Кен орнын игеруге жеңімпаз болғандар бонусты төлеуге асығар емес

3358

Маусым айында өткен жер қойнауы аукционында үлестірілген 31 учаскенің 15-інен қазынаға бонус түсті.

Кен орнын игеруге жеңімпаз болғандар бонусты төлеуге асығар емес

Маусым айында өткен жер қойнауы аукционында үлестірілген 31 учаскенің 15-інен Қазақстан бюджетіне қол қойылатын бонус төленді. Бұл туралы инвестиция және даму министрлігінің abctv.kz-тің сауалына берген жауабында айтылды.

"2018 жылдың 22 маусымында инвестиция және даму министрлігі жер қойнауын пайдалануға беру жөнінде аукцион өткізді. Аукцион 31 нысан бойынша өтті. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) ұсынған ақпарына сүйенер болсақ, бүгінгі күні 15 нысан бойынша қол қойылатын бонус толығымен төленген", – деп көрсетілген мекеменің хатында.

Ережеге сәйкес қол қойылатын бонус аукцион өткеннен кейін 20 күн ішінде төленуге тиіс. Аукционда 15 нысанды жеңіп алғандар осы уақыт ішінде жер қойнауын пайдаланудың 31 нысаны бойынша аукционда айтылған 16,9 млрд теңгенің тек небәрі 133 млн теңгесін төлеген.

"Қазақстан Республикасының салық заңнамасы ережелерін, сондай-ақ ҚР қаржы министрлігінің МКД түсіндірмесін назарға ала отырып, жер қойнауын пайдалану құқығын алуға жарияланған конкурста жеңімпаз болған тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасағанына немесе жер қойнауын пайдаланудан бас тартқанына қарамастан, қол қойылатын бонусты төлейді. Осыған байланысты нысан бойынша жеңімпаз, тиісінше қол қойылатын бонусты төлеуші анықталып қойылды. Заңда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы кодексте егер аукцион жеңімпазы қол қойылатын бонусты төлемеген жағдайда қол қойылатын бонустың мөлшері бойынша екінші үлкен соманы ұсынған акционға қатысушыны жеңімпаз деп тану процедурасы қарастырылмаған", – деп көрсетілген берілген жауапта.

Аукцион өтпеді деп саналатын нысандар немесе өкілетті органдар жеңімпазды мойындаудан бас тарту туралы шешім шығарылған нысандар мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына (ЖМҚББ) енгізіледі деп нақтылады министрліктегілер.

"Кодекстің өтпелі ережелеріне сәйкес өндірістік категорияға жататын қоры бар нысандар бойынша аукцион өткізу қарастырылған. Барланатын нысандар "бірінші келген – бірінші алады" қағидасы бойынша қойылады. Сонымен қатар кодекстің өтпелі ережелеріне сәйкес ЖМҚББ-ға алғаш рет енгізіліп отырған барлау нысандарына қатысты  аукцион өтініштерді қабылдау басталған кезден бастап бір ай ішінде бір блокқа екі өтініштен артық түскен жағдайда өтеді. Заңға және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексінде салық заңнамасына сәйкес қол қойылатын бонусты төлемеген тұлғаларды аукционға қатыстыру немесе оларға жер қойнауын пайдалану құқын беруге қатысты шектеу қойылмағанын қосымша хабарлаймыз", – деп түсіндірді мекеме. Бұған дейін abctv.kz хабарлағандай, сауда барысында учаскелердің бірі үшін 6,2 млрд теңге төлеуге уәде берілген еді.

"Аукцион қорытындысы бойынша қол қойылатын бонусын 6,2 млрд теңге деп ұсынған Baiken-Metal ЖШС-ға Үсектегі полиметалл кенін барлау үшін жер қойнауын пайдалану құқы берілді. Қаржы министрлігінің МКД-ның ұсынған ақпарына сәйкес, аталған нысан бойынша қол қойылатын бонус төленбеген", – деп жауап берді abctv.kz-тің сауалына министрліктегілер.

Мекеменің мәліметі бойынша, Үсек кен алаңында барлау жүргізуге шетелдік үлестегі STAR MINERALS ЖШС да таласқан болатын. Инвестиция және даму министрлігінің мәліметі бойынша, учаскеде бекітілген полиметалл кенінің өндірістік қоры жоқ. Мекемеде нысанда қандай да бір заңсыз өндіру жүріп жатқаны туралы ақпар болмай шықты. 

Kaz Minerals Bozshakol компаниясы Ақмола мен Павлодар облысының шекарасындағы Майлы учаскесін барлауға 810 мың теңге шамасында қол қойылатын бонусты төлегенін айта кету керек. Нысанда өндірістік қор болмағандықтан, учаскенің бастапқы төлемі 280 АЕК деңгейінде бекітілді деп түсіндірді министрлік. Алайда инвестициялар және даму министрлігінің мұның алдында таратқан хабарландыруында бұл жерде құрамында алтын және полиметалл бар кен болуы мүмкін екені айтылған еді.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу