Кенді өлкедегі кеншілерге қойылған ескерткіштер тозып тұр

4099

Қарағандыда кеншілер құрметіне қойылған ескерткіштер күтімді қажет етеді.  

Кенді өлкедегі кеншілерге қойылған ескерткіштер тозып тұр

Қара алтынымен аты мәлім Қарағанды жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде кеншілер мерекесін дүркіретіп атап өтіп жатады. Кеншілер қаласының төрінде кеншілерге арнап ұлан-асыр мереке өтіп жатқанда көңілде бір әттеген-ай жылда қылаң береді. Себеп  –  кен өндіруде өлшеусіз еңбек еткен ерлер мен өндірістегі апаттарда шыбын жандары қиылып кете барған боздақтарға арналған ескерткіштердің жадау күйі. Бүгінде қала сыртында кеншілер ескерткішінің барын қала тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейді. Олардың орнын өндірісте жүріп қаза болған кеншілердің ұрпақтары мен туған-туыстары ғана тұспалдай алады.

Көзден таса болған соң көңілден де кете бастаған сондай ескерткіштің бірі – кезінде №18бис деп аталған шахта аумағындағы кеншілер даңқына арналған. Бұл шахтада 1961 жылы 2 тамызда ұшқыннан тұтанған өрттің арты жарылысқа ұласып, 48 адамның өмірін жалмады. Олардың 42-сі кенші болса, алтауы сол кеншілерді жердің үстіне шығарамыз деп жанұшырып жүріп опат болған тау-кен құтқарушысы еді. Кеңестік кезеңде бұл қайғылы оқиға белгілі бір саясатпен жария етілмеді. Кейінірек, кен орнынан шыға алмаған кеншілер даңқына арнап ескерткіш орнатылған.

Қарағандының байырғы тұрғыны, зейнеткер Зинаида Васильева жылда кеншілер мерекесінде осы ескерткішке гүл алып келеді. Ол сол қайғылы апатта кенші болып жұмыс істеп жүрген інісінен айырылып қалған екен. Қария осы жолы ескерткіш басына келгенде көңілі жабырқап қалғанын айтады. Өйткені кеншілер құрметіне қойылған ескерткіш құлағалы тұр. Ескерткіштің екі қапталына жазылған боздақтардың есімдері өше бастапты.

"Шахтада болған жарылыс әлі көз алдымда. Қаншама өрімдей жастар жер астынан шыға алмай қалды. Бұл ұмытылатын қасірет емес еді. Ал қазір Қарағандының шетінде ешкімге керексіз күйінде қалып қойды. Тым болмаса жарылып, құлайын деп тұрған тұстарын жөндеп, марқұм болған кеншілердің өше бастаған аты-жөндерін қайтадан жазып қоюға болар еді ғой. Кеншілер мерекесінде осы жұмыста өмірін қиғандардың ескерілмеуі мені қатты қынжылтады", – дейді Зинаида Васильева.

Ал Қарағанды алғаш қала болып қалыптасқан орында, яғни қаланың ескі жұртында елеусіз қалған тағы бірі – Иван Костенкоға арналған ескерткіш. Иван Костенко Қарағанды көмір бассейнін алғаш құрушылардың бірі. Оның жетекшілігімен Қарағанды аумағында бірнеше  үлкен кен орындары ашылған. Сол шахтаның бірі Костенко атымен аталатыны мәлім. Бүгінгі таңда осы Иван Костенкоға арналған ескерткіш те адам аярлық күйде тұр. Кен орнында талай жыл тер төккен ардагер кенші Виктор Титоренко Костенко ескерткішіне бұл күнде жақындап келудің өзі мұң болды дейді. Темір қоршауы әлдеқашан қолды болып, айналасына бей-берекет өскен ағаштар оған барар жолды жауып қалған. Білмейтін адам ескерткішті тауып бара алмасы анық. 

"Бұл кезінде ескі қаланың орталығы болған. Қазір мұнда Пархоменко зауытынан басқа ештеңе жоқ. Мұны тіпті қазір туризм нысаны ретінде қалыпқа келтіріп, жөндеп қоюға болады. Қарағандыда Карлаг қана болған деп айтып жатады. Бұл өлкеге кеңестік одақтың өзге елдерінен адамдарды әкеліп, қаланың негізіне айналған көмір өндірісінің қарқынды дамуы үшін жұмыстар жасалды. Тарихтың куәсіндей болған осындай ескерткіштерді керексіз қалдырғаны қалай?!  Жан-жағын ағаш-қурай басып кеткен. Тым құрығанда айналасын тазартып қоюға болады ғой", – деп қапаланады ардагер кенші Виктор Титоренко.

Сөз соңында, қарағандылықтар қаланың атқамінерлері кеншілер мерекесінде ойын-сауыққа жұмсалатын қаражаттың бір бөлігін ұрпаққа өнеге болатын, тарихи маңызы бар ескерткіштерді ретке келтіруге жұмсаса екен дейді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу