banner

Қостанай электромобиль шығаруға дайын

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
30806

Қытайдың JAC электромобилі 2017 жылдың соңында Қостанайда құрастырыла бастауы мүмкін.

Қостанай электромобиль шығаруға дайын

2017 жылдың төртінші ширегінде Қостанайда JAC электромобилінің (ҚХР) бірнеше моделі шығарыла бастайды. Көлік шығаруды іске қосып, өндіріс көлемін белгілегенге дейін Қазақстанда электромобилді жаппай қолдануға жағдай жасау мәселесін шешу қажет, сондай-ақ Қытай тарапымен өнімнің түрі және өзге мәселелер жөнінде қорытынды келісімге келу керек. Бұл туралы abctv.kz-ке Allur Group директорлар кеңесінің (ДК) төрағасы Андрей Лаврентьев мәлімдеді.

"Әзірге биылғы жылдың төртінші ширегіне белгілеп отырмыз, бірақ нақты қанша шығарылатынын сіздерге айта алмаймын, себебі биыл бастысы, өндірісті, модельдерді сертификаттау үдерісін аяқтау қажет және инфрақұрылым, яғни көлік тұратын қуаттау станциялары жөніндегі стандарттардың өзін сертификаттау керек. Бұл үлкен жұмыс. Себебі инфрақұрылым салынбай ештеңе болмайды. Яғни бастапқыда асықпай инфраққұрылымды ретке келтіру керек, содан кейін ғана нақты көлік моделін анықтаймыз. Солай! Егер қызмет көрсету жүйесі де, инфрақұрылым да бір ізге түспесе, бұл көліктерді толық деңгейде пайдалану мүмкін болмайды, электромобильдің рақатын сезіне алмайсың", – дейді ол.

2015 жылдың мамырында Allur Group-қа кіретін "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС Қытайдың Geely автокөлігін құрастыра бастады. Ал одан бір ай бұрын, 2015 жылдың сәуірінде "СарыарқаАвтоӨндіріс" JAC автокөлігін құрастыруға рұқсат алды.

JAC электромобиль жасауға рұқсат беру туралы шешім көлікті қыста Қазақстанның түрлі аймағында сынағаннан кейін қабылдау жоспарланған болатын.

2016 жылдың қазан айында Allur Group Алматы әкімдігімен меморандумға қол қойған болатын, оған сәйкес қалада электрмен қуаттайтын 40 станция орналастыру көзделді.

Андрей мырзаның айтуынша, Қазақстанда және одан тысқары өңірлерде электромобиль сату нарығының болашағы бар. Электромобиль бойынша серіктес іздеуде таңдау неліктен Қытайға түскенін ол былайша түсіндірді: бұл ел – электромобиль шығаратын әлемдік көшбасшылардың бірі.

"Бұл айдан анық нәрсе, себебі мемлекеттің өзі жаңа технологияларды дамытуға ден қойған әлемдегі бірден-бір ел. Жеке инвестор емес, мемлекеттің өзі толық қолдау көрсетіп, жаңа технологияларды дамытып жатыр. Бүгінде Қытай барлық бәсекелесін шаң қаптырып кетті. Сан түрлі сараптамалық бағалауға сүйенсек, 2016 жылы Қытай 0,5 млн электромобиль жасап сатты. 2017 жылы 1,5 млн шығаруды жоспарлап отыр, ал 2020 жылға қарай 5 млн электр көлігін шығаруға ниетті. Қытай – бұл салада қарыштап дамып жатқан ел. Сондықтан мемлекет басшысы бізге бұған дейін жұмыс істеген және осы салада жетістікке жетуге мүмкіндігі бар әрі технология, экспорт нарығын, белгілі бір өндірісін ауыстыруды сөйлесуге дайын брендтерді атады", – деп мәлімдеді Андрей Лаврентьев.

Дәстүрлі жанармаймен жүретін автокөлік өндірісінде бәрі әлдеқайда айқынырақ.

"Бензинмен жүретін көлік бойынша бәрі ойдағыдай. Бұл көліктер сұранысқа ие, халыққа қажет. Мен мұнда еш қиындық көріп тұрғаным жоқ, себебі бұл аяққа тұрған сала. Биыл Қазақстандағы өндірушілердің барлығының жалпы көлемі – шамамен 20 мың автокөлік. Автокөлік өндірісін жергіліктендіруге келсек, биыл бізде тағы бірнеше модельдің өндірісі 30%-ға жергілікті жерге ауыстырылды", – деп баса айтты AllurGroup ДК басшысы.

Бұған дейін инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау Қазақстанда электромобильді жергіліктендіру 50%-ға жетуі мүмкін деген болатын abctv.kz-ке.

"Қазақстан халқы сонда да электромобиль алуын тоқтатқан емес. Мұны көріп отырмыз: былтыр Қазақстанда жүздеген электромобиль сатып алынды. Бұл біз ойлағаннан да тез дамиды. Бұл "айфон" тәрізді: кеше ғана оны ешкім білмесе, бүгін бәрі соны алып жатқанын көресіз... Әрине, егер біз қозғалтқышты игеріп алсақ дұрыс болар еді, ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар, онда жергіліктендіру деңгейі 50%-дан да жоғары болар еді. Жергіліктендіру көлік құнымен есептеледі және батарея көлік құнынан 30%", – дейді ол.

Бүгінгі күні инвестиция және даму министрлігі автокөлік құрастыру саласын дамыту мақсатында жол картасын әзірледі, ол инфрақұрылымды дамытып, жаңа нысандарда қуаттау құрылғысының болуын талап етуді көздейді.

"Стандарт енгізуіміз – алғашқы қадам, себебі инфрақұрылымға, түрлі розетка мен қуаттау құрылғысына және электромобильдің өзіне нақты талап қойылмайынша, осындай күрделі жұмысты бастауға болмайды. Бұл бірінші қадам", – дейді Альберт мырза.

Екінші мәселе өндірістің өзіне келіп тіреледі және Қазақстанда электромобильдерді жасап шығаруда бағаны төмендету мүмкіндігіне байланысты.

"Байқауымызша, батареяларды меңгеріп кетуіміз екіталай. Бұл шапшаң дамып келе жатқан сектор, бір зауыт үшін алаң таңдап жүрген кезде батареяның моделі өзгеріп кетті. Яғни, зауытты салып үлгермей жатып, батареяның өзі ауысып кетті. Ал қозғалтқышқа келер болса, бұл өте қарапайым зат. Қазір бұл мәселені жан-жақты ойластырып жатырмыз. Бірақ осы қуаттау құрылғыларының құрылысы үшін қаржы іздеу керек. Яғни екі мәселе бар. Алғашқысы, барлық әлемдегідей стандарттар енгізу арқылы шешіледі, яғни бір автотұрақта белгілі бір мөлшерде қуаттау құрылғыларын орналастыру талап етілсе болды", – дейді Альберт Рау.

Жаңа нысандардың жайы түсінікті, қуаттау құрылғыларының саны жайлы стандарттар жазылып шыққан соң, нысанның құрылысы осыған сәйкестендіріледі, алайда бұрыннан бар нысандардың жағдайы қиынырақ. Қолданыстағы ғимараттар мен кешендердің иелері жаңа клиенттерді – электромобиль жүргізушілерін тарту үшін қуаттау құрылғыларын орналастыруы мүмкін. Дәстүрлі бензинмен жүретін көліктермен салыстырғанда электромобильдерге кететін шығын әлдеқайда төмен, сондықтан болашақта оны сатып алушы адамдардың саны арта бермек.

"Сенің мейманханаң бар делік, қуаттау құрылғыларын орналастырсаң да, орналастырмасаң да болады, бірақ инфрақұрылымның болғаны артық етпейді. Жалпы, біздің есептеуімізше, 1 км жол жүруге кететін электр қуаты, не дегенмен, бензиннен әлдеқайда арзан. Бірақ бүгінгі күні бірдей модель электромобильдердің құны дәстүрлі автокөліктен 30-50%-ға қымбатырақ. Иә, бензин мен электр қуаты бағасының айырмашылығы есебінен 3-4 жылда ол есесін толтырады, алайда бүгінгі күні бұл көлікті сатып алуға кез келген адамның қалтасы көтермейді", – дейді Альберт Рау.

Қазіргі кезде Қазақстан электромобильдерді енгізу және жасауда шетелдің, оның ішінде Еуропа мен Қытайдың тәжірибесін зерттеуде.

"Біз тәжірибе алмасып, кеңес алатын қытайлық көлік сатып алушыларға қарымақы төлеуге көп қаражат жұмсайды. Біз, әрине, бұған әлі дайын емеспіз. Қытай баға айырмашылығына көп шығындалады. Олардың айтуынша, субсидияны оларға орталық үкімет те, жергілікті билік те береді. Бізге бастапқыда, ең болмағанда, стандарттарды қабылдау қажет", – деп баса айтты вице министр.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу