Ким Чен Ын 40 жасқа толды. Солтүстік Корея неге үнсіз?

1283

Кейбір сарапшылардың ойынша, бұл күнді ұлттық мереке ретінде тойлауға мемлекет лидерінің анасының жапондық тегі кедергі тәрізді.

Ким Чен Ын 40 жасқа толды. Солтүстік Корея неге үнсіз? Фото: bloomberg.com

2011 жылдың аяғында билікке келгеннен бері Ким Чен Ын елінде абсолюттік билік орнатты деп саналады. Бірақ ол туған күнін марқұм әкесі Ким Чен Ир мен атасы Ким Ир Сен сияқты ресми түрде ешқашан тойлаған емес. Ким Чен Ынның бабаларының өмірге келген күндері – ең үлкен ұлттық мерекелер. Бұл мейрамдар Солтүстікте кейде тіпті әскери парадпен аяқталып жатады.

Дүйсенбіде Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі Кимнің соңғы онжылдықтағы ірі құрылыс жобаларына басшылығын дәріптейтін көлемді мақала жариялады. Сондай-ақ мемлекет жетекшісінің алдыңғы күні қызымен тауық фермасына барғаны хабарланды. Бірақ медиада оның туған күні туралы ештеңе айтылмады.

Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Ким өзін әлі тым жас санауы мүмкін немесе туған күнін тойлау үшін үлкен жетістіктер қажет деп есептеуі ғажап емес. Өзге бір пікірлерге жүгінсек, Ким Чен Ын туған күнін Жапонияда туған анасына назар аудармау ниетімен жасыруы ықтимал.

Кимнің ядролық арсеналды тоқтаусыз күшейтуге ұмтылысы АҚШ-ты Пхеньянға қарсы санкциялар жариялауға әкеп соқты. Соның нәтижесінде және кейіннен пандемияға байланысты шекаралардың жабылуы Солтүстіктің осал экономикасына орасан зиян тигізді деген болжам бар.

"Ким үшін саяси тұрғыдан өзін құдайдай санау үлкен салмақ тәрізді. Себебі ол жас әрі көп табысқа қол жеткізген жоқ", – дейді Сеулдегі Корея ұлттық бірігу институтының сарапшысы Хон Мин АР агенттігіне берген сұхбатында.

Ал Оңтүстік Кореяның Әскери істер институтының сарапшысы Ким Ёль Судың ойынша, Ким Чен Ынның туған күні уақыт өте келе бәрібір ресми мерекеге айналуы мүмкін.

Солтүстік Корея 1948 жылы құрылғаннан бері оған басшылық еткен Ким Ир Сен мен Ким Чен Ир мифологиясында туған күндер айрықша орынға ие болды.

Ким Чен Ынның атасы Ким Ир Сен сәуірдің 15-де, әкесі Ким Чен Ир ақпанның 16-да туған. Бұл күндері халық алып ескерткіштерге тағзым етіп, би-билеп, фейерверк атып, сахнада өнер көрсетеді. Ал кейбір кездері бұл шаралар ауқымды әскери парадқа ұласып, халық алдынан сап түзеген жауынгерлер мен АҚШ пен Оңтүстік Кореяға тойтарыс беруі тиіс қуатты қару түрлері де өтеді.

Ким Ир Сеннің туған күні 1968 жылы 56 жасқа толғанда ресми мереке болып жарияланды. Ал Ким Чен Ирдің туған күні 1982 жылы 40-қа келгенде ұлттық мейрамға айналған екен.

Дегенмен Солтүстік Корея үкіметі ешқашан Ким Чен Ынның туған күні жайлы мәлімдеме жасаған емес. Бірақ елдің Бірігу министрлігінің сайтында Ким Чен Ынның қаңтардың 8-де өмірге келгені айтылған.

Ким Чен Ынның анасы  Ко Ён Хуэй – тегі жапондық биші болған. Ол – Солтүстік Корея басшысының әкесінің үшінші немесе төртінші әйелі болса керек. Демек, Ко бір кездері Корей түбегін отарлаған Жапониямен байланысты және де ол Ким Чен Ирдің бірінші жары болмаған.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, дәл осы екі фактор Ким Чен Ынды туған күнін тойлаудан бас тарттырып отыруы мүмкін.

"Анасының жапондық тегі – Ким Чен Ынның осал тұсы. Себебі бұл жағдай мемлекет лидерінің Пэкту әулетінен екендігін заңдық жүзінде күмәнді етеді. Туған күні ресми мерекеге айналса да Ким бәрібір өзінің өмірге келгені жайлы толық мәлімет береді деп ойламаймын",  – дейді Сеулдегі "Эвха" әйелдер университетінің профессоры Пак Вон Гон АР агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу