banner

Криптовалюта кеніштеріне "отын" тым көп керек

9879

Электрондық валюта майнерлері арзан энергия үшін Норвегия мен Швецияға көшіп жатыр.

Криптовалюта кеніштеріне "отын" тым көп керек

Қазір әлемде сандық ақшаның мың жарымнан астам түрі бар. Солардың ішінде – биткоин мен эфириумға сұраныс жоғары. Демек, оларды көбірек өндіру қажет. Ал, қай өндіріс болмасын, мол энергияға тәуелді екені белгілі. Бұл мәселе қазір зауыт-фабрикаларды ғана емес, криптовалюта жасаушыларды да толғандырып отыр. Өйткені, оларға да электрондық ақша шығару үшін, ең бастысы, арзан су-электр станциялары мен салқындау климат қажет. Соңғысы – серверлерді қайта-қайта қыздырып алмау үшін керек болып отыр. Әлемде бұл талаптарға қай мемлекеттер сай? Майнерлердің (криптовалюта өндірушілер) ойынша, Норвегия мен Швеция лайық. Сондықтан, "Рейтердің" хабарлауынша, биткоин жасаушылар қазір дәл осы скандинавиялық елдерге көшіп жатыр.

Бүгінде Еуропада энергияның бір киловаты орта есеппен 11 еуроцент болса, Швеция мен Норвегияда – 6-7 еуроцент.

Биткоиндар мен Аргентина энергияны бірдей тұтынады
Криптовалюташылардың қызығушылығы – Швецияның Vattenfall, Новегияның Statkraft энергокомпаниялары үшін жақсы жаңалық. Оларға электрондық монета өндірушілер – бизнестегі мүмкіншілік. Өйткені, майнерлер криптовалюталарды жасау үшін мыңдаған серверді токқа қосады. Демек, оларға көп электр энергиясы қажет болады, екі фирманың өнімі өтеді, табысы артады.

Криптовалюта жасау (майнинг) дегеніміз – биткоиндарды сатып алу және оларды саудалау. Бұл процесс расталған ақша аударымдарын қоғамдық кітапқа (блокчейн) қосып, жаңа электрондық монета өндіріп алуды білдіреді. Майнингке интернетке кіруге мүмкіндігі бар кез-келген адам қатыса алады.

Болжамдарға қарағанда, биткоин өндірушілер биыл 130-ға жуық тераватт сағат энергия жұмсауы мүмкін. Американың "Морган Стэнли" банкінің мәліметінше, бұл Аргентина тұтынатын немесе 2020 жылдардың ортасына дейін дүниежүзі электромобильдерге кететін электр қуатына тең көрсеткіш.

"Біз әлем бойынша энергияның соңына түстік. Электр қуаты көп болса жақсы", – дейді, – Норвегияда эфириум криптовалютасын өндіре бастаған канадалық HIVE Blockchain Technologies компаниясының директоры Оливер Роусси Ньютон.

Ньютон басқаратын кәсіпорын Швецияда криптомайнинг өнеркәсібі үшін энергия көлемін 17,4 мегаваттқа дейін арттынатынын мәлімдеді. Ал, өткен айда ол майнингтік операцияларын кеңейту мақсатында Норвегияның Kolos Norway мәліметтер орталығын 9,9 млн долларға сатып алды.

Сонымен қатар, АҚШ-тың Bitfury деген криптовалюта өндіру компаниясы Норвегияда майнингтік мәліметтер орталығын 35 миллион долларға ашты. Және де осы америкалық фирма бұл мемлекеттің Helgeland Kraft компаниясынан 350 гигаватт сағат таза энергия сатып алып жатқанын хабарлады.

Қытайлық майнерлер де Еуропаға асық
Қазір көптеген биткоин майнерлері арзан гидроэнергия үшін Қытайға да көз тігіп отыр. Алайда, сол Қытайдың криптовалюта шығаратын әлемдегі ең ірі майнері – Bitmain Швейцарияда өз бөлімшесін ашып, Швеция мен Норвегияның потенциалын зерттеуге кіріскен. Жалпы алғанда, дүниежүзінде криптовалюта жасау индустриясының 70 пайызы осы Қытайдың үлесінде. Бірақ, Қытайда сол майнингке қажетті энергия ауаны ластайтын көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-лерден алынады. Сондықтан, қытайлық электрондық ақша шығарушылар электр қуатын басқа елдерден іздеуге мәжбүр.

Цюрихтегі таза энергия бойынша кеңес беретін CBH Consulting AG компаниясының басшысы Марк Коллинздің сөзінше, биткоин шығаратын көптеген майнерлер Норвегияға құштар. Солардың ішінде қытайлық Bitmain де бар. Bitmain’-нің баспасөз хатшысы Нишант Шарма да бұл ақпаратты растай отырып, Еуропа мен әлемнің өзге аймақтарында қызметін кеңейту жоспарын жариялайтынын мәлімдеді.

Жасыл энергия
Зерттеулерге қарағанда, бір биткоинды жасауға 1400-1800 доллардың электр қуаты кетеді екен. Мұндай қаражатты Германияда төрт адамдық отбасы энергияға бір жылда жұмсайды. Демек, криптоваюта өндірушілер де жасыл энергияға адал екенін саяси басшылықтың алдында дәлелдеуге тиіс. Мұндай атомосфераға зиянсыз энергия қазір, әрине, Сауд Арабиясында көп. Ал, Норвегияда су энергиясы жалпы электр өндірісінің 99 пайызын жауып отыр. Швецияда бұл көрсеткіш – 40 пайызға жуық; тағы 40 пайызы – атом электр станцияларының үлесінде.

Еуропада криптоваюталар төңірегіндегі спекуляциялар нарықты күйретеді деген қауіп бар. Жақында мұндай алаңдаушылықты Германияның E.ON, Италияның Enel тәрізді энергетикалық компаниялары білдірді. Осылардың соңғысы биыл ақпанда мәлімдеме жасап, криптовалюта өндірушілерді энергиямен қамтамасыз етуге аса қызығуышлық танытпай отырғанын мойындады.

Дегенмен, Скандинавиядағы жағдай өзгешелеу. Таяуда Норвегия шетелдік компанияларды тарту үшін мәлімет орталықтарын салықтан босату туралы заң қабылдады. Ал, өткен жылы биткоин өндіретін қытайлық Canaan Creative технологиялық компаниясы үшін Швецияда шеберхана ашылды.

"Бұл – энергетикалық компанияларға үлкен мүмкіндік. Өйткені, криптовалюта өндіретін майнерлер электр қуатын тұрақты түрде тұтынып тұрады", – дейді Коллинз.

Бірақ, PwC компаниясының блокчейн жөніндегі маманы Алекс де Врайстің ойынша, криптовалюта өндірушілердің мүмкіндіктері ұзақ мерзімдік болмауы да мүмкін. Себебі, энергияны мұнша тұтына беретін болса, биткоин шығарушылар бизнесі тұрақсыздыққа ұшырамақ. Сондықтан, олар нарықта қаламын десе, келешекте электр қуатын үнемдеудің жолын табуға тиіс.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу