Қос боксшы, бір әнші...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4301

Кәсіпқой бокс әлемінде қызықты жекпе-жектер өтіп, Қазақстанның күрзі жұдырықты жігіттері кезекті жеңістеріне қол жеткізді.

Қос боксшы, бір әнші...

Әли Ахмедов
Өткен аптаның аяғында кәсіпқой бокс әлемінде бірнеше тартысты жекпе-жектер өтті. Олардың арасында Қазақстан боксшылары да болды. Соққысы қуатты Әли Ахмедов (10-0, 7 КО) Американың Раунд Рок қаласында (Техас штаты) 10-ыншы рет жеңіске жетті. Бұл жолы ешкімнен таяқ жемеген, яғни әлі жеңіліп көрмеген америкалық Дешон Уэбстерді (9-1, 6 КО) тізе бүктірді.     

Жартылай ауыр салмақтағы 10 раундтық жекпе-жекте Әли басымдық танытты. Қазақстан боксшысы бұл жолы қарсыласын нокаутқа түсіруге тырысқан жоқ. Керісінше жекпе-жекті толық өткізіп, алдағы маңызды айқастарына дайындала беруді көздеді. Өйткені енді осал қарсылас болмайды, 12-раунд тізгін тартпай жұдырықтасуға әзір болу керек.

Сөйтіп төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен Әли өз дивизионында 10 саты жоғары көтеріліп, BoxRec рейтингісінде 46-орынға жайғасты. Әрі өзінің WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы Әлем чемпионы атағын сақтап қалып, NABF белбеуін (Солтүстік Америка чемпионы атағын) олжалады.

Иван Дычко
Ең ауыр салмақтағы Иван Дычко (3-0, 3 КО) үшінші жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын тағы да нокаутпен жеңді. Бұл жолы Хайалиа (Флорида) төрінде өткен айқаста Мексика алыбы Карлос Сандовал (10-15-1, 6 КО) еңгерзедей Иванның шойын жұдырығына төтеп бере алмады.

Негізі бұл жекпе-жек алты раундқа жоспарланған болатын. Бірақ Мексика "Супермені" (лақап аты) біздің Иванға лайықты деңгейде қарсылық көрсете алмады. 27 жастағы Дычко оның мұрнын бұзып, бауырынан ұрып,  қарсыласын жеңілгенін мойындауға мәжбүр етті.

Сөйтіп Иван Дычко кәсіпқой бокс рингіндегі үшінші жеңісіне де қиналмай қол жеткізді. Әрі BoxRec рейтингісінде 653-орыннан 384-орынға көтерілді. Осылай қазақтың "Сары баласы" әзірше осалдау боксшылармен кездесіп, тәжірибесін толықтырып жүр. Маңызды жекпе-жектері алда екенін өзі де, жанкүйерлері де біледі.

Ибрагим Ескендір
Көпшілікке танымал әншіміз Ибрагим Ескендір кәсіпқой бокс шаршы алаңында тұсаукесер жекпе-жегін өткізіп, рингте де "Көк туды желбіретіп, қуат берді". Мәскеуде өткен кәсіпқой бокс кешінде қырғыз Шерғазы Шактановпен кездесіп, екінші раундта нокаутпен жеңді.

Жалпы, бұл жекпе-жек төрт раундқа созылуы керек болатын. Бірақ Ибрагим Ескендір қарсыласын екінші раундта-ақ сұлатты. Негізі қарсыласы осал жігіт емес еді. Аралас жекпе-жектен (ММА) әлемдік жекпе-жектерде топ жарып жүрген. Алайда ол "Көк туды желбіреткен" қазақ жігітіне қарсы тұра алмады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу