banner

Кейінге шегерілген сапар

Асқар Момынов Асқар Момынов
3136

Ланкестік әрекет салдарынан Ердоған Қазақстанға келе алмады.

Кейінге шегерілген сапар Фото: tvc.ru

Биылғы жылы Түркия бұрын-соңды бастан кешпеген ланкестік актімен бетпе-бет келді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұл қаласының орталығында Бешикташ ауданында Vodafone Arena стадионының қасында "Бешикташ" және "Бурсаспор" футбол командаларының матчынан соң болған ірі ланкестік салдарынан Қазақстанға сапарын кейінге қалдырды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қайтыс болған адамдар саны 38-ден асып түскен, 160-тан астамы жараланған.

Түрік басшысының Қазақстанға сапары дәл бүгінге жоспарланған еді және екі күнге созылуы тиіс еді. Соның аясында Қазақстан мен Түркия басшыларының екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде және бірқатар шартқа қол қою үшін үлкен баспасөз мәслихаты жоспарланған болатын. Ердоғанның Казақстанға енді қашан келетіні белгісіз.

Еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев түрік басшысына қайғысына ортақтасатынын білдіріп, жеделхат жолдады. Осындай қауіп төніп тұрған алмағайып уақытта Қазақстан Түркиямен бірге халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш салуға дайын екені жазылған жеделхатта. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының атынан және өз атынан қаза тапқандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты, сондай-ақ, зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуін тіледі.

Түркиядағы ланкестік әрекетке байланысты Қазақстанның инвестиция және даму министрлігінің туризм индустриясы департаменті мәлімдеме жасады. Онда министрлік Түркия аумағында жүрген қазақ елінің туристеріне абай болуын және сақтық шараларын сақтауын: адамдар топтасқан жерлерден аулақ жүруге, қажет болмаса, тұрғылықты жерлерінен шықпауға, жерлікіті билік пен туроператорлардың нұсқауларын орындауды сұрады.

Алдын-ала ақпаратқа жүгінсек, ланкестік әрекеттен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов айтты.

"Ланкестіктен құрбан болғандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін Ыстамбұл билігі хабарлады. Бұл нақты ақпарат, бірақ, біз тексеру жүргізіп жатырмыз, мұндайда небір жағдайлар болуы мүмкін", – дейді Әнуар Жайнақов.

 

Күрттердің қолтаңбасы

Қайғылы оқиғаға байланысты Түркия президенті халыққа арнайы мәлімдеме жасады.

"Ланкестік шабуыл қауіпсіздік күштерінің қызметкерлеріне және бейбіт халыққа қарсы бағытталды. Ланкестердің мақсаты – жойқын соққы беру. Өкінішке қарай, соның салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Алла құрбандарды рақымына бөлесін. Зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуін тілеймін. Ланкестіктен өткен сорақылық жоқ, мемлекет пен ұлт оны түп тамырымен жояды, ал қылмыскерлерді жаза күтіп тұр", – дейді Ердоған.

Түркия ішкі істер министрі Сулейман Сойлу жарылыс салдарынан зардап шеккендердің басым бөлігі полиция қызметкерлері екенін айтты. Ланкестікке қатысы бар деген күдікпен оннан аса адам ұсталды. Жарылыстардың бірін жанкешті жасауы мүмкін. Түрік БАҚ-тары таратқан ақпараттарда мина орнатылған автокөлік полиция автобусын соққаны жазылған.

Түрік сарапшысы Абдуррахман Камбуроғлы жарылыстардың сипаты жауапкершілігін "Күрдістанның жұмыс партиясы" өз мойнына алатын ланкестік әрекеттерге ұқсайтынын айтты. Мемлекеттік прокуратураның бас басқармасы ланкестік әрекеттің мән-жайын тергеп жатыр.

Болған оқиғаға қатысты солтүстік атлантикалық альянс та қалыс қалмай, мәлімдеме жасады. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столенберг ланкестермен күресте Түркияға қолдау көрсететінін білдірді.

Іске аспаған мемлекеттік төңкеріс қақтығысты шиеленістірді

Айта кету керек, биылғы жылы Түркия бұрын-соңды болмаған ғаламат ланкестік әрекеттің толқынымен бетпе-бет келді және бірінен соң бірін басынан өткеріп жатыр. Радикалдардың ерекше белсенділігі мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысынан кейін өршіп кетті. Ердоған орайы келмеген бүлікті ұйымдастырған деп баяғы қарсыласы, дінтанушы, теолог ғалым Фетхуллах Гюленді айыптаған болатын. CNN Turk эфирінде сөйлеген сөзінде Режеп Тайып Ердоған төңкеріске дем беруші әлдебір құрылымның барын айтты. Алғаш рет бұл пікірді түрік басшысы 2013 жылы айтқан болатын. Сол кезде ол шенеуніктерді Гюлен жетекшілік ететін "Хизмет" қозғалысымен байланысы бар деп айыптаған.

Түркияда басталған тазалау шаралары, ондаған әскериді, ЖОО профессорларын, шенеуніктерді, соттар мен прокурорларды жұмыстан босату – түрік қоғамының екіге бөлініп, Ердоған қарсыластарының көбеюіне әкеп соқтырды. Жалпы ахуалға Сириядағы соғыс жөніндегі Анкараның ұстанымы да ықпал етеді. 30 қарашада Ыстамбұлда өткен парламентаралық Иерусалим платформасының симпозиумында Ердоған түрік әскері Сирия аумағына Башар Асадтың тәртібін жою мақсатында кіргенін айтқан.

