Келімсектерді кердеңдетпейміз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
5533

Еңбек мигранттарынан Астана қаласының қазынасына 300 миллион теңге түсті.

Келімсектерді кердеңдетпейміз

Таяуда Астана қалалық ІІД көші-қон басқармасы арнайы жеке взводының инспекторы, полиция аға лейтенанты Мейірбек Муталиев бастаған топпен бірге қаланың бірнеше құрылыс нысандарын араладық. Мақсатымыз келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген келімсектерді тексеру арқылы олардың көші-қон туралы заңды қаншалықты сақтап жүргенін анықтау болды.

Рейд біздің таң қалуымыздан басталды. Себебі полиция қызметкерлері тізгін іріккен елорда базарларымен Алаш тас жолы бойындағы қоқыс өңдеу зауытында жалданып жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың бірде-біреуін таппай қалдық. Сонда олардың барлығы қайда қашып, қайда жасырынды?

Тексеріс болатынын қашан, қалай, кімнен білді? Бұл сұрақтарға сақшылар жауап бере алмады. Тек Астанаға келетін еңбек мигранттарының саны аз емес екенін, олардың қарасы жыл сайын еселеніп келе жатқанын жеткізді.

Соңғы 7 айда Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасы 25 мыңнан астам шетел азаматына елорда да жұмыс істеуге рұқсат берген. Келімсектердің әрқайсы айына 2 АЕК көлемінде салық төлеуге міндеттелген.

Нәтижесінде қала қазынасына  300 миллион теңге түскен. Алайда шекара асып келгендердің қулығы мен сұмдығы жоқ емес. Олар көбінесе салықтан жалтаруға тырысады.

"Биыл жүргізілген рейд барысында 6 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Заңды белден басқан 940 азамат сот шешімімен ел аумағынан шығарылды. Еңбек күшін заңсыз пайдаланған 68 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рейд кезінде заңға қарсы әрекет еткен адамдарға 1,8 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл соманың 1,3 миллион теңгесі өндірілді", – деді Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасының басшысы, полиция полковнигі Еркетай Тұтқышев.

Ресми мәлімет бойынша, өткен айда көші-қон заңнамасының бұзылуына қатысты 449 факті анықталған. Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 52 адам, оның ішінде азаматтық сот өндірісінің тәртібі бойынша 1 адам елден шығарылған. Қалған 249 шетел азаматының Қазақстан аумағында болу мерзімі қысқартылған. Іздеуде жүрген бір қылмыскер қолға түсіп, ҚР ҚК-нің 393-бабы бойынша елден аластату туралы сот шешімін орындамаған азаматтарға қатысты 13 қылмыстық іс тіркелген.

Біздің қатысуымызбен өткен рейдте сақшыларға Есілдің сол жағалауындағы "Фестиваль" сауда үйінің ішкі құрылыс жұмыстарын шетелдік азаматтар жасап жатқаны туралы хабар түсті. Жедел қимылдайтын арнайы жасақты ерткен офицерлермен бірге әп-сәтте көрсетілген мекенжайға жетіп бардық. Сыртқы құрылысы ғана аяқталған нысанда ел азаматтары жұмыс істеп жүр екен. Еңбек мигранттары қайда екенін сұраған полиция аға лейтенанты Мейірбек Муталиевке жергілікті құрылысшылар міз бақпастан: "Мұнда бізден басқа ешкім жоқ", – деп жауап берді. Бұл сөздің жалған екенін ұққансақшылар ғимаратты тінтуге кірісті. Жарты сағаттан соң түрік азаматы ұсталды. Ол қалаға жұмыс істеу үшін емес, жеке мақсатпен келген болып шықты.

"Уақытша келдім, бала-шағамды асырау үшін осында жұмыс істей тұрайын деп ойладым. Құрылыс бригадасымен келісімшарт жасасқан жоқпын, олар маған күнделікті ақшамды қолма-қол беріп отырады.Бізге EXРО халықаралық көрмесіне байланыстықыркүйек айына дейін көші-қон карточкасын рәсімдеуге тыйым салынды. Қазір визам дайын тұр, барып, алуым керек", – деді орта жастағы түріказаматы Мехмет Миллат.

Ауызекі уәде нақты дәлел емес. Сондықтан оған сол жерде әкімшілік хаттама толтырылып, келесі күні аудармашы мен заңгерді ертіп, қалалық көші-қон басқармасына баруға тура келді.

Келесі кезекте біз Керей-Жәнібек хандар мен Мәңгілік ел көшелерінің ортасында орналасқан балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне атбасын тіредік. Бұл ғимараттың да сыртқы құрылысы аяқталып, ішкі әрлеу жұмысы жүріп жатқанын көрдік. Құрылысқа жұмылдырылған адамдардың арасында Өзбекстанның Хорезм облысынан келген 5 азамат жүр. Бұларды  бригадир ретінде 1965 жылы туған Майрамбай Хусейінұлы есімді азамат басқарады екен.

"Біздің осы нысанға жауапты Барлыбай Сатылғанұлымен жасасқан келісімшартымыз бар. Сол бойынша әрқайсымызға айына қолма-қол 80-100 мың теңге айлық беріледі. Осында ішкі құрылыс жұмысын атқарып  жатқанымызға 3 ай болды", – деді бригадир.

Бірақ бұл жерден де шикілік табылды. Құрылысшы Майрамбай аканың жанқалтасындағы келісімшартта оған Масаты көшесі, 59 үйде жұмыс істеуге рұқсат берілген. Ал ол мүлдем басқа көшеде еңбек етіп жүр.

"Көші-қон туралы заңды өрескел бұзатындардың қатарында Өзбекстан Республикасының азаматтары көп кездеседі. Заңға қайшы әрекетке барғандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 517-бабының 2,4, 5 тармақтары бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Ал нақты шешімді әкімшілік сотшығарады", – деді полиция аға лейтенанты Мейірбек Сұлтанбекұлы.

Айта кетейік, шетел азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына кіргеннен кейін 5 күннің ішінде ішкі істер органдарында уақытша тіркелуі тиіс. Бұл оларға ел аумағында бір ай жүру құқығын береді. Егер шетел азаматы Қазақстанда бір айдан артық мерзімге қалатын болса, қайта тіркеуден өтуі керек. Бұл шекарасы шегенделген мемлекетте келімсектердің кердеңдеуіне жол берілмейді деген сөз.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу