Көлік жүргізушілер көгілдір отынға көше бастады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
16527

Жарты жылда ІІМ органдарына газ құрылғысы орнатылған 89 592 автокөлік тіркелді.

Көлік жүргізушілер көгілдір отынға көше бастады

Қазақстан автобизнес қауымдастығы таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде газбен жүретін көліктер саны артып келеді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ІІМ органдарына газ құрылғысы бар 89 592 автокөлік тіркелген екен. Бұл – қаңтар-маусым аралығында тіркеуге алынған автокөліктердің 15,9%-ы. Жалпы, көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,5%-ға артық.

Бүгінде газдың еліміздегі ең қолжетімді отынға айналғанын жақсы білеміз. Қазір сұйық күйдегі сығылған газдың 1 литрі жанар-жағармай құю бекеттерінде 55-80 теңге аралығында сатылады.

Қауымдастық сарапшыларының хабарлауынша, бүгінде Қазақстанның энергетика министрлігі тарапынан реттелетін газдың көтерме бағасының шектік мәні экспорттық газдың құнынан да, шекаралас елдердегі көтерме бағадан да төмен. Аталған факторды, сондай-ақ газбен жүретін көліктер санының артып келе жатқанын ескерер болсақ, автокөлікке арналған газдың бағасы алдағы уақытта айтарлықтай құбылуы әбден мүмкін. Бұл – Қазақстан автобизнес қауымдастығы өкілдері ұсынып отырған болжам.

Қауымдастық жүргізген зерттеу елімізде 3 жылдан артық жүрілген көліктерге газ құрылғылары көптеп қойылатынын анықтады. Мәселен, осы жылдың бірінші жартысында 10-20 жыл жүрілген 30 498 көлікке газ қондырғысы орнатылған екен. Сондай-ақ 3-10 жыл мінілген 27 784 көлік те газға көшіпті. ІІМ органдарына тіркелген көліктердің 24 822-сі 20 жылдан артық жүрілген техникаға жатады. Ал қалған 6 456-сы жүрілгеніне 3 жыл да болмаған жаңа көліктер екен.

Қауымдастықтың есебінше, газ құрылғыларын орнатуға жеке тұлғалар құмар-ақ. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың алты айында 84 660 жеке тұлға көлігіне газ құрылғысын орнатқан екен. Ал заңды тұлғалардың үлесі – 4 932 көлік. Бұл газ құрылғылары орнатылған жалпы көліктердің 5,5%-ы ғана.

"Тіркелген техникалардың 73 008-і – жеңіл автокөлік, 13 694-і – коммерциялық бағыттағы жеңіл техника. Ал коммерциялық бағыттағы ауыр техника мен автобустардың үлесі – тиісінше, 2 273 және 617", – делінген Қазақстан автобизнес қауымдастығы таратқан хабарламада.   

Әсіресе, мұнайлы өлке – Маңғыстау облысының тұрғындары газбен жүретін көліктерді құп көреді. Бірінші жартыжылдықта тіркелген газ құрылғысы орнатылған көліктердің 19 525-і осы өңірге тиесілі. Одан кейінгі орынға Шымкент қаласын қоса есептегенде Түркістан облысы жайғасқан (13 875). Үштікті Ақтөбе түйіндеп тұр (11 383). Сондай-ақ Астанада газбен жүретін 6 031 көлік барын атап өткен жөн. Осы орайда, павлодарлықтар (1 686) мен шығысқазақстандықтар (1 207) көліктеріне газ құрылғыларын орнатуға асығар емес.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы Андрей Лаврентьевтің пікірінше, газ бензин мен дизельге нақты балама болып отыр.

"Газға көшу ең алдымен қаржылық тұрғыдан тиімді. Мәселен, газбен жүретін көлікпен бір шақырымды жүріп өту бензинмен жүретін техникамен салыстырғанда үш есе арзанға түседі", – дейді Андрей Лаврентьев. 

Еске сала кетейік, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 563 416 автокөлік тіркелді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға артық. Алты айда елімізде 27 162 көлік сатылған. Ел тұрғындары арасында Toyota, Lada және Hyundai көліктері сұранысқа ие.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу