Көмірдің тоннасы 3 мың теңгеге дейін арзандайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3603

Электр энергиясы мен газдың, жылу мен судың, ұялы байланыс пен интернеттің бағасы да төмендейді.

Көмірдің тоннасы 3 мың теңгеге дейін арзандайды

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде коммуналдық-тұрмыстық көмірдің орташа бағасы 15 мың теңгені құрайды. Қазір бағаны төмендету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен сатушылар арасында меморандум жасалуда. Бұл жұмыс алдағы екі күннің ішінде аяқталмақ. Осының нәтижесінде қоймалар мен бөлшек сауда орындарындағы баға шамамен 15-20 пайызға, яғни 2500-3000 теңгеге төмендейді деп күтілуде.

"Меморандумның нәтижесінде теміржол қоймаларындағы Шұбаркөл көмірінің құны 15-20 пайызға арзандайды. Қаражыра мен Майкөбе де бағаны төмендетуге әзір", – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек үкімет отырысында.

Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтер де арзандайды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау бағытындағы 32 монополист тарифтерді 20,3 млрд теңгеге дейін төмендетпек.

"Монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтап, оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында жоспардан тыс 33 тексеру басталды. Жақын уақытта жоспардан тыс тағы 24 тексеру жүргізіледі", – дейді Тимур Сүлейменов.

Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглованың баяндауынша, бұдан былай байланыс қызметтері де қолжетімді бола түспек. Ол үшін арнайы әлеуметтік тарифтер әзірленген.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, мемлекет басшысының тарифтерді төмендету туралы тапсырмасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орындалуы керек.

"Облыс әкімдері коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуі керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізу қажет. Мәселен, жыл басынан бері бірқатар өңірде қоқыс шығару тарифтерінің өскені байқалды. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан облысында 30 пайызға, Батыс Қазақстан облысында 46 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 50 пайызға өскен. Сондай-ақ Ақтөбе облысында жолақы бағасы 30 пайызға ұлғайған", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы азық-түлік нарығындағы делдалдарды жоюды тапсырды. Сонымен қатар тұрақтандыру қорларының жұмысын да сынға алды. Өйткені, кейбір өңірдегі тұрақтандыру қорларына азық-түлік сатып алынбаған. Нақтырақ айтсақ, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында соңғы екі айда азық-түлік жеткізілмеген.

Тимур Сүлейменовтің сөзінше, қазір қант, қырыққабат, күріш, тауық секілді азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттауда.

"Қазақстандық қанттың көп бөлігі импорттық шикізаттан өндіріледі. Сондықтан ішкі нарықтағы қант бағасына әлемдегі, оның ішінде Ресейдегі жағдай бірден әсер етеді. Қырыққабаттың бағасы сақтау шығындарына байланысты алдағы уақытта тағы өсуі мүмкін. Күріш бағасының өсуіне жанар-жағармай мен коммуналдық шығындардың көтерілуі себеп болды", – деп толықтырды ұлттық экономика министрі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу