Көмір экспортының "желкесі қиылды"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3833

Қазақстан өз көмірі үшін жаңа нарықтар тапты, алайда отынды оларға жеткізе алмайтыны анықталды.

Көмір экспортының "желкесі қиылды"

Былтырғы жылдың басында өткен Үкімет отырысында отандық ірі бизнес қазақстандық көмірдің әлемдік нарыққа еркін шығуына Ресейдің жол ашпай отырғанына шағымданған болатын. Өйткені біздің өнім оған қатаң бәсекелестік орнатуда. Солтүстік көрші 2030 жылға қарай өз көмірі өндірісін қазіргі 400 миллион тоннадан жарты миллиард тоннаға дейін ұлғайту жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Бұл жолда жаһандық ірі өндірушілердің бірі ретінде қазақ елі оған "тамаққа тұрған қылқандай" болып отыр.

Осы орайда энергетика министрі Қанат Бозымбаев "қазақстандық кәсіпорындардың РФ теңіз порттары операторларының қызметіне қол жеткізуде кедергілерге кездесіп жатқанына" дабыл қағып, Премьер Бақытжан Сағынтаевтан "жауапты меморгандарға аталған мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия аясында пысықтап, ЕАЭО туралы келісімге өзгерістер енгізу" туралы тапсырма беруді сұраған болатын. 

Тау-кен өндірушілер және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының басшысы Николай Радостовецтің пікірі де осы арнада тоғысады:

"Ресейлік тарап бұл бағыттағы уағдаластықтарды орындамай отыр. Сондықтан біз Үкіметтен ресейлік тараптың біздің жүктерді кемсітетін ережелерінің енгізілуіне қатысты қатаң ұстаным ұстауға шақырдық. Бұл тек көмірге ғана емес, сондай-ақ бидай тасымалына да қатысты. Егер Ресей кемсітпегенде, отандық көмірдің экспорттық жеткізілімдері жаңа серпін алатын еді", – дейді ол.

Сол себепті, Қазақстан өз көмірінің РФ теңіз айлақтары арқылы транзитін жеңілдетуге тиіс келісім жобасын жасауға білек сыбана кірісті. Астана бір жыл бойы әзірлеген құжаттың бастапқы нұсқасы ресейлік көмір өндіруші алпауыттардың қуатты қарсылығына ұшырап, теріс қорытынды алды. Өйткені ол біздің елімізге арнайы квота бөлгізіп, Ресей арқылы жаһандық "қара базарға" тасымалданатын көміріміздің жыл сайынғы көлемін 14 миллионға дейін арттыруға мүмкіндік беретін. Бірақ Ресей Үкіметі бұған келіспей, биылғы қаңтарда өзінің Көлік министрлігіне құжатты пысықтауға тапсырма берді.         

Келісімнің екінші нұсқасы бастапқыда қарастырылған басымдықтардан тазартылды. Онда қазақстандық көмірді өткізу қабілетіне қарай ресейлік теңіз терминалдарының операторлары арасында бөлу көзделді. Бұдан бөлек, жаңартылған құжатта қазақстандық жүк жөнелтушілер take-or-pay қағидаты бойынша жұмыс жасауға, яғни экспортқа шығаратын көмірі алдында өтініш берген көлемдерден аз болып шықса, ресейлік тарапқа айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұған қоса, Қазақстанның Ресейдегі теңіз инфрақұрылымын дамыту шараларына қаржылай қатысуы, инвестиция салуы қарастырылды.

Біздің Үкімет пен өндірушілер осы шарттармен де жұмыс жасауға дайын болатын. Себебі, Қазақстан көмір өндірісін еселеп арттыра алады, демек, экспорт көлемін де күрт ұлғайтуға мүмкіншілігі бар. Яғни, take-or-pay тәсілінен қорықпайды. Ресейде өз ақшасына терминалдар тұрғызуға және инвестиция құюға да даяр. Себебі, ондай инфрақұрылымды еліміз Қытай, Грузия, Иран, Ауғанстан және басқа да елдерде салуда.

Алайда құжаттың бұл нұсқасы Федералдық монополияға қарсы агенттіктің қатаң сынына душар болды. ФАС (Федеральная антимонопольная служба) "Байкал-Амур магистралі" мен "Транссібтің" Дальний Восток порттары бағытында онсыз да шектен тыс жүктелгенін", "вагондардың тапшылығын", "көмір тасудан "РЖД"-ға аз табыс түсетінін" алға тартты.

Әсіресе, Ресей Энергетика министрлігінің айғайы ащы шықты.

"Қазақ жүк жөнелтушілеріне арналған тасымалдау және тиеп-жөнелту шарттары онсыз да ресейліктерге арналған шарттарға жуықтап қалды. Өткізу қуаттылықтарының тапшылығы сезіліп отырғанда, Қазақстанның көмір транзитін жылына 14 миллион тоннаға дейін арттыруы кесірінен Ресей Федерациясының көліктік инфрақұрылымына түсетін қосымша жүктеме ресейлік көмір экспорттаушыларының бәсекеге қабілеттілігіне теріс ықпал етеді. Және бұл көмірлі өңірлердегі моноқалалардың еңбекке қабілетті халқының жұмыспен қамтылуы деңгейінің төмендеуіне соқтырады", – деп ресми түрде байбалам таратты ол.

Сарапшылардың айтуынша, бір қарағанда, бұл ақылсыздың сандырағына ұқсайды. Себебі, кез келген ел арқылы жүк транзиті тегін өтпейді, әртүрлі алым-салық төлейді. Яғни, аса табысты сала. Мәселен, Елбасы өзге елдерден қазақ жері арқылы басқа мемлекеттерге бағыт алатын транзиттен түсетін табысты 2020 жылға қарай 5 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойды. Қазақстан жүзеге асырып жатқан "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық автокөлік дәлізі, халықаралық темір жол желілері, "Ақтау" және "Құрық" теңіз айлақтары инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту, "Нұрлы жол" бағдарламасын қытайлық "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен ұштастыру, әлем елдерімен жүк транзиті туралы келісімдер бекіту – бәрі-бәрі осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған. Ал солтүстік көрші болса, өзі арқылы өтетін транзиттің ұлғаюынан қорқады.

"Бұл расында, нонсенс сияқты. Бірақ бұл жерде қазір санкция қыспағынан қансыраған Ресейде көнеруі кесірінен, теңіз айлақтарының өткізу қабілеті құлдырап жатқанын, ал жаңаларын тұрғызуға оның қауқары жоқтығын ескеру қажет. Сонымен бірге, Ресей Қазақстанның өзіне бидай, көмір және басқа да нарықтарда қуатты бәсекелеске айналғанын қаламайды. Олардың Кузбасының кокстелген көмірі жарылғыш қаупі жоғары саналады әрі қазандықтардың оттығын шлакка толтырып тастайды. Сол себепті де кезінде кеңес өкіметі ресейлік стансаларды қазақстандық көмірге лайықтап салды. Сол себепті де қазіргі кезде Еуропа елдері, Жапония қазақстандық көмірді сатып алуға ынтығуда. Олардың бұл ұмтылысын тойтарудың жолы ретінде Ресей қазақстандық өнімді оларға жеткізбей, жолын мейлінше жауып тастау тактикасын ұстануда", – дейді экономист Еламан Жандосов.

Бәрін айт та бірін айт, ақыр соңында Ресей одақтасы ұсынған келісімнен бас тартуға ұйғарды. Ресейлік "Коммерсантъ" басылымының хабарлауынша, Мәскеу мен Астана қазақстандық көмірді Ресей арқылы тасымалдау және ресейлік порттарда тиеп-жөнелту жөніндегі үкіметаралық келісімді бекітпеу туралы "ортақ шешімге" келген. Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл шешім 27 шілде күні Мәскеуде өткен Еуразия үкіметаралық кеңес отырысының жабық бөлігінде қабылданыпты. Нақтырақ айтсақ, Ресей тарапы бұл келісімді бекіту РФ көмір саласына нұқсан келтіретінін айтып, біздің Үкіметті өз шешіміне көндіріпті.

Осылайша, бәрі бұрынғы таз-кепеш қалпында қалды, ештеңе өзгермейді. Николай Радостовец бұл жағдайдың қиындығын түсіндіреді. Оның айтуынша, кей айларда, мысалы қыс аяқталатын тұста, жыл басында қазақстандық көмір Ресей жері арқылы еркін өтеді. Алайда жылыту маусымы таяп, әлемде, әсіресе, Еуропада көмірге деген сұраныс артқанда ресейлік тасымалдаушылар өз экспортын өрістетіп, қарқындарына қарқын қосады. Міне, осындай табысты айларда көршінің көлік-тасымал инфрақұрылымына шектен тыс жүк түсіп ("пик"), олар қазақстандық жүк жөнелтушілерді вагондардан, порттар қызметтерінен, теңіз тасымалынан қаға бастайды. Әлгі келісім осы кесір тәжірибеге тоқтау салу үшін қажет болған көрінеді. 

"Бізде енді кез келген мезетте ресейліктер "Әрі тұр! Сендердің жүктеріңді тиемейміз!" деп тағы да ығыстыра салмасына еш сенім де, кепіл де жоқ", – деп қынжылады Қазақстанның Тау-кен өндірушілер және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының басшысы.

Рас, Мәскеу "Ресейдің теңіз айлақтарын сатып алу арқылы Қазақстанның айлақтық активтерге қол жеткізуіне ешқандай да кедергі жоқтығын" дәйек ретінде келтіреді. Бірақ бұл ретте стратегиялық ірі порттарын әзірге сатқысы жоқ. Бірақ басқасын алуға болады. Мәселен, Қазақстан биылғы сәуірде Ленинград облысындағы Высоцк портын сатып алды. Балтық жағалауында, Ресей-Финляндия шекарасынан 50 шақырым жерде орналасқан бұл теңіз айлағы ресейлік көмірді Солтүстік және Батыс Еуропа елдеріне тиеп-жөнелтуге маманданған.  

Қалай болғанда, әзірге Қазақстан Ресей арқылы 5 миллион тоннадай ғана көмірді экспорттай алып отыр. Бірақ кейде, мысалы, 2016 жылы ресейлік порттар арқылы өткен отандық көмір көлемі 2,98 млн тоннаға дейін құлдыраған.

Елімізде көмір ең үлкен ресурс саналады. Қазір Қазақстанда көмірдің жалпы қоры 162 миллиард тоннаны құрайды. 300-ден астам кен орны барланған. Олардың көбі Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында шоғырланған. Жыл сайын шамамен 100 миллион тонна көмір өндіріледі. Оның басым көпшілігін еліміз өзі тұтынады. Сондай-ақ Ресейге, Орталық Азия елдеріне, бірқатар еуропалық мемлекеттерге экспорттайды. Мысалы, былтыр 3,2 миллион тоннасын 48,4 млн долларға Финляндияға, 673,4 мың тоннасын 43,3 млн долларға Швейцарияға, 369,8 мың тоннасын 50,6 млн долларға Украинаға, 157 мың тоннасын 9,6 млн долларға Кипрге сатқан. Қазақстандық көмірдің Жапонияға экспорты басталды. Қажетті келісімнің "желкесі қиылғанымен", жаңа нарықтарды игеру үшін ел Үкіметінен енді басқа жолдар мен тәсілдерді белсенді жүзеге асыру талап етіледі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу