Көмір тасымалы басталды

Биыл  көмір кеніштерінен 106,5 млн тонна шамасында қатты отын тасымалдау жоспарланған.

05 Маусым 2018 10:04 Автор: Сұлугүл Бакесова
Көмір тасымалы басталды, көмір, тасымалдау, көмір кеніші, Қазақстан темір жолы, ҚТЖ, вагон

Соның 72 млн тоннаға жуығы еліміздің тұтынушыларына бағытталар болса, қалған 34 млн тоннадан астамын экспортқа шығару көзделген.

«Бұл болжамды көлем өткен жылдың тасымал көлеміне қарағанда 3,5% жоғары», – дейді көмір тасымалын ұйымдастырушы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның жүк жұмыстары жөніндегі атқарушы директоры Айдар Исаков.

Оның айтуынша, былтыр 103 млн тоннадан астам көмір тиеліп, алдыңғы жылға қарағанда бұл көрсеткіш 14%-ке жоғары болыпты. Ел ішіне коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді қосқанда 72 млн тоннадан артық көмір тасымалданса, қалған 31 млн тонна қатты отын шетел асқан. Ал биылғы төрт айда 34 млн тоннадан астам көмір тиелген. Бірақ, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 процентке төмен болып отыр. Қазақстандық тұтынушыларға бағытталып 24 млн тоннадан артық көмір тиелген. Ал жыл басынан бері көмір тиеліміне қатысты көлемнің төмендеп кетуіне ЖЭО-ларға бағытталған техникалық көмірге тапсырыстың азаюы себеп.

«Қаңтар, ақпан айларында қатты отынның орта нормативтік қоры 25-30 тәулікті құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 тәулікке артық болып отыр. Оның үстіне, қаңтар айында екі апта бойы сарышұнақ аяз болып, ол да 500 мың тонна көмірдің тиелмей қалуына кері әсерін тигізді», деп жыл басында болған ахуалдан хабардар етті ҚТЖ өкілі.

Қазір жүк тасымалын ұйымдастырушылар  қыста жіберіп алған еселерін қайтаруға білек сыбана кіріскен сыңайлы. Осы ретте, көмір тасымалын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолға алынған? Жылжымалы құрам жеткілікте ме? деген сұрақтарды  «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары Марат Шакеновке қойған едік.

«Біз көмір тасымалын тиімді жоспарлап, тасымал көлемін айларға теңдей бөліп тастау арқылы алдағы жылу маусымы кезінде қатты отынға қатысты туындайтын айғай-шу, дүрлігулердің алдын алмақпыз. Осы мақсатта біз ел аймақтарына шығып, көмір разъездері қожайындарымен, жүк жөнелтушілермен, әкімдіктермен кездесіп, жиындар өткізудеміз. Көмірмен бұл күнде ЖЭО-ларды қамтамасыз етіп жатырмыз. Әкімдіктер де көмір жеткізіліміне бөлген қаржыларын төртінші тоқсаннан, екінші және үшінші тоқсандарға ауыстырды. Коммерциялық көмірдің жағдайын сараптаған тапсырыс беруші мекемелер жылу маусымы басталғанда көмірдің де, темір жол көлігі қызметінің де бағасы көтерілетінін түсініп, қазірден бастап көмір жеткізіліміне тапсырыс беріп отыр. Демек, алдағы жылу маусымында көмір жеткізіліміне қатысты дүрлікпе мәселелер туындамауы керек. Былтыр осы схемамен жұмыс істеп, оның тиімді екеніне көз жеткіздік. Сол себептен, биыл да осы тәсілді қолданып отырған жайымыз бар», – дей келе, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ өкілі ұлттық тасымалдаушы компанияның елдің ішкі сұранысын қанағаттандыруға және әлеуметтік маңызға ие жүктерді діттеген жеріне жеткізуге жылжымалы құрамы жеткілікті екенін, қазіргі таңда осы шаруаға 50 мыңнан астам ашық вагон жұмылдырылып отырғанын жеткізді. 

Сұлугүл Бакесова