Қостанайлық түлектер емтихан тапсыруға құлықсыз

5783

2018 жылы Қостанай облысы мектептерінің жартысы ҰБТ тапсырудан бас тартқан.

Қостанайлық түлектер емтихан тапсыруға құлықсыз

Қостанай облысының білім басқармасының мәліметі бойынша, биыл  мектеп бітіргендердің тек 59%-ы, яғни 2858 адам ғана ҰБТ-ты тапсырған. Былтырғы жылы көрсеткіш бұдан да төмен  болған, яғни жалпы мектеп бітірушілердің 53,4%-ы немесе 2226 адам ғана ҰБТ тапсырған екен. Ең төменгі пайыз – Қамысты және Таранов аудандарында, бұл жерде ұлттық бірыңғай тесті мектеп бітірушілердің 40%-дан сәл ғана жоғарысы тапсырған. Сонымен қатар осы аудан түлектерінің Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға деген ықыластары бір жыл ішінде 1%-ға және тисінше 7%-ға төмендеген. Облыстың Қарабалық, Ұзынкөл, Меңдіқара, Қарасу, Сарыкөл деген бес ауданы мен Рудныйда көрсеткіш сәл жақсы. Яғни әңгіме өңірдің жарты ауданы жайында болып отыр.

Жалпы ҰБТ-ға өңірдегі жалпы білім беретін 311 мектептің 277-сі қатысқан. Ал бес мектепте ҰБТ-ға тек бір оқушыдан ғана қатысқан. Тағы жеті мектепте екі оқушыдан қатысқан. Алайда үлгерім бойынша көшбастап тұрғандарда қостанайлық мектептер. Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп пен "Озат" мектебін бітірген түлектер ҰБТ-ны үздік тапсырған үздік мектеп бітірушілер рейтингіне енді. Олардың орташа балы 100-ден жоғары.

ҰБТ тапсырушылар саны азайған аудан мектептерінің нәтиже деңгейі де төмендеп барады. Бұл жағдай шекаралас аудандарда орын алып отыр. Қостанай облысы білім басқармасы атап көрсеткендей, Қарабалық ауданында орташа нәтиже былтырғы жылмен салыстырғанда бір жылда 6,2 балға, Сарыкөл ауданында – 5,2, Федоров ауданында – 4,5, Жетіқара ауданында 2,2 балға төмендеген.

Ресми мәліметке сәйкес, ҰБТ тапсыруда белсенділік көрсетіндер – Қостанай облысының  қазақ тілді тұрғындары көп оңтүстік аудандары. Бұл жерде ҰБТ-ның орташа балы артқаны байқалады. ҰБТ нәтижесі бойынша былтырғы жылғымен салыстырғанда көрсеткіш  Аманкелді ауданында 21,2 балға, Таранов ауданында – 16,8, Жанкелді ауданында – 14,1, Алтынсарин ауданында – 6,5, Арқалықта – 6 балға өскен.

"Мемлекеттік білім гранттарын бөлуді сараптауға қарап, биылғы жылы ҰБТ-ны тапсырған әрбір екінші адам (ҰБТ тапсырған мектеп түлектерінің 45,1%-ы)  грантқа ие болғанын көруге болады. ҰБТ-ға қатысқан 2858 түлектің 1291-і грантқа ие болған. Анықтама үшін айтар болсақ, былтырғы жылы ҰБТ-ға қатысқан 2271 түлектің 33,6%-ы, яғни 764 грант алған. Бүгінгі таңда тегін жоғары білім алуға құқы бар талапкерлердің үлесі 11,5%-ға артқан. Талапкерлер сол бұрынғыша  техникалық және педагогикалық мамандықтарға таңдау жасаған", –  деді Қостанай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Киселёва.

Табиғи үдеріс
Сонымен қатар білім басқармасындағылар білім грантына ие болғандардың үлесінде  былтырғы жылғыдай Білім-Инновация лицейі көшбастап тұрғанын айтты, бұл мектепте ҰБТ тапсырғандардың 91,9%-ы грант алған. Екінші орында 85% көрсеткішпен Жанкелді ауданы тұр. Үшінші орынды 83,3% көрсеткіш көрсеткен Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп иемденген. Ал Аманкелді ауданында түлектердің 72%-ы грант алған. Грантқа ие болғандардың ішінде көшбастап тұрғандар қазақ тілді мектептер, сондай-ақ қазақтар көп тұратын аудандар  екенін атап кеткен жөн

Бұл аспектің маңыздылығы неде. Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінетін гранттардың саны 75%-ға қазақ тілінде оқытуға ұсынылады. Мұндай ақпаратты Қостанай мемлекеттік педагогикалық университет ректоры Еркін Әбіл айтты.

"Гранттар бөлінгеннен кейін, сараптама жасадық. Қазақ тілінде оқытылатын мамандықтарға өту балы орыс тілінде оқытылатын грантқа қарағанда жоғары. Бүгінгі күні студенттердің сексен пайызы қазақ тілінде оқиды. Олар мұны өздері таңдап отыр. Бұл этнографиялық қалыпты үдеріс. Жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқитын студенттер саны азайғаннан, кафедралар да қысқарып жатыр. Мұнда еш жаман ой жоқ. Орыс тілі кафедрасын сақтап қалу үшін "Орыс тілі  мен әдебиеті" мамандығына студенттерді тартып, мақсатты жұмыс жасап жатқанымызға екі жыл болды. Өйткені Аманкелді және Жанкелді аудандарында орыс тілінің мұғалімі жоқ болғандықтан, бізге өтініш жасайды", – деді Еркін Әбіл.

Сонымен қатар ол соңғы жылы орыс тілінде оқытуға бөлінетін гранттар сұранысқа ие болмай қалып жатқанын айтты.

БМЕ-ге дайындалуда
Қостанай облысының білім басқармасы 2018 жылы мыңдаған адам немесе мектеп бітіргендердің жалпы санының 21%-ы оқуға Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдағанын айтты. Былтырғы жылы оның саны шамалы артық болған, арадағы айырмашылық бір пайыз.  

Болашақ мектеп бітірушілерді шетелдік, негізінен ресейлік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын жекелеген фирмалар қазірдің өзінде талапкерлердің алдағы маусымына дайындық басталғанын айтуда. Мысалы, үш жыл ішінде өзін нарықта танытып және қысқа мерзім ішінде Рудный мен Петропавл қалаларында филиалын ашып үлгерген  қостанайлық бір компания оқу жылы басталмай жатып-ақ  кейбір топтарда адам толық екенін айтты. Биология сияқты пәннен бұл жерде тек бір мұғалім ғана береді, ол балаларды ресейлік бағдарлама бойынша оқытады. Биыл оқығысы келетіндердің саны артқаннан кейін ол бір емес, екі топты құруға келіскен. Оның өзінде бірінші топ толық, ал екінші топта бірнеше ғана бос орын бар.

Осы арада, баланы ресейлік жоғары оқу орнына емтихан тапсыруға дайындау үшін аз ақша кетпейтінін айтқымыз келеді. Осы фирманың бағаларына қарайтын болсақ, химия-биология бағыты бойынша (химия, биология, орыс тілі) он ай оқу 290 мың теңге тұрады. Басқа бағыттар бойынша да оқыту осындай. Осы ақшаны төлеген бала орталықта аптасына тоғыз сағат оқиды. Жалпы айтқанда, әр пән бойынша 16 сағат жұмыс істейді. Компания мәліметі бойынша, оқитындардың көбісі ресейлік жоғары оқу орындарының бюджеттік бөліміне түседі.

Сондай-ақ тиімді нұсқалары да бар. Мәселен, Челябинск мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалы оларға түсу үшін дайындықтың ақысы былтыр айына 10 мың теңге болғанын және үш ай жүргізілгенін айтты. Биылғы жылға арналған баға әзірге жоқ, өйткені филиал дайындықты күздің ортасынан бастайды.

Қостанай облысының облыстық мәслихатының "Нұр Отан" партиясының депутаттар фракциясының жетекшісі Екатерина Смышляеваның айтуынша, сонау 1990 жылдардың өзінде өңірге Новосибирск, Челябинск  және Санкт-Петербург университеттерінің өкілдері келетін. Олар көбінесе техникалық мамандықтарға оқығысы келетіндерді іздейтін. Сол кездің өзінде  олар қостанайлық жас физиктер мен химиктерді, математиктерді тоғызыншы сыныптан кейін физика-математикалық мектепте оқуға, содан кейін 11-сыныпты бітіргеннен кейін  олимпиада жеңімпазы ретінде әңгімелесу нәтижесі арқылы университетке түсуге шақырғанын айтты. Ал Қазақстанда балаларға жалпы негізде тест тапсыру керек. Халықаралық деңгейдегі жарысқа басқа да жоғары оқу орындары қосылған.

"Бұл жағдай жаңалық емес, тек жыл сайын оның көлемі мен орны өсіп келеді. Ал біздің көршілердің маркетингтік стратегиясы дамып, нығайып келеді.  Бүгінгі күні біздің балаларға жатақхана, шәкіртақы ұсынып отыр, ал ақылы оқитын болса, қолайлы баға мен оқу үлгеріміне қарай  сараланған тариф ұсынуда.  Осы ұсыныстарға қарағанда біздің оқу орындары таза нарықтық тұрғыдан әзірге ұтылып отыр. Біз білімділер үшін күреспейміз,ол олқылықтардың орны толығады деп ойлаймыз", – деді Екатерина Смышляева.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу