"ҚазМұнайГаз" IPO-сы халық үшін барынша қолжетімді болады

4758

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында "Самұрық-Қазына" АҚ қоржынындағы бірқатар компанияны IPO-ға шығару, яғни инвесторлардың кең ауқымына акцияларын бастапқы ұсыну көзделген. Осындай компаниялардың бірі – қазақстандық мұнай-газ саласындағы көшбасшы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ.

"ҚазМұнайГаз" IPO-сы халық үшін барынша қолжетімді болады

Мұнай алыбының акциялары қандай бағамен ұсынылатын болады деген ең басты сұраққа әзірге жауап жоқ. Себебі акцияларды сату, сондай-ақ шарттар мен баға туралы қорытынды шешімді ҚР Үкіметі консультанттардың ұсынымдарын, алдағы сұраныс пен нарық жағдайына жасалған алдын ала бағалауды ескере отырып қабылдайды.

Бірақ қазірдің өзінде "ҚазМұнайГаз" IPO акцияларын сатып алу тәсілдерін таңдау тұрғысынан қазақстандықтар үшін барынша қолжетімді болады деп айтуға болады.

Брокерлер арқылы сатып алу – әзірге ең кең таралған әдіс. Бұл бағалы қағаздармен тұрақты операцияларды жүргізу үшін ыңғайлы және цифрлы технологиялардың дамуымен одан да қолайлы бола бастады. Бүгінде брокерге компанияның кеңсесіне келмей-ақ, мобильді қосымшалардың көмегімен немесе веб-сайт арқылы сатып алу немесе сату туралы нұсқаулар беруге болады.

Сонымен қатар брокерлер өз клиенттеріне нарық бойынша  аналитикалық материалдар ұсынады. Бұл шешім қабылдау және инвестициялардың қауіпсіздігі мен кірістілігін қамтамасыз ету үшін өте пайдалы болуы мүмкін.

"ҚазМұнайГаз" IPO шеңберінде акцияларды дәстүрлі брокерлер арқылы сатып алудан басқа, тікелей жазылым қолжетімді болады. Бұл – брокерлік шот ашпай-ақ, AIX биржасы арнайы әзірлеген Tabys мобильді қосымшасы арқылы акцияларды сатып алуға өтінім беру. Мұнда өтінімді инвестор өзі береді және қосымшаға тіркелген банк картасымен төлей алады. Бұл әдіс ұзақ уақыт бойы акционер болуды жоспарлағандарға қолайлы. Алайда, егер акция иесі оларды сатқысы келсе, оған міндетті түрде брокерлік компаниямен келісімшарт жасау керек.

Брокерлік компаниялардың филиалдарынан алыс және тұрақты интернет байланысы жоқ шалғай аймақтардан келген инвесторлар да назардан тыс қалмайды. Мұндай жағдайда "Қазпошта" қызметтерін пайдалануға болады. Ұлттық пошта операторы брокер ретінде қызмет көрсете алады (дегенмен, барлық бөлімшелерде емес, бұл ақпаратты "Қазпошта" веб-сайтында нақтылауға болады), сондай-ақ пошта бөлімшелері арқылы Tabys-қа тікелей жазылу қызметтерін ұсынатын болады.

Осылайша, IPO-да үміткер компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін қазақстандық бөлшек сауда инвесторларының барынша көп санына ұсыну көзделіп отыр, оларға сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" компаниясының алдағы IPO-сында акцияларды бөлу кезінде де басымдық берілетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу