KEGOC-тың "еншілесіне" қосымша қаражат бермекші

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2127

"Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есептеу-қаржылық орталығы" ЖШС биылғы жылдың соңына дейін қосымша қаржыландырылып бітуі мүмкін.

KEGOC-тың "еншілесіне" қосымша қаражат бермекші

KEGOC АҚ-тың еншілес компаниясы, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) қолдау жөніндегі жалғыз оператор "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есептеу-қаржылық орталығы" ЖШС Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен энергия өндіру секторының қарқынды дамуына байланысты, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуі ықтималдығынан бірдейлендіру үшін  қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Айта кетейік, елімізде ЖЭК-тің тарифі белгілі бір шамада теңгеге тәуелді.  ҚР энергетика министрлігіне осындай ұсынысты өзгелермен қатар  (жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік) IRENA да жасады.

"Біз бекітілген тарифтер жүйесін, оған қол жеткізу жүйесін құрдық, болды, одан артық ештеңе жасалмаған секілді. Сол себепті де жүйе осал болып шықты. Жүйенің осалдығы бізде бір ғана сатып алушының болуында жатса керек. Ол – мемлекеттік компания, ұлттық KEGOC компаниясының еншілесі, яғни электр желілік ұйымның еншілес компаниясы. Тарифтің немесе табыстың осалдығы  табыстардың жергілікті валюта теңгемен жасалуында. Экономиканың тұрақталмауынан, анда-санда ұлттық валютаға қатысты өзгерістер болып тұрады. Бұл инвесторлар, әсіресе, халықаралық инвесторлардың салған инвестициясын қайтарып алуына  үлкен қауіп төндіреді", – деді ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев  "Тұрақты энергетика дамуын қамтамасыз ету" министрлік конференциясы аясында өткен "Орталық Азияда жаңартылатын энергетика" министрлік диалогта.

Инвесторлар электр энергиясын сатып алатын операторлармен келісімшарт жасау жүйесінің көлеңкелі тұстары да тағы бір мәселе болып отыр.

"Бұл жерде барлығы әкімшілік жолмен – тізімдер құру, оларды үкімет қаулысына, үкіметтің тиісті қарарына енгізу арқылы жасалады. Сонымен бірге инвесторларға жергілікті органдардан жер алу мәселесі қиын болды. Бұл процесс дұрыс жолға қойылмаған болатын. Былтыр энергетика министрі болып келген кезде осындай мәселелердің бар екенін білдім. Талдау жүргізіп, бұл міндеттерді бірте-бірте шешіп жатырмыз", – деді министр.

Қанат Бозымбаев Қазақстан аукциондар жүйесіне көшетінін айтты. Аукцион жүйесінде инвесторлар бір кВТ/сағ үшін ең арзан бағаны ұсынып, жаңартылатын энергия көздерін салу үшін өзара бәсекелесуі керек болады.

"Әлемнің 44 елінде бекітілмеген тарифтер жүйесі сәтті қолданылып отыр. Ал аукцион жүйесін заң жобасына енгізіп қойдық, Қазақстанда келесі жылдан бастап аукцион жүйесі енгізілетін болады. Қарапайым мысал келтіретін болсақ, бүгінгі күні біз күн энергиясының бір кВт/сағ үшін 34 теңге төлейміз. Бұл америкалық 10 центтен көп. Ал бірнеше ай бұрын Абу-Дабиде өткен аукцион 2,4 центті көрсетті. Капитал құны әр түрлі болуы мүмкін екенін жақсы түсінемін. Шуақты күндер аз шығар, бірақ енді бес есе аз емес қой. Сондықтан өзіміз үшін аукционды таңдап алдық, сол бойынша нақты жұмыс істейтін боламыз", – деді ол.

"Сондай-ақ инвесторлардың жергілікті электр желілерінің өткізу қабілетін білмей, табиғи-климаттық жағдайға мән бермей, өз станцияларын асығыс-үсігіс сала салғылары келгенінің куәсі болдым. Солтүстік өңірлерде желдің күшінің әлеуетіне қарамай, күн немесе жел электр станцияларын салғысы келгендерді көрдім. Сондықтан өңірлер бойынша ЖЭК-ті орналастыру жоспарын жасау керек болды. Бұл жоспарды жасау принципі қарапайым. Әр өңірдің күн мен желге қатысты әлеуетін, желілердің өткізу қабілетін ескердік", – деді министр.

Оның айтуынша, енді инвесторлар қанша жаңартылатын энергетика көздері бар екенін, Қазақстанға ЖЭК-тің қандай түрі мен қуаты қажет екенін  жақсы білетін болады.

"Келесі жылдан бастап зауыт салып оның өнімін сатып алатын инвесторларға, осы аукционның операторларына түсім жақсы болады. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздеріне арналған электр энергиясы тарифін еркін айырбасталатын теңге бағамына қатысты еттік. Яғни теңге 25-30%-ға түсіп кететін  болса, онда оның 30%-ы тарифтің артуымен орнына толатын болады. Мұның барлығы инвесторларға қолдау көрсету үшін жасалып жатыр", – деді ол.

Министрдің айтуынша, аукциондар енгізіп, жаңартылатын энергетиканың нарықтық бағасы қалыптасқаннан кейін, 2018 жылға қарай ЖЭК-тің әлем валюталарына еркін айырбасталатын теңге бағамымен жасалатын тариф қалыптасады.

"Осылайша инвесторлардың қол жеткізу, қаржылық тәуекел қаупі азаятын болады. Ендігі қалған мәселе, сатып алушыны қосымша қаржыландыру мүмкіндігін бір жақты ету жайында болып отыр. Өйткені бұл электр энергиясын сатып алатын шағын компания. Бұл компанияны көмір станциялары арқылы басып тастайды. Осы жалғыз оператор өзінің айналымдағы қаражатының жетпейтінін қорландыруға мүмкіндік алу үшін бізде осындай жұмыс жасайтын боламыз. Ол үшін қор көздерін құрып, басқа да жұмыстар атқарамыз", – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 54 әр түрлі бағыттағы жаңартылатын энергия көзі жұмыс істейді.   

"Олардың жалпы қуаты шамамен 1700 МВт, 2020 жылға дейін өз жоспарымызды 3%-ға бірте-бірте орындайтын боламыз деп ойлаймын. 2030 жылға қарай ЖЭК үлесі 10%, 2050 жылға қарай – 50% болады", – деді ол.

"Жоспарлар бар. Әрине, оны басшылықпен ақылдасу керек. 2020 жылдан кейін "жасыл" экономиканы енгізу қарқынын арттыру керек шығар. 2030 жылға қарай электр энергиядағы ЖЭК-нің жалпы үлесі 10% емес, 15% болу керек. Бірақ мұны есептейтін боламыз", – деді Қанат Бозымбаев.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 300 МВт түрлендіретін 50-ден астам күн және жел станциялары, шағын ГЭС жұмыс істейді.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев



 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу