Көлік қымбаттайды

4842

Биылдан бастап елімізде өндірілетін көлікке қосымша құн салығы салынады.

Көлік қымбаттайды

Ескі vs жаңа авокөлік

Ескі көлікке қаржы сертификаты беріледі. Ал еліміздің көлік өндірушілері халықты дүрліктірмес үшін үкіметтен қазірден бастап Қазақстанда құрастырылған көлік сатып алған адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрап отыр.

Шаруасы шалқып тұрмаса да, жалғыз атын сайлап мінетін халықтың ұрпағымыз. Осыдан шығар қазір бір отбасында бірнеше көліктің болуы қалыпты жағдайға айналды. Оның үстіне көлік бұрынғыдай байлықтың көрсеткіші емес, қозғалыс құралы ғана болып қалды.

Соңғы жылдары ел азаматтарының ат төбеліндей бөлігі ескі мінсе есі шығатынын түсініп, мақсатты түрде жаңа көлікке ауыса бастады. Қолында қаржысы бар адам  автокөлікті қолма-қол ақшаға сатып алса, енді біреу мәселені несие арқылы шешуге кірісті. Ал басым көпшіліктің осыдан 20 жыл бұрын пайда болған көлікті тізгіндей беруден басқа амалы болмады.

Статистика агенттігінің дерегіне сәйкес, өткен жылдың қараша айында бір Алматы қаласында ғана 10 жыл бұрын шығарылған 4221 көлік тіркеліпті. Ал осы айда барлығы 8175 көлік есепке алынған екен. Дәл осы уақытта Астанада 5287 көлік тіркеліп, оның 2434-і бұдан 10 жыл бұрын қолданысқа берілгені нақтыланыпты. Жаңа көлік міну жағынан Атырау облысының жүргізушілері көш бастап тұрған көрінеді. Мұнда қараша айында тіркелген  2116 көліктің 687-сі 2000-шы  жылы және одан бері зауыттан қарай шыққан екен. 

Ескі темір тұлпарды су жаңасына айырбастау – тиімді ме?

Қазіргі таңда әлемдік көлік өндіруші алпауыт компаниялар автокөліктің  мейлінше үнемді әрі қоршаған ортаға зиянсыз болуына ден қойып отыр. Жасы 10-15 жылға жуықтаған кез-келген көліктің жаңа көлікпен салыстырғанда техникалық талап байқауында бақ сынаса алмайтыны белгілі.

Сондықтан елімізде биылдан бастап ескі көлікті өткізіп, орнына қаржы сертификатын алу бағдарламасы енгізілмекші. Оны көлік нарығына қатысушылар жан-жақты қолдауға әзір көрінеді. "Бағдарлама тез арада жүзеге асуға тиіс деп ойлаймын. Осы арқылы біз қолданыстағы ескі көліктен арыламыз және қайта өңдеу арқылы көлік  құрылысы саласына серпін береміз", – дейді "Аstana Motors" компаниясының атқарушы директоры Антон Афонин.

Елдің көлік нарығына қатысушы компаниялар өткен жылдың мамыр айынан бастап ескі көлікті жаңа көлікке айырбастайтын "Trade-in" бағдарламасын іске қосты. Соған сәйкес көлік саудасымен айналысатын компания ескі көлікті жаңа көлікке айырбастауға қатысты өз талабын қоя алатын болды. Яғни бұдан былай көлік дилерінде ескі автокөліктің техникалық жағдайына қатысты жағдай өзгереді. Ескі көлікті әр компания әртүрлі бағалайтын болады. 

Қазақстан көлік бизнесі қауымдастығының мәліметінше, соңғы 7 айда жаңа көліктің 15% "Trade-in" бағдарламасы арқылы саудаланыпты. Ал Еуропада бұл көрсеткіш жылына 60-70% -ды құрайды екен. "Бұл – өте қолайлы бағдарлама. Өйткені осы арқылы  қолданыстағы көліктің саудасына қатысты нақты мәлімет алуға болады. Бұған қоса бағдарлама арқылы сатылымға шығарылатын ескі көлікті дилер техникалық тексеруден өткізеді. Осылайша көліктің қауіпсіздігі тексеріліп, қоршаған ортаға деген теріс әсері анықталады", – дейді Қазақстан көлік бизнесі қауымдастығының басшысы Алексей Лаврентьев.

Тоқпен жүретін көліктің бағасын арзандатуға болады

Қазақстан көлік бизнесі қауымдастығы басшысының мәліметі бойынша, қазір елде 120 электромобиль бар. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті мүмкіндігінше көбейту қажет. "Тоқпен жүретін автокөлік  үнемді, ыңғайлы. Мұндай көлікті 9 жыл қолдануға кепілдік берілген. Тоқпен жүретін көліктің негізгі бөлшегі – батарея. Ол 15 минутта қуатталады және күші 150 шақырым жолға жетеді", – деді Қазақстан көлік бизнесі қауымдастығының басшысы.

Оның сөзінше, тоқпен жүретін әр 10 автокөлікке 1 қуат бекеті қажет. "Әзірше тоқпен жүретін көліктің бағасы қымбат. Егер оның құны электр қуатымен жүретін көліктің бағасымен бірдей болса, халық жаппай электр көлігін сатып ала бастайды. Бұл осы күнге жетуге ұмтылуымыз керек", – деді Алексей Лаврентьев.

Сөз арасында бүгінгі таңда отандық автодилерлер елде тоқпен жүретін автокөлікті сертификаттау ісін қолға алайын деп жатқанын баяндаған Алексей Лаврентьев болашақта электромобильге арналған батареяны Қазақстанда өндіруге,  сол арқылы электрокөліктің құнын арзандатуға қарай қадам жасалатынын айтты. "Электрокөліктің батареясы көліктің негізгі құнының 37%-ын құрайды. Мұндай батарея өзімізде өндірілетін болса, электрокөліктің бағасы қаншаға арзандайтынын есептей беріңіз", –  дейді Қазақстан көлік бизнесі қауымдастығының басшысы.

Отандық аккумулятор-батареяны қашан көреміз?

Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын Инвестиция және даму министрлігі елімізде литий-йонды аккумулятор өндіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын. 

Қазақстан көлік бизнесі қауымдастығының дерегіне қарағанда, былтыр елде 46712 жаңа көлік пен коммерциялық техника сатылыпты. Көп сатылған көліктің көшін "Toyota" маркасы бастапты. Ал "Lada" екінші орынды еншілепті. Халықтың басым бөлігі 3-5 млн теңге аралығындағы көлікке "құда" түседі екен. 

Айтпақшы биылдан бастап елімізде өндірілетін көлікке қосымша құн салығы салынатын көрінеді. Соның әсерінен жылдың екінші және үшінші тоқсанынан бастап көлік құны қымбаттайды екен. Халықты дүрліктірмес үшін отандық көлік өндірушілер қазірден бастап үкіметтен Қазақстанда құрастырылған көлік сатып алған адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу