Көл-көсір өнім далада жатыр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3548

Жамбылдық диқан қант қызылшасын қантардың ортасына дейін жинай алмай отыр.

Көл-көсір өнім далада жатыр

Жамбылдық аграршылар қант қызылшасы алқабының көлемі мен тәтті түбірдің сапасын арттыру мақсатында түрлі тәсілді пайдаланып, барлық әдісті қолданып келеді. Бір кездері қантымен атағы дүрілдеп шыққан дәуірді қайта орнатсақ деген ниеті әрине, құптарлық. Дейтұрғанмен, әкімдік қызметкерлерінің нәсібін кәсібінен тауып, диқаншылықпен айналысып жүрген азаматтарды алдап соққандай әрекет жасауы "шаш ал десе бас аладының" керін келтіріп тұр.

Т.Рысқұлов ауданында жылда қант қызылшасын өз шама-шарқынша 2-3 гектар алқапқа өсіріп келген кәсіпкер Болат Испанқұловқа аудандық әкімдік тарапынан ұсыныс жасалады. Ол ұсыныста егістік алқабын 20 гектар жерге арттыру жайы айтылған. Диқан сол егістікке бас-көз болса болғаны, басқасы, яғни қажетті техникамен қамтамасыз етіп, жиын-терімге әкімдік тарапы қолұшын созатын болып келісіледі.

Алайда, келісілген күндер туғанда шенділер ат-тонын ала қашқан. Осылайша, Испанқұловтың ала жаздай баптап өсірген тәтті түбірі сол бойы теңкиіп жинаусыз далада жатыр.

"Жартылай үсіп, бәрі былжырап далада жатыр. Мұны қайда апарамын? Не шыққан шығынымды өтей алмай, не техника жоқ, не аудан әкімдігінен көмек жоқ. Айтсам, техниканы өзің тауып ал дейді. Мен оны қайдан табамын? Көмек береміз деген соң алып, ектім. Енді "қыстың көзі қырауда", қаңтар болды. Қант зауыттары да қабылдауды тоқтатты. Кімге өткіземін, пәленбай ақшаны қайдан табамын?" – дейді диқан Болат Испанқұлов.

Кәсіпкер әзірге 80 тоннаға жуық түбірді өз қолымен жинап қойған екен. Алайда, тең жарымына жуығы қазылмай тағы жатыр.

Әкімдіктегілер бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатқандықтарын айтады.

"Ендігі жағдайда оның тәтті түбірлерін мал бордақылау алаңдарына сатуды ұйымдастырамыз. Басқа да мал брдақылайтын шаруалар бар, солармен өзара келісімшарт жасатып, өзара келісілген бағада сатады. Біз тек соны ұйымдастырып береміз", – дейді Т.Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов.

Осылайша, көл-көсір пайда табамын деген кәсіпкер шенділерге сеніп шығынға ұшырап, еккен егіні малға жем болғалы отыр.

Диқан осы орайда тағы бір мәселенің мәнісін айтып шағымданады. Мамандар тарапынан егуге ұсынылып, шығымы 80 пайыз болады деп уәде етілген қант қызылшасының тұқымы да үмітті ақтамаған. Мақтауы келіскен француздық тұқымның тек 30 пайызы өніп шыққан.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу