banner

Кірпік өсіру де күрделі мәселеге айналды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17461

Астаналық лешмейкерлер кірпік өсіру индустриясына қатысты техникалық реттеу стандарты енгізілгенін қалайды.

Кірпік өсіру де күрделі мәселеге айналды

Жеке кәсіпкер Марина Субботинаның айтуынша, елімізде кірпік өсіру индустриясына қатысты мемлекеттік техникалық реттеу стандарты енгізілуі тиіс. Әйтпесе, біліксіз һәм тәжірибесіз мамандардың салдарынан жапа шегушілер көбейе бермек.

"Осы күні кірпік өсіремін деп барып, ауру жұқтырып қайтатын сұлулар көп. Осылайша олар жұмысына жүрдім-бардым қарайтын тәжірибесіз мамандардың құрбанына айналып отыр", – дейді Марина Субботина.

Оның айтуынша, кірпік өсірудің талаптары ескерілмеген жағдайда қыз-келіншектердің кірпігі күйіп қалады. Көздің айналасы зақымданады. Блифарит ауруына шалдығатын жандардың саны артып келеді. Мұның арты мүгедектікке алып келуі ықтимал. Астаналық лешмейкерлердің дабыл қағуы да сондықтан. Олардың ойы – кірпік өсіру индустриясының имиджін көтеру.

"Қазір үйде отырып бұл кәсіпті серік ететін жандар көбейді. Олар дәрісті интернеттен алады. Ал ғаламторда жақсы да, жаман да бар. Кірпік өсіруден зардап шегушілердің көбеюіне барынша үлес қосып отырған да солар", – дейді жеке кәсіпкер Гүлзат Омарова.

Астана қаласының тұрғындары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, 17-46 жас аралығындағы қыз-келіншектер кірпік өсіруге құмар екен. Сол себепті елордалық кәсіпкерлер Қазақстан лешмейкерлер қауымдастығын құрмақ ниетте. 

Марина Субботинаның сөзінше, ел заңнамасында кірпік өсіру индустриясын реттейтін құжат жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар да қарастырылмаған. Ал іргеміздегі Ресей 2015 жылы аталмыш индустрияға қатысты арнайы стандарттарды бекіткен екен.

"Біз Ресеймен одақтаспыз. Ендеше ондағы нормаларды өзімізге лайықтап әзірлеуге болады", – деген ой айтты елордалық кәсіпкерлер Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында.

Өз ісіне немқұрайлы қарайтын маманның "құрбандығына" айналған жанның бірі – астаналық бойжеткен Маргарита. Оның көзіне зақым келген.

"Біздің елде біліксіз мамандар өте көп. Соның салдарынан кірпік өсіруге ақшаны бір мәрте төлесең, кейін ем-дом шараларына деп тағы да шығынданасың. Оның үстіне кірпік өсірудің зардабын тартқандар қайда, кімге шағым айтарын білмейді. Себебі мұндай жандардың жанайқайына құлақ асар бірде-бір ұйым жоқ", – дейді Маргарита.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі Гүлмира Шажанбаева кірпік өсіруге қатысты арнайы стандарт енгізудің қажеті жоқ деген пікірде.

"Кірпік өсірудің талаптарын ескермеу – денсаулыққа зиян келтіру. Бұл дегеніңіз – қылмыстық жауапкершілік. Ал құқығы бұзылған кез келген адам қажетті дәлелдерді жинастырып, сотқа жүгінеді. Сондықтан кірпік өсіруден зардап шегетін жандарды қорғайтын ұйым жоқ деу қисынсыз. Меніңше, бұл – құқықтық сауатсыздық", – деді Гүлмира Шажанбаева.

Оның айтуынша, кірпік өсіру индустриясына қолданылатын материалдар Қазақстанда шығарылмайды. Демек, сырттан жеткізіледі. Ал шекараның арғы жағынан әкелінетін кез келген тауар арнайы сертифакаттаудан өтуі шарт.

"Яғни, бұл жерде клиент өз құқығын жақсы білуі керек. Әйтпесе, Қазақстанда мұндай мәселелерді реттейтін механизмдер бар", – деп толықтырды өз ойын Гүлмира Шажанбаева.    

Өзге елдерде бұл саланың ілгері дамып кеткені соншалық, кірпік өсіруден әлем чемпионаттары да ұйымдастырылады екен.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент басшысы Сауықбек Қапаевтың айтуынша, кірпік өсіруге қатысты техникалық реттеу стандарттарын қабылдау аса қиын шаруа да емес. Құжаттың дайындалуына кәсіпкерлердің өздері атсалыса алады.

Бастысы комитетке келіп өтініш берсе болғаны.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу