banner

Келешектегі өнім кепіл болмақ

2980

АӨК-ні реттейтін заңнамаға енгізілетін түзетулер шаруаларға банкке тіпті сақтандыру полисін салуға мүмкіндік бергелі отыр.

Келешектегі өнім кепіл болмақ

Дамытуға арналған ақша
Парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржановтың дерегінше, агроөнеркәсіп кешені жұмысын реттейтін 30 заңнамалық актіге, 10 кодекс пен 20 заңға өзгеріс енгізілмекші. Бас-аяғы 570 түзету бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығымен айналысушыларға арналған қаражатты қолжетімді етуге басымдық жасап отыр. Қайтарымсыз көмектің көлемі барынша қысқаратыны қазірден-ақ белгілі. Ауылшаруашылық өнімін экспорттаушы алдыңғы қатарлы әлем елдеріндегідей енді АӨК кәсіпорындарына несие мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жанама көмек түрінде көрсетілетін болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығын қолдаудың бұл түрін ДСҰ талаптары аясында шектеусіз көрсетуге болатынын айтады.

АӨК кәсіпорындарын несиелеуге екінші деңгейлі банктер тартылмақ. Биыл АШМ негізгі қаражатты толтыруға арналған несиелердің мөлшерлемесін, сондай-ақ ауылшаруашылық техникасы мен ауылшаруашылық малдары лизингін субсидиялауды қайта қолға алған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиевтің келтірген ақпары бойынша, биылғы жылдың тоғыз айында 50 млрд теңгеге 2600 техника сатып алынған. Жыл соңына дейін бұл көлемді 70 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Былтыр 43 млрд теңгеге техника сатып алынған екен.

АӨК-ні қолдаудың жаңа саясаты аясында бюджеттік қаражаттар несие түрінде беріледі. Компаниялар ақшаны өндірісті кеңейтуге немесе жаңғыртуға, сондай-ақ техника мен жабдықты жаңартуға немесе мал сатып алуға жұмсау керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі әр гектарға берілетін субсидияны келесі жылдан, ал мал шаруашылығының өнімділігін субсидиялауды 2020 жылдан бастап алып тастайтынын айтты. Осылайша қазіргі қолданыстағы 54 субсидиядан тек 34-і ғана қалады. Олардың өзі барынша қысқартылып, автоматтандырылады.

Кепілге қағаз қойылады
Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-тегі басты проблеманың бірі – банктер үшін өтімді саналатын кепілзаттық базаның жоқтығы екенін мойындап отыр. Ал бұл банктердің несие портфеліндегі ауылшаруашылық саласы кәсіпорындарының үлесін төмендетті. Ақшаның қолжетімділігін электронды аграрлық қолхаттар есебінен ұлғайту жоспарлануда. Оларды вексельмен теңестіреді. Бұл қағазды алдағы жиналатын астықтың есебінен кепілге қоюға болады. Бірақ ол қолда бар жердің ауданымен бекітілмек. Берік Бейсенғалиев егер фермердің 1000 гектар жері болып, ол бір гектардан 10 центнер астық алатын болса, онда астықтың 30-40%-на дейін барынша шығаруына болады деп мысал келтірді. Сонымен қатар электронды қолхат жүйесіне қажетті шектеулер енгізілмек.

Еліміздің сақтандыру саласына жаңа тәсілдер енгізілгеннен кейін, халықаралық сақтандыру компанияларын тарту көзделіп отыр, Олармен қазірдің өзінде ынтымақтастық жасаудың түрлері талқыланып жатыр. Осы орайда ауыл шаруашылығы министрлігі сақтандыру полисі ЕДБ-дан қарыз алу үшін қосымша кепіл болуы мүмкін дегенді айтып отыр.

"Біз міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға және сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшеміз. Қолданыстағы жүйенің тозығы жетті. 2009 жылдан бері заң өзгермеген, ал тарифтер сол кезде белгіленген. Өтемақының нормасы аз. Бұл ретте өндірушілер сақтандыру жағдайы орын алғанда сол аз шығынды жаппайды. Былтыр небәрі жеті миллион гектар ғана сақтандырылған. Ал қалғандары айыппұл төлеген жеңілірек деп шешсе керек", – деп вице-министр жағдайды сипаттап берді.

Бұл ретте министрлік несие серіктестіктерінің жұмысының тиімді екенін мойындап отыр. Қазіргі таңда елде 190 несие серіктестігі бар. Олардың портфелінде 100 млрд теңгеден артық ақша бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі соманы жинақтап, қаражатты елдің оңтүстігі мен солтүстігі арасына қайта бөлетін орталық несие серіктестіктерін құру қажет дейді. Өйткені оларда егін салу мен жинау мерзімі әртүрлі. Келешекте орталық несие серіктестіктері аграрлық банк болуы мүмкін.

Өзіңе-өзің көмектес
Сонымен қатар бюджеттік шығындардың бір бөлігін шаруалардың мойнына артып қою жоспарда бар. Өзгертулердің бірін ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі мәлім етті. Яғни бұл жерде әңгіме пестицидтерді сатып алу мен фитосанитарлық шараларды жүргізу жайында болып отыр. Жыл сайын бюджет осы мақсатқа 2,2 млрд теңге бөледі. Оның 700 млн теңгесі дәрі-дәрмекті сатып алуға, ал қалғаны тасымалдау, сақтау және өңдеуге жұмсалады. Берік Бейсенғалиевтің айтуынша бұл қаражатқа өңделуге тиіс 3,4 млн гектар жердің тек 55%-ын ғана өңдеу мүмкін болады. Осыдан шығатын қорытынды – шығындар тиімсіз.

"Ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің пестицидтерді сатып алу мен фитосанитарлық шараларды жүргізуге кеткен шығындарын толық қаржыландырудан арзандатуға көшіру қарастырылып отыр. Тек мемлекеттік қордың жерінде орналасқан карантиндік нысандарды және шегірткелерге қарсы өңдеу жұмысы ғана қалады. Қолда бар қаржыландыру есебінен өңделетін ауданды жүз пайызға дейін жеткізуге болады. Сондай-ақ жыл сайын қаражат бөлінгенде бактериялық күйікпен жойылған ағаштарға кеткен шығынның орнын толтыруға қажет соманы беру жоспарланып отыр", – деп атап кетті Берік Бейсенғалиев.

Парламент мәжілісінің депутаттары бұл ұсынысқа келіспеді.

"Біздің ойымызша, бұл өзгерістер бизнесті қайта реттеуге қатысты жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа сәйкес келмейді. Бұл ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге қосымша міндеттемелер жүктейді. Ал ол карантиндік нысандардың таралуына әкеледі, өйткені шаруалардың көбісі карантиндік нысандарды лайықты деңгейде жоюға қаржылық мүмкіндігі жоқ", – деп заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі, мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов өз пікірін білдірді.

Ақмола облысының әкімдігі де бір ұсыныс жасады. Олардың ұсынысы да бюджет шығындарын шаруалар есебінен азайтуды көздейді. Әңгіме малдарды таңбалау мен чиптеуге қатысты болып отыр.

Қазіргі уақытта ветстанциялар аттарды суық әдіспен сәйкестендіруге арналған азотты өздері сатып алады. Сонымен қатар тасымалдау және операцияларды жүргізуге кететін шығынды да аудандық ветстанциялардың өздері көтереді. Ал әкімдіктер осы қиын жұмысты жүргізген кезде мал иелері малдарын белгілеуден өткізуге құлықсыз алға тартады. Сондықтан мал иелерінің жауапкершілігін заңнамаға өзгеріс енгізу, яғни осы қызметті мал шаруашылығымен айналысатындардың өздеріне төлету арқылы арттырмақ. Шаруалар малдарын сәйкестендіруге дер кезінде әкелмейтін болса, айыппұл төлейтін болады. Осылайша бюджеттің қалтасын тағы шаруалар есебінен толтыру көзделіп отыр.

Ветеринарлық қауіпсіздік
Ветеринарлық қызмет құрылымына енгізілетін өзгертулерге аса қарсылық жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдардың қолында отырған бақылау-қадағалау қызметін ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне кері қайтаруды ұсынып отыр. Бұған қоса, облыстық деңгейде ветеринарлық қызметтің вертикалі құрылатын болады. Қостанай облысындағы ветеринарлық басқарма өкілдері бүгінгі таңда аудандық ветстанциялар жергілікті әкімге бағынатынын айтты. Ал өзгеріс енгізгеннен кейін тікелей басқармаға бағынатын болады. Бұл ауру белең ала бастағанда шұғыл әрекет етуге, әртүрлі процедураларды қысқартып, жылдамдатуға мүмкіндік береді. Өйткені ветеринарлар жергілікті жерлерде сол бұрынғыша оңалту жұмыстарымен айналысатын болады.

Ветеринарлық қызметке қатысты тағы бір өзгеріс – ол заңнамалық актілерге шекарадағы ветеринарлық бекеттер фунцианалының бөлігіне қажет өзгерістерді енгізу болуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Омаров шекарада ветеринарлық бақылау жоқ екенін айтты. Ал Ресей жағында Россельхознадзор ветеринария және фитосанитария желісі бойынша алдын ала хабарлау бекеттері ұйымдастырған.

Жер тақырыбы
Бүгінгі таңда мәжіліс депутаттары заң жобасының аясында ерекше қорғалатын жерлерді жер қорына көшіруге шектеу енгізуге тырысып жатыр. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, тек ерекше стратегиялық мәні бар су шаруашылығы имаратын салу мен жұмыс істеуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шекара және қорғаныс қызметі қажеттіліктеріне шектеу қойылмау керек.

Өңірлерде жерді мақсатты қолдану мәселесі тағы көтеріліп отыр. Қостанай облысының әкімдігі ауыл шаруашылығына пайдаланылмай жатқан жерлерді алып қою рәсімін жеңілдету туралы ұсыныс жасады. Жерді пайдаланылмайтын учаске ретінде тануға берілетін мерзімді екі жылды бір жылға қысқарту ұсынылды.

"Биыл 97 мың гектар жерді сот арқылы алуға талап-арыз берілген. Бірақ небәрі 39 мың гектар немесе 40 пайызы мәжбүрлі түрде алынған. Бұл жерді алу процесінің өте қиын екенін көрсетеді. Мысалға, сот шешімімен "Талап Астық", "АӨК Жер Ана", "Қоныспай-Агро" ЖШС-ның Жетіқара және Камысты аудандарындағы төрт жылдан бері пайдаланылмай жатқан 38 мың гектар жерлерін мәжбүрлі түрде алу туралы талап-арыз қанағаттандырылмай тасталған. Бұл аудандардың экономикасына айтарлықтай шығын әкеледі", – деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гауез Нұрмұхамбетов.

Сонымен қатар пайланылмай жатқан жер иелеріне әрекет етудің тағы бір құралы ретінде жосықсыз жер пайдаланушылармен жасалған жер учаскесін жалға беру келісімшарттарын бұзу бойынша, оның ішінде кепілде тұрған жерге қатысты сот тәжірибесін қайта жаңғырту ұсынылды.

Сондай-ақ әкімдіктегілер "Жайылым туралы" заң нормаларындағы жайылым алқаптарын ауыл шаруашылық айналымына тартуға қатысты бөлігі де дау тудырады деп отыр. Негізінен, әңгіме заңның жайылымдарды пайдалану кезінде бірлескен қызметті жүргізу үшін жайылым пайдаланушылар бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жайылым пайдаланушылар бірлестігін құруға құқылы деген 12-бабы жайлы болып отыр. Тәжірибеде егер бір шаруада мал болатын болса, онда екінші шаруа малы болмаса да жайлымды алып қоюдан сытылып кете алады.

Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу