Келесі онжылдықта әлем не тұтынады

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ауылшаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың болашағына қатысты болжамын жариялады.

26 Тамыз 2018 11:00 Автор: Арыстан Рысбек
Келесі онжылдықта әлем не тұтынады, БҰҰ, азық-түлік , әлемдік сұраныс

Үндістан қазіргіден майды артық тұтынып, сүтті көп ішпек. Африкада тәттіге мұқтаждық артады. Қытайда шошқа етіне сұраныс төмендеп барады. Келесі онжылдықта дәл осы трендтердің әрқайсы ғаламда ауылшаруашылығы өнімдері саудасының бет-бейнесін айқындамақ.

Алдағы онжылдықта әлем нені көбірек тұтынады? Осы сауалға нақты жауап тапқан компаниялар келешекте ұтпақ.

Қытайдың кері қадамы
Осы ғасырдың басынан бері дүниежүзінде бидайдан бастап, етке дейінгі ауылшаруашылығы өнімдеріне сұраныс өркендеп, бұл үрдіс Қытайдың ғаламдық нарыққа толық енуімен тұспа-тұс келді. Осы екі жайтқа 2011 жылы тауарлардың тұтынушыларға уақтылы жетпеуі қосылып, әлемде азық-түлік бағасы шарықтап кеткен болатын. Қытай мен дамушы мемлекеттерде адамдар байи түсіп, қалаларға көшті, шошқа мен тауық етіне, балыққа жұмсалған шығын мөлшері артты. Осыған байланысты, мал азығы, дәлірек айтсақ, жүгері, соя бұршақтары мен өзге де дәнді-дақылдар саудасы гүлденген үстіне гүлденді. Агроөнеркәсіп саласындағы компаниялар мен тауар трейдерлерінің бизнесі өрге басты. Дамыған елдерде сұраныс тоқыраған шақта, бұл кәсіпорындар үшін соңғы жиырма жыл дамушы экономикалардағы сұраныс есебінен сәтті болды.  

Жүгері, қант құрағынан биологиялық отын өндіру саясаты жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы ғаламдануға ұшырап, осы саладағы ойыншылардың өзге елдермен байланысы мен сауда-саттығы күшейді. Талай компанияның табысына табыс қосылды. Украинадан бастап, Уругвайға дейінгі кеңістікте және АҚШ, Бразилия сияқты мемлекеттерде фермерлердің кірісі еселенді. Ең бастысы – Қытайдың агроөнімдерге мұқтаждығы жоғары болды.

Арада жиырма жылдай уақыт өтті. Қытайдың азық-түлікке сұранысы баяғыдай емес. Бірқатар, экономистердің ойынша, бұған Қытай халқының қартайып бара жатуы және оның экономикасы қарқынының баяулауына байланысты ет пен балыққа сұраныстың төмендеуі себепші.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өткен айда жариялаған баяндамаға қарағанда, планетада халқының саны жағынан бірінші орында тұрған Қытайдың әлем бойынша азық-түлікке сұранысы әлі де төмендеп барады.

«Біз шын мәнінде Қытайда сұраныстың төмендеп бара жатқанын байқап отырмыз. Онда тұтыну деңгейі алдағы онжылдықта артады деп ойламаймыз», - дейді штаб-пәтері Парижде орналасқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының азық-түлік саудасы мен нарықтар бөлімінің басшысы Джонатан Брукс «Блумберг» агенттігіне берген сұқбатында.

Африканың сұранысы
Қазір дүниежүзінде кірістің өсімі баяу. Сондықтан, келешекте сұраныс деңгейі жер шары тұрғындары санының көбеюімен анықталмақ. Бірақ, жан басына жан бұрынғыдай тез қосылып жатқан жоқ.

Бүгінде дамыған елдер қатты өңделген азық-түліктің денсаулыққа тигізер зиянына алаңдап отырғанда, кедейшілік бұғауынан шыға бастаған Африка мемлекеттерінде Nestle, Coca-Cola тәрізді компаниялардың өнімдеріне сұраныс артуы мүмкін. Болжамдарға қарағанда, бұл контитентте қант пен көкөніс майы саудасының қарқыны күшейіп, бай елдердегі тәттіге сұраныс өсімінен асып түспек. Дегенмен, Африканың ет сатып алу мүмкіндігі Қытаймен салыстыруға келмейді. Өйткені, «Қара құрлық» елдерінде адамдардың табысы ғасыр басындағы Қытай халқының табысындай жылдам өспей отыр. Аталған баяндамада айтылған тағы бір жайтқа тоқталсақ, Суб-Сахаралық Африкада етті, сүт өнімдерін және балықты жан басына шаққанда тұтыну дәрежесі тіпті төмендеп кетуі ықтимал.

Үндістан Қытайды басып озбақ
Барлық аймақтардың ішінде Үндістанның Қытай тәрізді өсуге мүмкіндігі зор. Ол халқының саны жағынан 2022 жылы Қытайды басып озып, 2050 жылға қарай әлемнің екінші экономикасы атанады деген болжам бар. Бірақ, дінге берік, вегетариандыққа біртабан жақын Үндістанда жануар белогын тұтыну деңгейі жедел өспеуі мүмкін. Дегенмен, экономистердің пікірінше, Үндістан сүт өнімдерін шығаратын компаниялар үшін тиімді нарыққа айналайын деп отыр. Өйткені, 2026 жылға қарай мұнда осы өнімдерді тұтыну деңгейі 30 пайызға артпақ. Алайда, Үндістанда су мен мал азығы тапшы болғандықтан, ауылшаруашылығы соншалықты тиімді сала емес. Сондықтан, бұл оңтүстіказиялық мемлекет сүт өнімдерін шетелден көбірек импорттауға мәжбүр болады. Өзге бір болжамдарға қарағанда, Үндістанда сүт өнімдерімен бірге өсімдік майын импорттау деңгейі де арта түспек.

Экономист-ғалымдардың ойынша, жалпы алғанда, алдағы онжылдық байсалдылығымен, баяу өсімімен, азық-түлік бағасын бақылауда ұстауымен ерекшеленіп, бүкіл әлем тұтынушылары үшін жағымды болуы мүмкін.

Арыстан Рысбек