"Түркия Сирия аумағына әскерін бір мақсатпен кіргізді – Башар әл-Асадтың билігін жою. Сириядағы қан қақсаған соғыстың кесірінен шамамен 1 млн адам қаза тапты. Онда әлі күнге дейін ерлерді, әйелдер мен балаларды өлтіріп жатыр және ешқандай да Біріккен ұлттар ұйымы мұны тоқтата алмай отыр... Біз сабырға шақырдық, бірақ, бұдан әрі шыдауға болмайды. Сондықтан, түрік әскері "Азат сирия әскерімен" бірге Сирияға кірді. Түркия Сирияның жеріне қол сұғайын деп отырған жоқ, бар болғаны, әділ биліктің келгенін қалайды, жер шын иесіне тиесілі болсын. Біз жергілікті халықты қорқытып-үркітіп ұстап отырған Асадтың билігін тоқтату үшін кірдік", – деген болатын Ердоған.

Түркияның Сирия серіктестігіне қатысуы Мәскеуді ғана емес, ДАИШ өкілдерінің де қытығына тиеді, олар да Ердоған секілді Сириядағы билікті орнынан тайдырғысы келеді, алайда, Анкара сияқты ол аумақта да зайырлы билікті емес, діни билікті орнатуға мүдделі.

2016 жылдың 5 қарашасында ДАИШ түріктің Диярбакыр қаласындағы жарылысты өз мойнына алған болатын, онда сегіз адам қаза тапқан, оның ішінде екеуі полиция қызметкері. Ол кезде мина орнатылған машина халық тығыз орналасқан ауданда жарылған еді, мыңдаған адам жарақаланды.

"Түркиядағы ең ірі ланкестік акт – Ыстамбұл әуежайындағы жойқын жарылысқа жауапкершілікті де ДАИШ өз мойнына алған болатын. 2016 жылдың 28 маусымында кешкісін үш жанкешті ланкес Ыстамбұлдағы Ататүрк әуежайына шабуыл жасады. 40-тан астам адам қаза тапты, 200-ден астамы жараланды. Шабуыл жасағандардың біреуі әуежайға кіре берісте Калашников автоматынан оқ жаудырды, содан соң өз-өзін жарып жіберді", – деп хабарлады Түркияның әділет министрі Бекир Боздаг.

Тұрақсыздықтың үш факторы

Сарапшылардың айтуынша, қазір Түркияның қауіпсіздігіне негізгі үш фактор қауіп төндіріп тұр. Біріншіден, мемлекеттік төңкерістен кейінгі саяси шиеленіс. Екіншіден, күрттермен мәселенің шешілмеуі және ДАИШ. Үшіншіден, Ердоғанның ДАИШ-ке шамадан тыс жалбақтауы және Түркияны діни сипатқа қайта қалыптастыруға деген талпынысы.

Тарихшы Айше Хур: "Түрік басшысы Халифатты қайта қалпына келтіру идеясына қатты құштар, бұл қауіп тудырады. Ердоған Кемал мемлекетінің мәдениетіне көз жұмып, ислам империясының дәстүрлеріне дем беріп отыр. Заңды түрде патша болу үшін Осман руынан шығу қажет. Сондықтан, мұнда халиф мәртебесі орынды. Ол үшін Ердоған ислам әлеміне жақын дәстүрлер мен салт жоралғыларға бас ұрады", – деп қадап айтты.

Түркия зерттеу орталығының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Ильшат Саетов, Ердоған ешқашан мұсылман көшбасшысы болу үмітін жоғалтпағанын айтады. Оның әрекетінің көпшілігі әлем мұсылмандарының көңілінен шығуға бағытталған. Ол Шимон Пересті балаларды өлтірді деп айыптады. Бір сағаттан кейін ол көпшіліктің көзінше өз сөзінен жалтарды, араб-мұсылман жағы оған қошемет көрсетті. Ең қызығы сол, Ердоған – "батылдығы үшін" еврей орденін иеленген әлемдегі жалғыз мұсылман. Осы және өзге де әрекеттерінің арқасында Ердоған араб елдерінде, әсіресе, "Мұсылман-бауырларының" жақтаушылары Мысыр, Сирия, Катар, Кувейт, Палестина арасында беделі артты.

Қазақстанға міндетті түрде келеді

Сарапшы, Оңтүстік Кореяның "Ханкук" дінтану университетінің докторы Ровшан Ибрагимов мынаны байқапты, Ердоған ланкестік әрекеттер салдарынан сапарын кейінге қалдыруы бірінші рет орнап отырған жоқ. Мұндай жағдай биылғы жылдың ақпан және наурыз айларында да болған, ол екі рет Бакуге сапарын кейінге қалдырған.

"Ал террорлық актілерге келер болсақ, мұндай әдісті әдетте екі топ: күрттердің террорлық ұйымы және ДАИШ ұйымының ізбасарлары қолданады. Екі жағдайда да террорлық актілердің себебі – Түркияның Сирия аумағында жасаған батыл қадамдары. Түркияның осындай әрекеттерін тоқтату мақсатында ланкестік акт жасалуы мүмкін. Ердоғанның Қазақстанға сапарына келсек, ол, ең алдымен, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға байланысты. Бұл істің болашағы бар, алайда, қазіргі жағдай әлі пісіп-жетілген жоқ. Бұл сапарды Түркияның сыртқы саясатындағы түрлі өзгерістермен байланыстырудың қажеті жоқ", – дейді ол.

Ресей-түрік қарым-қатынастары жөніндегі маман, саясаткер, түркітанушы Александр Сотниченко: "Ердоған Қазақстанға не де болса келеді, тіпті, жақын арада кеп қалуы әбден мүмкін", – дейді. Түрік басшысы үшін бұл өте маңызды, себебі, Қазақстан ШЫҰ, Еуразия экономикалық кеңесінің және ҰҚШҰ көшбасшыларының бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу