banner

Қажылық Саудия үшін діни мереке ғана емес, әрі логистикалық сынақ

6220

Сауд Арабиясы Меккеге жиналатын 2 миллиондай мұсылманға қызмет көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Қажылық Саудия үшін діни мереке ғана емес, әрі логистикалық сынақ

Сауд Арабиясының Жоғарғы соты тамыздың 19-ын қажылықтың бірінші күні деп жариялады. Ол жұманың кешінде аяқталады. Осы аптаның соңына дейін қасиетті парызын өтеу үшін Меккеге әлемнің түкпір-түкпірінен  2 миллиондай мұсылман жиналады. Монархияның Ақпарат министрі Әуад бин Салес әл-Әуад растағандай, Саудия қажылыққа келгендерге қызмет етуге толық дайын. Сонымен қатар, оның мәлімдеуінше, барлық мұсылмандарға нәсіліне қарамай қасиетті жерлерге еркін кіруіне жағдай жасалып, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Және де қажылықтың өту барысы жайында дүниежүзінің 800-ден астам журналисі хабар таратады.

Қажылық – исламның бес парызының бірі. Оны қаржылық және физикалық мүмкіндігі бар ересек мұсылман өмірінде бір мәрте болса да өтеуі керек. Соңғы мәліметке қарағанда, бейсенбіге дейін осы мақсатпен Саудияға төрткүл дүниеден 1,6 миллиондай адам жиналды.

Қажылық ислам күнтізбесі бойынша жыл сайын Дху әл-Хиджаһ айының 8-ші күні басталады. Және де бұл – корольдік үшін айтулы оқиға. Қажылық Саудия үшін діни мереке ғана емес, логистикалық сынақ та болып табылады. Өйткені, әлемнің түкпір-түкпірнен жеткен миллиондаған мұсылманға тиісті деңгейде қызмет көрсетілуі керек.

Айта кету керек, тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның "Көрініс-2030" бағдарламасына сәйкес, Саудия мұнайға тәуелділіктен құтылу мақсатында діни туризмге ерекше көңіл бөліп, болашақта қажылыққа келушілер санын арттыруды көздеп отыр.

"Смарт қажылық"
Биыл да талай адам Меккеге алғаш рет барып жатыр. Олар үшін Қағбаны көріп, өзі үшін, бүкіл мұсылмандар үшін құлшылық ету - өмірлік арман. Қажылық нәсілі мен ұлтына қарамастан, әркім үшін "ихрамға" оранудан  басталады. Содан кейін мұсылмандар Қағбаны айналады, Меккенің шығысындағы Арафат тауына барады. Ал, шайтанға тас атумен үш күндік Айт мерекесі басталып, қажылық аяқталады.

АҚШ-тағы The Pew Research орталығының болжамынша, планетеда 2015 жылы 1,8 милллиард мұсылман өмір сүрген екен. Олардың саны 2060 жылы 3 миллиардқа жетуі мүмкін. Сондықтан, келешекте Саудия үкіметіне логистикаға байланысты қойылатын талаптар күшейе бермек.

Биыл монархия басшылығы "Смарт Қажылық" жобасын іске қосты. Оған сәйкес, шетелден келген мұсылмандарға бағыт көрсететін қосымшалар жасалған. Бұл смартфон бағдарламалары жол жүру жоспарларынан бастап, медициналық көмекке дейінгі көптеген салаларды қамтып отыр. Солардың бірі – Asefny қосымшасы. Оны Қызыл Крест ұйымының Сауд Арабиясындағы бөлімшесі адамдарға жедел дәрігерлік жәрдем көрсету үшін ойлап тапқан. Госпиталь мамандары бұның көмегімен денсаулығы сыр берген адамды дереу тауып алады. Сонымен қатар, Саудия Қажылық министрлігі Manasikana деген қосымша жасаған. Оның мақсаты – ағылшын, араб тілдерін білмейтін мұсылмандарға аудармашылық қызмет көрсету. Ал, Saudi Gazette басылымының хабарлауынша,  басынан күн өткен, тағамнан уланған адамдарға бірнеше тілде ақпарат беретін, жөн сілтейтін веб-сайт та ашылды. Бұған қоса, елдің Ақпарат министрлігі қасиетті орындарда жүрек талмасына ұшыраған немесе миына қан құйылған жандарға дереу көмек көрсету мақсатында дәрігерлер мен мамандарға хабар беретін халықаралық хотлайн желісін іске қосты.

Қауіпсіздікті мыңдаған маман қамтамасыз етеді
Сауд Арабиясының Азаматтық қорғаныс бас дирекциясының мәліметінше, қажылыққа келген адамдарды қорғауға және оларға төнген қауіптің алдын алуға 18 мыңнан астам қызметкер тартылып отыр. Олар 3 мыңдай көлікпен қамтамасыз етілген.

Дирекцияның тағы бір дерегінше, бұл күштер озық технологиямен, сандық карталармен жабдықталған барлық қасиетті орындарға шоғырланып, 32 мемлекеттік органмен ынтымақтаса жұмыс істеп жатыр.

Қажылыққа арналған азаматтық қорғаныс күштерінің командирі генерал-майор Сәлім бин Марзұқ әл-Матфари мәлімдегендей, қажылықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары үш тармақтан тұрады. Олардың біріншісі – қауіптің алдын алу, шара қолдану;  екіншісі – сол қауіпке қарсы тұру, күресу; үшіншісі – қажылық парызды қауіпсіз орындауға әрі қарай жағдай жасау.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу