.kz тілшісіне берген түсініктемесінде Ісләм дінінде рұқсат етілгенімен, баланы ұрып тәрбиелеудің де шегі бар екеніне назар аударды. Сөзді тыңдамай, құлақ аспай бара жатса ғана, ауырмайтындай, яғни май құйрықтан салып жіберуге болатынын түсіндірді.

Бірақ, елімізде беделді де білімді имам мейлінше қол жұмсамай, жас шыбықтай иілгіш өскелең ұрпақты қазақтың "ұят болады" деген сөзімен тәрбиелеуге тырысқан деген пікірін білдірді. Әйтпесе, жиі соққы көрген бала санасы қатыгезденіп, безбүйрек болып өсу қаупі төнеді.

Қалай болғанда да елдің жарқын болашағы – балалардың тағдырына ешкім самарқау болмай, қоғамда қызу пікірталас болып жатқаны қуантады.

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу