banner

Қолөнершілерге кәсіби бизнес серік болады

4217

Қазақстан қолөнерді қазына көзіне айналдыруға кірісті.

Қолөнершілерге кәсіби бизнес серік болады

Бұл үшін салада реформалар мен ұйымдастырушылық өзгерістер жүргізілуге тиіс.

Қазіргі кезде елімізде қолөнершілер палатасы мен қолөнершілер одағы жұмыс жасауда. Бірақ оның алғашқысы негізінен көрмелер өткізуге маманданса, ал екіншісі – өз құрылтайшысы және төрағасы Айжан Бекқұлованың іс-қимылына тәуелді.

Әрине, тұтас сала үшін бұл белсенді қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері аздық етеді. Өйткені бағын ашса, қолөнер ел бюджетіне қомақты қаржы құяр салаға айнала алады. Сарапшылар ішкі нарықта мәселен, домбыра, кәдесый, ағаш астау, құрақ көрпе, ұлттық зергерлік бұйымдар және басқаларына сұраныс артып келе жатқанын алға тартады.

Әйткенмен әзірге, салада не жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер, не өзін-өзі бейресми жұмыспен қамтығандар әрекет етуде. Яғни, төлейтін салығы көп емес.    

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев қолөнершілер қуатты ұйымға бірігулері керектігін атап өтті.

"Көптеген елдерде қолөнершілер ұйымы үлкен ортаны шоғырландырып отыр. Мәселен, Тәжікстанның қолөнершілер одағы 100-ден астам беделді қолөнершінің басын қосады, олардың кәсіби шеберліктерін тұрақты түрде дамытып, өнімдерінің сапасын жақсартып отырады. Тағы бір көршіміз Ресейде 5 миллионнан астам қолөнершіні қамтитын 70-тен артық бірлестік жұмыс жасауда. Қазақстанда қолөнершілікті дамыту үлкен әлеуетке ие. Бірақ бұл үшін саланың басты міндеттерін шешіп, оны мейлінше бизнеске бағдарланған ету қажет", – дейді Олжас Ордабаев.

Осыған орай ұлттық палата өз шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда, ол ісін жаңа бастаған шеберлерге өз өндірісін әртараптандыруға және кәсібінің жаңа бағыттарын ашуға септесуі керек.

Жалпы, бұл салада нәпақасын айырған кәсіпкерлердің мәселелері жетерлік. Олар өз өнімдерін тұрақты түрде ұсынатын алаңға зәру. Әйтпесе, қалалар орталығында кеңсе жалдау оларды тек шығынға отырғызады. Астанада қолөнершілер үшін әкімдік Есіл жағасында, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының жанындағы шағын алаңды бөліп, "Арбат" атады. Бірақ бұл алаң тек жазғы маусымға ғана жарайды. Киіз үйдің жартысы түрінде тұрғызылған дүңгіршектер қысқы ақшұнақ аяз бен бет қаратпас қарлы бұрқасыннан қолөнер туындыларын да, қолөнершіні де қорғай алмайды.

Басында қолөнершілерге ЭКСПО көрме кешені аумағында орын бөлу туралы да идея болған. Бірақ ол аумақты қазір қаржыгерлер мен инвесторлар басыбайлы жайлауда.

Бұдан бөлек, шеберлер бизнестерін кеңейту үшін әлеуетті әрі қалталы серіктес табуға, халықаралық нарыққа шығуға мұқтаж.   

Ал шетелден сұраныс бар көрінеді. Мәселен, бұрынғы отандасымыз Ольга Казанская батыстағылардың номад экзотикасына қызығушылығы мол екенін, тіпті кейбірі көшпелілер мәдениетіне тән әлденені көре қалса, иеленуге ұмтылып тұратынын айтады. Оның үстіне бұрын экзотика болған Жапония, Корея, Қытай секілді жетекші азиялық елдердің өнімдері америкалықтар мен еуропалықтар үшін көзайым болудан қалып барады. Ал көшпелілер туындыларын батыс мемлекеттеріне Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан жеткізеді екен.

Ольга Казанская бұл нарықтың толмағанын біліп, Германияда өз ісін ашыпты. Ол Германияда "Киіз басатын неміс тілді шеберлер қауымдастығы" жұмыс жасайтынын айтады.

"Қазақстандық шеберлер халықаралық деңгейге шыққандары жөн. Басқаны айтпағанда, қазақтың тек ою-өрнегінің өзі "алтын кенішіне" айналуы мүмкін. Ол қазірден батыс нарықтарына енуде. Оюды шағын формадағы кілемдер, жастықтар, көрпелер, жамылғы-пледтер жасауда пайдалануға болады. Қазақ оюларының кейбір элементтері керемет, ғажайып. Бірақ сонымен бірге олар заманауиландырып, өзектілендіруді де қажет етеді. Осы бағытта біз қазақстандық шеберлермен тәжірибе алмасып, технологияны жаңғыртуға әзірміз", – дейді германиялық киіз басу шебері.

Оның үстіне қазіргі кезде шикізат табу жеңілдеген. Мәселен, зергер Бақтияр Артықбаев өз саласында екі мәселе ғана қалғанын айтады.

"Мен ұлттық зергерлік әшекейлер жасаумен айналысамын. Қазақстанда біздің кәсіптің өкілдері тек екі проблемаға жолығады. Оның біріншісі – өнімнің ішкі нарықпен шектелгендігі, яғни біз өз зерлерлік бұйымдарымызды шетелге экспортай алмаймыз. Және бұл қаржының жетіспеушілігіне қатысты емес: қолданыстағы заңнама бойынша бағалы металдарды және зерлерлік әшекейлерді Қазақстаннан сыртқа шығаруға тыйым салынған, кеден тәркілейді. Екінші түйткіл – шикізаттың қолжетімділігіне қатысты. Біз үшін күміс – наубайханашы үшін ұн сияқты. Оларда ұн, бізде күміс болмаса, жұмыс тоқтап қалады. Мен қазір күмісті банктен сатып ала бастадым. Бағасы да сонша қымбат емес. Оған дейін күмістің нарықтан жоғалып кеткен кезі болды, сонда қандай күміс зат тапсақ, әшекейді содан жасауға тура келді", – дейді Бақтияр Артықбаев.

Қазақстандық қолөнершілерге халықаралық ұйымдар да қолдау көрсетуге дайын. Мұны ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат растайды.

"Қолөнер дегеніміз – кез келген ұлттың мәдени мұрасының "жан-жүрегі". Ол мирасты туристерге кең танымал еткен маңызды. Қазақстанға келген саяхатшылар тек тарихи-мәдени нысандар, айтулы ғимараттар мен ескерткіштерді қызықтаумен шектелмей, елдің материалдық-мәдени мұрасымен, дәстүрімен етене танысқысы келеді. Демек, дәл осы салаға "Атамекен" палатасының және мәдениет министрлігінің көңіл бөлгені аса қажет. Бүгінде біз жаһандану заманында өмір сүрудеміз. Қайда барсақ та, бізді барлық жерде ұқсас заттар қоршап тұрады. Ендеше шетелдік меймандар үшін елдегі заттар мен мүліктер жергілікті мәдени мұрадан сыр шертіп тұрғаны маңызды. Сондай-ақ туристер қазақ еліне қатысты бұйымдар мен кәдесыйларды сатып алуға ұмтылады. Олардың көрші Қытайда, не өзге елдерде емес, қазақ елінде жасалуы да маңызды", – дейді Криста Пиккат.

Бизнесмендер өз кезегінде қолөнершілерге қазіргі заманғы өмір үшін керекті заттарды көбірек шығаруға кеңес береді. Мәселен, өткен жылы ЕХРО-2017 жаһандық көрмесі өткенде, Этноауылда белді қолөнершілер өз өнімдеріне қарағанда, жаңа бастаған шеберлер мен студенттердің қолынан шыққан дүниелердің саудасы өтімді болғанын білді. Атай айтқанда, туристер арасында қолдан сурет салынған футболкалар, шағын кәдесыйлар, білезіктер, қарапайым салпыншақ-сырғалар секілді күрделі емес әрі арзан тауарлар ең үлкен сұранысқа ие болған. Ал көркемдік деңгейі жоғары, авторлық және тиісінше қымбат туындылар өз сатып алушысын ұзақ күткен.

Сол себепті тәжірибелі бизнесмендер қолөнершілерге еліміздегі және шетелдегі бұқаралық сауда үшін ұсақтау әрі арзандау заттар жасауды, ал көп еңбектенуді қажет ететін дүниелерді тек тапсырыспен дайындауды ұсынады.

Айтқандай, интернет сайттар немесе Инстаграм секілді әлеуметтік желілер арқылы сату жәрмеңкедегі саудамен тіпті бәсекелесе де алмайтыны, тым аз тапсырыс әкелетіні де мәлім болды.

Қалай болғанда, саланы жаңа бетбұрыстар мен жаңғырулар күтіп тұр. Ол қолөнершілер секторының табысты бизнес қатарын толықтыруына әкелуі тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу