Көмірлі аймақтың жылу мәселесі ескі соқпағына түсті

3529

Қарағанды өңірінің шенеуніктері жылу маусымына сақадай саймыз десе де, олардың құрғақ сөзіне тұрғындар сенбейді.

Көмірлі аймақтың жылу мәселесі ескі соқпағына түсті

Осыдан бірер күн бұрын үкімет отырысында өңірлердің қысқа дайындығын  пысықтаған премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Шахандағы қайғылы оқиғадан сабақ алуымыз қажет деп ескерткен болатын. Онда жылыту маусымына дайындығы нашар өңірлер ретінде Павлодар Қарағанды, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстары аталды.

Қазіргі таңда Қарағанды облысының  басшылығы жылу маусымына дайынбыз  деген ресми жауаптарын айтады. Дегенмен бұған күмән бар, өйткені облыс бойынша жылу маусымына дайындық жұмысы 10 қыркүйекке дейін аяқталуға тиіс. Алайда облыс тұтастай аталған мерзімге дейін үлгермейтін секілді.

Теміртау қаласында жазда жөндеу көрмеген қазандықтың бірі  жылу маусымы басталғанда шыдас бермей қалуы да мүмкін. Бұл шаһарда қақаған қыс ортасында жылу қазандықтары бұзылып, жұрттың бүрсең қағып қалатыны бар. Былтыр қыста жылу жүйесінің бұзылуы тіпті рекордтық көрсеткішке жеткен. Қаңтар айынан сәуірге дейін жылу энерго орталығы жұмысын 23 рет тоқтатқан. Жылу қазандықтарына 16 рет жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы да көмектесе қоймаған. Теміртаулықтардың  зары сол тұста үкіметке дейін жетіп, үлкен шуға ұласқан еді. Үкімет басшысы Арселор Миттал Теміртауға тиесілі екінші жылу энерго орталығына  арнайы барып, осыдан соң компания энерго орталығын ретке келтіру үшін 2,5 миллиард теңге қаражат бөлген. Алайда биыл жаз айында аяқталуға тиіс жөндеу жұмыстары бітпей, ол 15 қарашаға дейін созылып отыр.

Теміртау тұрғыны зейнеткер Анна Масленникова қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа қорқынышпен қарауда. Қария "соңғы алты жылдың  қысында баспанада жаурап отырдық, енді биыл бәрі жақсы болады дегенге сенбеймін. Былтыр қыста мүлдем суық болды. Түнгі уақытта қатып қалмау үшін бөтелкелерге ыстық су құйып жан жағыма көрпемен қымтап жататынмын"деп өткен қыстағы бейнетін еске алады.

Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цой болса "ешкім де жылу қазандықтары мүлдем  істен шықпайды деп кепілдік бере алмайды.Дегенмен біз биыл жылу жүйесінің тоқтап қалуын азайту үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз", – дейді.

Ал Шахтинск  қаласындағы  жылу мәселесінің  де шешіліп тұрғаны шамалы.Бұл қаладағы жылу энерго орталығына  көмір тасымалдау тек 10 қыркүйектен ғана басталады.

Орталық көмір тасымалдаушыларға 115 млн теңге қарыздар, сол себепті олар көмір жеткізгісі келмеген.

"Бұл қарызды 2018 жылдың сәуіріне дейін төлеуге қатысты кредиторлық келісім жасалды. 30 млн теңге 2017 жылдың желтоқсанына дейін төленеді. 85 млн теңге сәуірге дейін аударылмақ. Осыдан соң ағымдағы жылдың қыркүйегінің екінші он күндігінен бастап  көмірді тасымалдау бойынша келісім жасалды, бұл проблема шешілді", – деп сендіреді Шахтинск жылу энерго орталығының  директоры Ерлан Шаймағамбетов.

Естеріңізге сала кетсек осы Шахтинск қаласына тиесілі Шахан кентінде биылғы жылдың 1 қаңтарында тұрғын үйде орналасқан жылу қазандығы жарылып, соның салдарынан  тоғыз адам көз жұмған еді. Бүгінде  биліктегі атқа мінерлер Шахандағы үй ішінде орналасқан жылу қазандықтарының жартысын сыртқа шығардық,  қауіп сейілді  деген мәлімет берген болатын.

Ал Қарағанды облысында  жылумен қамтуға келгенде басынан проблемасы арылмайтын қалалардың бірі – Саран болып тұр. Соңғы он жылдай мұндағы жұрттың қыста бойлары бір жылыған емес. Саранда орталықтанған жылу жүйесі болмағандықтан, үйлер жеке жылыту қазандықтарымен жылытылады. Осы жылыту қазандықтары жылуды толық бере алмай қыс бойы дүйім жұртты шулатып келеді. Бұл мәселені шешу үшін билік бұл қалаға орталықтандырылған жылу желісін салып бермек болған. Алайда бұл мақсатқа жету де оңай болмай тұр. Өйткені  орталықтанған жылу қазандығының салынып жатқанына тоғыз жыл болды. Құрылысына бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінген бұл нысан осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілуге тиіс еді. Енді облыстық құрылыс басқармасы мердігермен соттаспақшы. Ал жылудан жапа шеккен сарандықтарды биыл тағы да қытымыр қыстың үйдегі ызғары қинайтын түрі бар.

Қазіргі таңда 80 пайыз көп қабатты тұрғын үйлер жылу маусымына жүз пайыз дайын деген акті алулары қажет. Алайда облыста барлығы бірдей ол актіге қол жеткізе алмайтын секілді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу